Ажарлы Астананың айтулы нысандарының бірі – «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығының алдындағы ат шаптырым алаң, ақшаңқан киіз үйлер аққудай тізіле сап құрған әсем ауылға айналған. Астаналықтар мен қала қонақтарының назарын еріксіз аударып, көркімен көз тартқан осынау мереке құшағындағы алаңда «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» атты дәстүрлі көшпелілер өркениеті фестивалінің ашылу салтанаты өтті.
Соңғы 7 жыл көлемінде тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан бұл фестиваль мазмұны терең әрі ауқымды жоба болып табылады. Ал биылғы мерекеде аталмыш фестиваль бұрынғыдан да көрікті, бұрынғыдан да әсерлі мазмұнға ие болып отыр. Биылғы жылы әдеттегі көне қалалар қоршалатын дуалдың орнына көрмеге арналған шатырлы кешен бой көтерген. Яғни, алаңда – абылайша және бес-алты қанат киіз үй тәрізді шатырлармен қоршалған әрі арқанмен тартылған құрылыс түріндегі қалашық көз тартады. Көшпелілер өркениеті көрініс берер алаңға кіреберіс қақпа алдында қазақ батырлары мен арулары сап түзепті. Бойлары 2 метрден асатын таудың тасындай кілең жігіт сырттандары мен қос етек көйлектері жер сызып, белдері қылдай бұралып, сәукелелерін сыңғырлатқан сұлулар фестивальға келген қонақтарды риясыз көңілмен қарсы алуда.
Биылғы жылғы фестивальдің тағы бір ерекшелігі, ат үстіндегі тарихи қойылымдарға арналған алаң болмайды. Оның орнына ат құлағында ойнайтын шабандоздардың өнер көрсетуіне 1600 шаршы метр аумаққа құм төселген арнайы алаң жасалыпты. Сонымен бірге, «Жел жеткізген естелік» инсталляциясы мен әдет-ғұрып голографиялық театрына арналған шар тәрізді кешен келушілердің назарына ұсынылған. Қос қанатта аққудай тізілген киіз үйлерде қазақ халқының ұлттық жәдігерлері, музыкалық аспаптары, киімдері және басқа бұйымдары қойылған. Балалар шағын алаңда киізден жасалған бұйымдарды тамашалап, ұлттық ойындар ойнайды. Ересектер қолданбалы өнер бұйымдарының жәрмеңке көрмесін аралап, кәсіби мамандардың шеберлік сағаттарына қатыса алады. Келушілер қазақ халқының ұлттық тағамдарынан дәм татып, ат үстіндегі өнерді тамашалайды, қазақтың ғұрыптық әндері мен эпикалық жырларын тыңдайды.
Сөйтіп, Қала күні мерекесінің аса бір мазмұнды көріністерінің бірі болып табылатын көшпелілер өркениеті фестивалі аясында мынандай шаралар ұйымдастырылады: Әдет-ғұрып голографиялық театры. Негізгі ұстанымы нағыз актерлердің виртуалды нысандар мен өзара қарым-қатынасынан тұрады. Актерлер мен үлгі көрсетушілер виртуалды сахна кеңістігінде әдет-ғұрыптарды кеңінен көрсетеді.
Дәстүрлі музыка концерті. Бұл қойылым аясында дәстүрлі түркі музыкасы мұрасының жанрлық әр алуандығы көрініс табады. Домбырадан төгілген күй, қобыздан күңірене шыққан көне сарын тыңдаушыларды ерекше әсерге бөлейді. Астананың ашық аспанында қарлығаштай қалықтаған халық әндері мен әуезді композициялары тыңдаушылардың құлақ құрышын қандырады.
«Ат жалында» атты ұлттық ат спорты көріністері де көрермендерді бей-жай қалдырмайды. Кұммен көмкерілген арнайы алаңда ат құлағында ойнаған шабандоздар көшпелілер дәуірінің небір көріністерін көз алдыңа елестетеді. Ал «Жамбы ату» ұлттық спорты бойынша ығай мен сығай жігіттер өздерінің мергендік өнерлерін бәске салады. «Ақ сандық, көк сандық» спорт сайысы бойынша фестивальға қатысушылар балалық шақтың балдәуренін елестетіп, асық атуда мергендіктерін сынайды.
Ұлттық қолданбалы өнер жәрмеңкесінде ұлы даланың ұлттық-қолданбалы өнер жәдігерлері көрініс табады. Зергерлік бұйымдар жасау, тоқыма және кілем тоқу өнері, ағаш жону мен тас қашау және басқа өнер түрлері бойынша шеберлер өз өнерлерін ортаға салады. Жәрмеңке барысында қолданбалы өнерден шеберлік сағаттары ұйымдастырылады. Сонымен бірге, «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» атты дәстүрлі көшпелілер өркениеті фестивалінің шеңберінде қазақ ұлт аспаптарының шеруі, «Киім тарихы» шоуы, балаларға арналған «Менің кішкентай киіз үйім» шеберлік сағаты, музыкалық аспаптар және қыран құс, жүйрік тазы, ұлттық тағам көрмелері өткізілетін болады.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ.