• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Сәуір, 2015

Әлеуметтік жобаларға жол ашық

421 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Тұң­ғыш Президенті – Елбасының Қоры үстіміздегі жылы «Ынтымағы мен бірлігі жарасқан Қазақстан» атты тақырыпта кезекті республикалық әлеуметтік идеялар мен жобалар конкурсын жариялады. Қазақ­стан халқы Ассамлеясы жылына­ арналған конкурстың мақсаты  қоғамды татулыққа топтастыру,­ патриотизмді нығайту, ком­мер­циялық емес қоғамдық ұйым­дар­дың өзекті әлеуметтік маңызды проблемаларды шешуге атсалысуына қолдау жасау болып табылады. Жақында облыс орталығындағы мұғалімдер біліктілігін жетілдіру институтының ғимаратында үкімет­тік емес ұйымдарға арналған оқыту семинарлары мен үздік әлеуметтік жобаларды анықтау үшін тұсаукесер-көрмелер өткізілді. Әлеуметтік жобалар конкурсы 2008 жылдан  ұйымдастырылып келеді. Осы кезеңде оған 100-ден астам түрлі қоғамдық ұйымдар қатысты. Еліміздің кез келген өңірінен коммерциялық емес ұйымдар өз жобаларын конкурсқа жібере алады, егер қажетті талап­тарға сәйкес келетін болса, оларды жүзеге асыруға қаражат бөлінеді. Конкурстың талаптары бойынша қатысушылар өз жобаларына негіздеме ұсынуы, бөлінген қаражатты қалай жұмсайтыны және өңірдің тұрғындарына қандай түпкілікті нәтиже беретіні жөнінде түсініктеме беруі тиіс. Сарапшылардың пікірінше, әлеуметтік идеялар мен жобалар конкурсы әлеуметтік маңызды проблемаларды  шешуге қабілетті белсенді қоғамдық ұйымдардың санын ұлғайтуға, сондай-ақ жоғарыдан күштеп міндеттелген емес, төменнен қолға алынған әлеуметтік бастамаларды жандандыруға жағдай жасайды. Әлеуметтік жобалар конкурсы­ның аймақтық тұсаукесер-көрме­сіне Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыс­тарынан 17 жоба қатысты. Шараны қысқаша сөз сөйлеп ашқан Марат Оспанов қорының президенті Бақыт Ахметқалиева әлеуметік мәселелерді оң шешудегі үкіметтік емес ұйымдардың рөліне тоқтала келіп, олардың қоғам дамуына  серпін берудегі үлесін айрықша атап өтті. Осы мақсатта әлеуметтік жобалар жәрмеңкелерін өңірлерде өткізу бұл бағыттағы жұмыстардың ауқымын кеңейте түскенін тілге тиек ете кетті. Жалпы, қоғамда үкіметтік емес ұйымдар айна­­лысатын мәселелердің көптігін, со­ған белсенділік таныту қажеттігін де әңгіме өзегіне айналдырды. Тұсаукесер - көрме ашылғаннан кейін гранттан үміткерлер өздерінің жобаларын қорғауға кірісті. – Біз «Достық қала – қуатты ел» атты әлеуметтік жобаны жүзеге асырғымыз келеді. Біздің үкіметтік емес ұйым он бес жылдан бері жұмыс істейді. Бұған дейін де көптеген әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып, тәжірибе жинадық. Бұл жоба арқылы қаладағы қоғамдық тәртіптің нығаюына, тұрғындарды қаланың өміріне кеңінен тартуға, жастар мен студенттердің бос уақытын тиімді өткізуге ұйытқы болатындай шаралар ұйымдастыру ойда бар. Қала, тұрғын үй алаңдарында кездесулер, дөңгелек үстелдер, театрландырылған қойылымдар ұйымдастыру арқылы 500-­ден­ астам адамды қамтуға қол жет­кіземіз. Мүмкіндігі шектеулі қолөнер шеберлерінің көрмесін, «Менің сүйікті көршім» конкурсын, автошеру және «Менің кіші Отаным» атты конкурс пен басқа шаралар өткізу арқылы шаһар мәдениетін арттыруға үлес қосамыз. Осындай шаралармен аудандарды да қамтимыз, – дейді «Ақтөбе қаласындағы  сал ауруларына шалдыққан азаматтар құқығын қорғау қоғамы»  қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Бәйменова. Ал, маңғыстаулық  Күрең Медеуова басқаратын «Хазірет» жастар қоғамдық қоры  18-40 жастардағы мүмкіндігі шектеулі қыз-келіншектердің өз ісін ашып, қолөнер бұйымдарын жасап, кәсіпкерлікке бет бұруына мұрындық болады екен. Осы көрмеге де  жүннен жасалған, тоқылған біраз бұйымдар әкеліпті. Олардың арасында тоқыма жейделер, қол сөмке, аяқ киім, және басқа тұрмыстық  бұйымдар бар. Кәсіпкер келіншек  шала туған сәбиге кигізетін байпақтың қасиетін түсіндіргенде таңғалуға тура келді. Бұл байпақты кигізгенде жүн баланың тез дамуына оң әсер ететін көрінеді. Жалпы, мұндай әлеуметтік жобалар жәрмеңкесін өткізу, көрме ұйымдастыру мүмкіндігі шектеулі жандардың өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне, олардың кәсіпкерлікті игеруіне, еңбекпен қамтылуына негіз қалайтынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.