Қазақстан Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбанның Қазақстанға ресми сапары аясында Астанаға келген Венгрия Сыртқы экономикалық және сыртқы істер министрі Петер Сийяртомен кездесті.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық пен халықаралық күн тәртібіндегі көкейкесті мәселелерді талқыға салды. Е.Ыдырысов екі мемлекет арасындағы әріптестік қарым-қатынасты нығайту мен кеңейтуге қосқан елеулі үлесі үшін өз әріптесіне алғысын білдірді. Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылғы 19-20 ақпан күндері П.Сийярто Астанаға ресми сапар жасап, оның шеңберінде екі ел сыртқы саясат ведомстволары арасында 2015-2016 жылдарға арналған жұмыс жоспарына қол қойылған болатын.
Венгрия Қазақстанның Орталық-Шығыс Еуропадағы және Еуропалық одақтағы маңызды әріптесі болып табылады. Екі мемлекет арасында күрделі мәселелер жоқ, ал халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ұстанымдары ұқсас немесе бағыттас келеді. Бүгінде Қазақстан мен Венгрия арасындағы саяси үнқатысу жоғары деңгейге көтеріліп отыр. Қазақстан Премьер-Министрі К.Мәсімовтің 2014 жылғы маусым айында Венгрияға сапары барысында Стратегиялық әріптестік жөніндегі декларацияға қол қойылып, оны іске асыру екіжақты қарым-қатынасқа оң ықпал беруі тиіс.
Сонымен қатар, кездесу аясында Қазақстан – Венгрия Стратегиялық кеңесі жұмысының маңыздылығы атап өтілді. Экономика саласында да қажетті келісімдік базаның бар екені айтылды. Астанада «Венгрия сауда үйі» құрылып, Индустрия және инновация жөніндегі жұмыс тобы қызметін бастады.
Е.Ыдырысов ЕО мен ЕАЭО арасында ынтымақтастық орнату орайындағы Венгрияның рөлін ерекше атап, «Венгрия екі Одақ арасындағы қарым-қатынасты орнықтыратын көпірлердің біріне айналуы мүмкін» екенін көлденең тартты. Сондай-ақ, ол Венгрия Премьер-министрі В.Орбанның сапары барысында Қазақстан басшылығымен жоспарланған кездесулер ашықтық және өзара түсіністік рухында «сағат салыстыруға» мүмкіндік беріп, Қазақстан мен Венгрия арасындағы өзара ықпалдастықты барлық бағыттар бойынша тереңдетуге айтарлықтай серпін беретініне сенімін білдірді.
«Егемен-ақпарат».