• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
27 Шілде, 2010

Апта айшықтары

439 рет
көрсетілді

Елшілер ақжайықта болды Ақжайық өңіріне АҚШ және Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілері Ричард Хоугланд пен Дэвид Моран жұмыс сапарымен келіп қайтты. Олар өңірдің саяси-экономикалық және әлеуметтік жай-күйімен танысты. Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовпен және “КПО” б.в компаниясының бас директоры Джузеппе Пазимен кездесіп әңгімелесті. Олар іссапар барысында қайталанбас келбеті мен тарихы, өміршең істері мен жобалары мол өңірдің келешегіне ден қойды. Мемлекетаралық әріптестік пен халықтар арасындағы достықты нығайтуға белсене үлес қосып жүрген қос елші кездесулер кезінде  Қазақстанның әлемдік саясат сахнасындағы айшықты орнын айрықша атап көрсетті. Темір ҚҰСАЙЫН. Орал. “Жол картасы” партиялар назарында Сыр аймағындағы саяси партиялармен байланыс жөніндегі консультативтік кеңес құрылған болатын. Облыс әкімінің орынбасары Мұрат Мұхамедовтің төрағалық етуімен саяси партиялармен байланыс жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болып өтті. Онда Елбасы Жолдауынан туындаған барлық саяси пар­тия­лар­дың елдің дамуы мен ұлттық бірліктің тиімді жолдарын біріктіруге бағытталған кеңестің ережесі бекітілді. Кеңесте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бастығының міндетін атқарушы Б.Нақыпов “Жол картасы” бағдарламасы бойынша аймақта атқарылып жатқан жұмыстар жайын баян етті. Ағымдағы жылы бағдарламаны жүзеге асыруға 6063,8 млн. теңге қаржы қаралған. “Жол картасы” бағдарламасына сәйкес партия жетекшілері өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, ой бөлісті. Еркін ӘБІЛ. Қызылорда. Кеншілер имандылық үйін салып берді Көмірлі Екібастұздың жері қазба байлыққа толы ауылдарымен де белгілі. Өткен аптада осындай ауылдардың бірі алтын мен күміс өндіретін кен орны бар Төртқұдықта мешіт ашылды. Осы жердегі тау-кен байыту комбинатының басшылығы екі жыл бұрын құрылысын бастаған екен. Сәтін салып, алдағы Ораза айына орай мешітті сыйға тартты. Сөйтіп, төртқұдықтықтардың көптен күткен өтініштері орындалды. Мешіттің ашылу рәсіміне облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев қа­­тыс­ты. Өндірісті ауылдың әлеуметтік-рухани тұрмыс жағдайларының жақ­са­руына үлес қосып келе жатқан кеншілерге, комбинат басшылығына алғыс айтты. Көк күмбезді әсем мешіт алыстан көз тартып, ауылға сән беріп тұр. Енді үлкендермен қатар, ауылдың жастары мен балалар да имандылық жолын қадір тұтып, кен­шілер сыйлаған жаңа мешітте бас қо­сатын болады. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар. Жұмыссыздар қатарын азайту үшін Қазір өздігінен жұмыс табу қиын екені жасырын емес. Маман­дық­тары бойынша еңбекке қамтылуға үміттенуші қарағандылықтарға  тұрақты өткізіліп тұратын “Бос жұмыс орындары мен лауазымдардың қалалық жәрмеңкесі” өте қолайлы шара болып келеді. Оған осы жолы келушілер әдеттегідей аз болмады. Кәсіпорындар мен мекемелер тарапынан жария етілген 1119 бос жұмыс орнына орналасуға талпынушылардың құжаттары қаралып, қалаған істерге бейімділіктері мен білімдері байқалды. Жәрмеңке барысында 120 адам жұмысқа қабылдануға жолдама алды. Ал 300-ден астамына сондай мүмкіндікке кеңес берілді. Жыл басынан бері  Қарағанды қаласы бойынша  6880 азаматтан еңбекке қамтылуға өтініш түссе, олардың 5958-інің тілегі қанағаттандырылды. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды. Жас журналистер форумы өтті Семейде “Исток” аталатын қоғамдық бірлестік бар. Осы бірлестік “Қамқорлық” деп аталған арнайы бағдарламасы аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға мейлінше қамқорлық танытып келеді. Бірлестік тіпті жеткіншектердің туған күндерін өткізуге дейін атсалысуда. Қазірде бірлестік мүмкіндігі шектеулі балалардың жазғы демалыс лагерьлерінде жақсы демалуына қолұшын беруде. Солардың бірқатары “Лесная сказка” лагерінде демалып қайтты. Арасында ядролық сынақтардан зардап шеккендер де бар. “Қамқорлық” бағдарламасының аясы уақыт өткен сайын кеңейе түсуде. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей. Әңгіме арқауы – достық Достық үйінде жергілікті қолөнершілердің көрмесі болып өтті. Оны Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясы мен “Ассамблея” корпоративтік қоры ұйымдастырды. Ұлттық қолөнер саласында тынбай еңбек етіп жүрген Вера Имашбаеваның, Олег Мартынюктің, Елена Елизарованың туындыларын көпшілік қызыға тамашалады. Ал “форум-сұхбат” барысында “ЕҚЫҰ көпэтносты қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етеді”, “Ұлттық кәсіпті қолдау және дамыту этносаралық достық пен бейбітшілікке, толеранттылыққа тәрбиелейді”, “Қазақстан халқы Ассамблеясы: алдағы міндеттер” деген тақырыптарда баяндамалар тыңдалып, бірлігі жарасқан елдің өмірінен жарқын мысалдар келтірілді. Қоғам тұрақтылығы мен этносаралық жарастықты одан әрі нығайту, ұлттық өнерге деген құрмет пен сүйіспеншілікті қалыптастыру, жаңа инновациялық мүмкіндіктерді пайдалану мәселелері де әңгіме арқауына айналды. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.