Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі елшісі Марат Есенбаев Таиланд Энергетика министрі Наронгчай Акрасанимен кездесіп, энергетика және «жасыл» экономика саласындағы қазақ-тай ынтымақтастығының ағымдағы жағдайы мен болашағын талқылады.
М.Есенбаев тай энергетика ведомствосының басшысын Қазақстанның қазіргі әлеуметтік-экономикалық дамуы, мұнай-газ саласындағы, атом және көмір өнеркәсібіндегі жағдайы, Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамасы, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі туралы хабардар етіп, Елбасының Қазақстан халқына «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауының негізгі қағидаларымен таныстырды.
Н.Акрасани Таиланд үкіметі Қазақстанмен екіжақты қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын атап өтті. «РТТ» тай энергетика алыбының «Теңіз» кен орнынан мұнай алу тәжірибесі бар. Қазіргі таңда «Қашағанда» 100-ге жуық тайлық дәнекерлеуші және құбыр мен кабель тартатын мамандар жұмыс істейді.
Тай министрі, сонымен қатар, серіктестіктің жеке бағыттары бойынша қолдағы мол әлеует, өкінішке қарай, қазір толығымен қолданылмайды деп мойындады. Дегенмен, Таиландтың мұнай іздеу мен шығару жөніндегі «PTT Exploration and Production» компаниясы Қазақстанның мұнай-газ кен орындарын зерттеуге мүдделі.
Н.Акрасани Таиландтың ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысуына және елінің баламалы энергия көздері саласындағы жетістіктерін көрсетуге даярлығын атап өтті. Таиландтағы жаңартылған және баламалы энергия көздері жалпы тұтынудың 6%-ын құрайды. ЖЭК дамуының негізгі бағыты – биомасса.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Таиланд пен Қазақстан арасындағы энергетикалық ықпалдастықты кеңейту туралы уағдаластыққа қол жеткізіп, екі ел энергетика министрліктері арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, Н.Акрасани Қазақстанның Энергетика министрі В. Школьниктің Таиландқа сапарын ұйымдастыруды және энергетика мен «жасыл» экономика саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың тәжірибелік қадамын талқылауды ұсынды.
«Егемен-ақпарат».