• RUB:
    5.48
  • USD:
    474.09
  • EUR:
    514.01
Басты сайтқа өту
27 Шілде, 2010

Қапастағы жан қайырымдылық арқылы жұмсарады

633 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі ко­миссияның хатшысы Тастемір Әбішев, Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар бойынша елшісі Мәдина Жарбосынова Алматы облысында орналасқан ЛА-155/4 түзеу мекемесіндегі әйелдер колониясында болып, сотталғандардың жағдайымен танысты. Комиссия мүшелері келесі күні Алматыдағы ЛА-155/6 жасөспірімдерді тәрбиелеу коло­ния­сында болды. Президент Әкімшілігі және Адам құқықтары жөніндегі комиссияның жұмыс жоспарына сәйкес жүргізілген мұндай іс-шараның негізгі мақсаты айқын әрі ауқымды. Анығырақ айтқанда, Ел Конституциясы мен Қылмыстық атқару кодексінде, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде, азаптауларға және басқа да жазалау түр­леріне қарсы конвенцияда, сондай-ақ әйелдерді кемсітудің барлық нысандарын жою туралы конвенциямен кепілдік берілген құқықтардың сақталуымен толық деңгейде танысу. Сонымен қатар, жабық мекемедегілер құқықтарының халықаралық стандарттарға сәйкестігі қамтамасыз етілуіне назар аударып, бүгінгі таңда өз шешімін күтіп тұрған күрделі проблемаларды да анықтау. Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшысы Тастемір Әбішев­тің пікірінше, сотталғандардың конституция­лық құқықтарының сақталуы, денсаулығы мен жеке қауіпсіздігін қорғау – ең басты мақсат. Комиссия мүшелерінің түзеу мекемелері қыз­мет­керлерімен, жазасын өтеп жатқан әйел­дер­мен және жасөспірімдермен әңгіме барысында бірқатар мәселелердің өзегіне үңілгендігі, айтылған орнықты ұсыныстар мен сын-ескертпелердің ескерілетіндігі белгілі болды. Комиссия мүшелерінің айтуынша, келешекте қылмыстық атқару жүйесі комитетінің сынақ қызметін құру, қылмыстық атқару мекемелері­нің негізгі қорлары мен өндірістік базаларын жа­ңарту қолға алынбақ. Сонымен қатар бос­тандықтан айыруға баламалы жазалау түрлерін кеңінен пайдалануға жағдай жасау және түрмедегі адамдардың еңбекпен қамтылуын және қамаудан босаған азаматтардың әлеу­меттік ортаға қайта қосылуын қамтамасыз етуге бағытталған ұсыныс-пікірлер қолдау таппақ. Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мүшелері Алматы және Алматы облысына қарасты ЛА-155/4 және ЛА-155/6 түзеу мекемелерінде болғанда Қазақ­стан­ның қылмыстық-атқару жүйесінің халық­аралық стандарттарға жақындауда табыстары­ның бар екендігіне және олардың азаматтық қоғам институттарымен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастыққа дайын екендігіне көз жеткізді. Әділет министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Есқали Саламатов еліміздегі еңбекпен түзеу мекемелерінің бүгінгі таңдағы ахуалынан хабардар етті. Қазақстанда өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап алты рет рахымшылық заңы жарияланды. Мәселен, елімізде 2006 жылы түзеу мекемелерінен 3626 адам бостандыққа шығарылып, 1004 сотталу­шы­ның жазасын өтеу мерзімі қысқартылған. Еркіндікке шыққандардың арасында 700 адам қайтара қылмыс жасап, түзеу мекемелеріне қайта оралған. Нақты деректерге сүйенсек, түзеу мекемелеріндегі бір сотталушыға жылына орта есеппен 323 мың теңге көлемінде қаражат бөлінеді. Ал, енді “соншама қаражаттың өтемі қандай” деген сауалға ауыз толтырып жауап беру қиындау, өйткені жазасын өтеп жатқан­дар­дың небәрі 33 пайызы ғана жұмыспен қамтылған. Көптеген сотталушылар сот ше­шімімен белгіленген шығынды қайтармай­тын­дығы өз алды­на, оған қоса мемлекет қар­жысын пайда­лануда. Шын мәнісінде де, қылмыстық жазаны әкімшілік жазамен алмастырудың артықшы­лықтары аз емес. Бүгінгі таңда жасөспірімдер арасында жиі кездесетін ұялы телефон немесе үш тауық ұрлағаны үшін бас еркінен айырудан, қоғамнан, оқшаулаудан кім не ұтады? “Ал, енді балалардың қылмыстық жолға түсуіне басты себеп неде” деген сауалға келсек, менің ойымша бұл олқылық отбасынан басталады” дейді сала маманы. Құқық қорғау органдары арасында қыл­мыстың алдын-алумен айналысатындар мүлдем аз. Керісінше, қылмыстың себебін анықтаумен емес, оның салдарымен, келтірілген зардаппен шұғылданатындар саны жетіп артылады. Сол себептен де бүгіннен бастап өз балаларына тәлімді тәрбие бере алмайтын ата-аналарды жергілікті атқару органдары бақылауға алғаны басты қажеттілік екендігі айтпаса да түсінікті. Қылмыстық атқару жүйесі комитеті мамандарының айтуынша, еліміздің еңбекпен тәрбиелеу колонияларында қазірде 362 жасөспірім, Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша ЛА-155/4 мекемесіндегі әйелдер колониясында 1464 сотталушы бар. Қапастағы қыз-келіншектер қолымен жасалған қылмыс түрлері арасында қатыгездікке құрылған аса ауыр сипаттағы қылмыстардың басым түсуі алаңдатарлық жағдай. – Колонияда 490 әйел есірткі заттарын заңсыз дайындағаны немесе өткізгені, ал 369 әйел адам өлтіргені үшін отыр. Өзгелерге қол жұмсаған әйелдердің жас мөлшері де әртүрлі, әсіресе, әйелдер арасындағы алаяқтық қылмыстың уақыт өткен сайын өрістей түсуі алаңдатпай қоймайды. Ар-ожданды аяққа басып, әртүрлі деңгейдегі қылмысқа барғандар өз отбасының, балаларының жағдайын, болашағына неге алаңдамайды деген ой үнемі мазалайды. Қылмыстық кодекстің 96-бабы бойынша 70 пен 80 жас аралығындағы бес әйел, ал 65-70 жас аралығындағы 24 қылмыскер қамалған. Әрине, аса ауыр қылмысқа барғандардың тиісті жазасын алуы заңды, дегенмен кәрілікпен қоса, мүгедектікке ұшыраған жандар жағдайын келешекте мүмкіндігінше жеңілдету жолдарын қарастыру қажет сияқты,– дейді ЛА-155/4 түзеу мекемесі бастығының тәрбие жөніндегі орынбасары Анастасия Астапова. Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, “адамдық негізі – әйел” екендігін ескерсек, бір құмалақтың бір қарын майды шірітетіндігі де сөзсіз. Сондықтан да, сала мамандары бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жетілдірудің қажеттігін атап көрсетуде. Сыртқы істер министрлігінің Ерекше жағдайлар бойынша елшісі Мәдина Жарбосынова ЛА-155/4 мекемесінде бір жарым мыңға жуық әйелдің өз отбасынан, қоғамнан оқшаулануына қынжылыс білдірді. – Орта мектепті бітіргендер аттестатына түзеу мекемелерінің мөрін қойдырмауды талап етудеміз, оның себебі айтпаса да түсінікті. Жасөспірімдердің келешекте жоғары және орта арнаулы оқу орындарына оқуға түсіп, қоғамға қайта оралуының маңызы зор. Мемлекет басшысының қазақстандықтарға биылғы Жолдауында заңдарды ізгілендіріп, оның сапасын арттыру қажеттігі атап айтылған. Адам құқықтары жөніндегі комиссия сотталғандар ұсыныстары мен өтініштерін сараптап, оларға көмекке келуде. Мәселен, еліміздегі тергеу изоляторлары мен түзеу колонияларын ІІМ-нен Әділет министрлігіне ауыстыру және өзге мәселелер туралы Мемлекет басшысына ко­миссия ұсыныс жасаған болатын. Көпшілікке жақсы белгілі, ХІХ ғасырға дейін қазақта түрме болмаған, оған қоса, күні кешеге дейін ауылдағылар есігіне құлып та салмаған, заман да, заң да уақыт өте өзгеруде. Бірақ, жеңіл-желпі ағаттық үшін, әсіресе жасөспірімдерді қоғамнан оқшаулаудың пайдасы аз екенін ескерген жөн,– деп есептейді Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшысы Тастемір Әбішев. Алматы қаласында орналасқан кәмелетке толмағандарға арналған жалпы режімдегі ЛА-155/6 тәрбиелеу колониясында болған Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшелері сотталғандарды ұстаудың жағдайларымен жан-жақты танысты. Жалпы режімдегі ЛА-155/6 жасөспірімдер тәрбиелеу колониясы ғимараты салынғанына жарты ғасырдан астам уақыт өткен, күрделі жөндеуді қажет ететіндігі бірден байқалуда. Балалар демалатын, тамақтанатын бөлмелер барынша таза және жинақылығымен ерекшеленеді. “Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ” демекші, көптеген жасөспірімдер өз қателіктерін темір торға түскеннен кейін ғана ұғынуда. “Ештен кеш жақсы” демекші, келешекте олардың түзу жолға түсіп, өз елінің лайықты азаматы болатынына тәрбиешілері, мекеме жетекшілері де үміт артады. “Балалардың намаз оқуына лайықталған арнаулы бөлме бар, мұнда “Құран” және өзге де діни әдебиеттер қойылған. Ал, жан-дүние күй­зелісіне ұшырағандарға мекеме психолог­та­ры көмекке келуде. Мамандар олармен жеке әңгіме өткізіп, көп күрделіліктердің шешімін бірлесіп табу қажеттігін де ұғындыруда. Балалар “қылмыс” деген қара дақпен өмір бақи тіршілік ете алмайды ғой, сондықтан біздер оларға сол жағын түсіндіруге тырысудамыз” дейді ЛА-155/6 мекемесінің тәрбиешілері. Бұл мекемеде де қалыптасқан игі дәстүрлер бар. Соның бірі – балаларды қорғаудың ха­лықаралық күні мұнда ашық есік күні өтіп, олар ата-аналарымен кездесіп, қуанышты күй кешеді. Бір таңғаларлығы, олардың арасында өнерлі жастар да аз емес. Жасөспірімдер шыр­қа­ған әсем сазды әндер, мың бұралған билер көтеріңкі әуенімен ерекшеленсе де, олардың жаутаңдаған жанарында ұялаған мұң жүректі сыздатпай қоймайды. “Көз ұшында ұшып кет­кен бақытым, мүмкін емес өзің жәйлі ойламау” деп шырқайды бозбала. Қылмыстық кодекстің 96-бабы, 2-бөлімі бойынша үкімі кесіліп, аса ауыр қатыгездік қылмыс жасағандар мұнда да кездеседі сөйтіп, небәрі он жетідегі жасөспірім он екі жылға сотталған. Ал, ең жеңіл жаза “ұрлық” болып есептелінуде. Тәрбиелеу мекемесіндегі №26 кешкі мектептің мұғалімдері де, тәрбиешілері де жасөспірімдердің мейірімге, жүрек жылуына шөліркейтіндігін, бір ауыз жылы сөз олардың көңілін көкке көтеретіндігін тілге тиек етеді. “Жабық үйге” ашық есік күні кіріп, балапандарын аймалап жатқан ата-аналардың бір­де-бірі өз балаларын жамандыққа қимай­ты­ны белгілі. “Баламның аяғына қадалған шөңге, маңдайыма қадалсын” дейтін қазақтың кейде бауыр еті – баласына деген бауырмалдығы тым шектен асып, не болмаса мейірімі жұтаң тартып, жүрек жылуының жетпеуі мүмкін осы “жабық есікке” әкелген шығар. Бірақ, тәрбиедегі қателік қай уақытта, не қандай сәтте кетті, оны ешкім дәл, нақты түрде айтып бере алмайды. Дегенмен, қоғамнан оқшауланғандар арасында байқаусызда ағаттық жасағандар да аз емес. Сондықтан, Мемлекет басшысы атап айтқандай, бұл бағыттағы ізгілендіру іс-шараларын одан әрі жетілдірудің маңызы зор. Бақыт БАЛҒАРИНА. АЛМАТЫ.