• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
03 Сәуір, 2015

Қостанайда сафлор майы өндірілетін болады

611 рет
көрсетілді

Инвесторлар Қостанай өңіріне жиі атбасын бұратын болды. Жақында облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов пен «Кaz-ir Аgro» Қазақстан-Иран компаниясының бас директоры  Хамидреза Забихоллах Алинагиян арасындағы әңгіме ауыл шаруашылығына инвестиция тарту жөнінде болды. Бүгінде «Kaz-Ir Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сафлор өсіруге және одан сафлор ма­йын өңдеп, күнжара өндіруде маманданып, жақсы табысқа жеткен. Өндіріс Жамбыл облысында орналасқан. Кәсіпорын айына 100 мың литр сафлор майын өңдейді, ал 2017 жылы компания бұл көрсеткішті 500 мың литрге жеткізуді межелеп отыр. Алынған өнім Ресейге, Грузияға, Иранға, Америка Құрама Штаттарына, Қытайға экспортталады. Компания жұғымды әрі емдік қасиеті мол азықты Қостанай өңірінің құнарлы топырағына да егуді ойлас­тырып, инвестиция құюға тәуекел етіпті. Бұрын егін шаруашылығы негізінен астық өндіруге бағытталған Жітіқара ауданында енді сафлор өсімдігі өсірілетін болады. Бұл үшін осы аудандағы Волгоград селосы аумағы таңдалды. Жітіқара облыстағы индустриялық аймақ құрылып жатқан аудан, сондықтан осында сафлор ма­йын өңдейтін өндірістік база да салынатын болады. Алдын ала есептеулер бойынша, май өңдеу зауытын салу үшін 300 миллион теңге қаржы қажет. Оның 50 миллион теңгесін компания өзі салады, қалған 250 миллион теңге несие қаражаты ретінде тартылмақ. Жоспарланған жоба бойынша зауыт тәулігіне 7 тонна май шығарады, кәсіпорын жергілікті тұрғындарға 40 жұмыс орнын ұсынатын болады. Жітіқара ауданы басшылары мен мамандары инвестормен бірлесіп жұмысты бастап та кетті. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.