• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Сәуір, 2015

«Досыма»

1361 рет
көрсетілді

әні  өзіне арналғанын досым білмей өтті... – Бұл əн 1991 жылы жазылған. Əуелі әуені дайын болды. Әнге сөз мәтінін іздедім. Үйден қарап едім, реті келмеді. Кітап дүкеніне тарттым. Бірнеше өлең кітаптарын ақтарып, кенет Мәдина Көбееваның жыр жинағына көзім түсті. Дайын мәтінге тап келдім. Буыны, мағынасы әнге сәйкес, көкейіме қона кетті. Ал енді әнді айтқызатын орындаушы іздейін.Таныс әнші көңілден шықпай, танымал әншіге қолымыз жетпей жүрген кез еді, – дейді композитор Альберт Алмағамбетов. «Досыма» әнім алғаш дүниеге келген кішкентай туындым еді. Сол әнді айтқан шəкіртім Мүсілім Əмзе – бүгінде Алматыдағы филармонияның симфониялық оркестрінде әрі әйгілі «Отырар сазы» оркестрінде дирижер. Жалпы, сол кезеңдегі барлық әнімді бірге айтатынбыз. Мен пианино мен гитарада, ол домбырамен сүйемелдеп дегендей. Кейіннен «Өтеді өмір дөңгелеп. Жөні бөлек, жол бөлек. Мейірімге жаным шөлдейді, Дос жоқ көңіл бір бөлек» деп келетін бұл əнді Бақтияр Тайлақбаев ұнатып репертуарына қосып алды. 1993 жылы Алматыға келіп опера театрындағы дыбыс студиясында Ермек деген дыбыс режиссері Бақтиярдың орындауында əнді таспаға  басты. Әлі есімде, теңгенің жаңа шыққан кезі, қар қалың түскен қараша айы болатын. Өз әлімше аранжировкасын жасадым. Жазып алған  соң, Алматыдағы Желтоқсан көшесіндегі Қазақ радиосына тарттық. Ондағылар тыңдап, ұнатып, ән қорына қосып еді. Кейінірек телевидениенің концерттік бағдарламасында орындалып, үлкен эфирге шықты. 1994 жылы «Қазақстан» телеарнасында үздік əндер номинациясымен концерт тізіміне ілікті. Жиырма жылдай Бақтиярдың репертуарында жүр, ел арасында танымал болған əндерімнің бірі. Кейіннен халық ұнатқан, танымал әншілер қолқалап алған бірнеше әндер дүниеге келсе де, бәрінің бастауында тұрған «Досыма» – жаныма жақын ән. Сөзін жазған ақын – Мәдина Көбеева Тараз қаласындағы облыстық телеарнада қызмет атқарады екен. Ол кісіні жақында ғана таптым, дейді Альберт Алмағанбетов. Осылайша, композитордың айтуымен Тараздың талантты тұрғыны Мәдина Көбеева апа­мызды біз де таптық. Өзін іздеген, өлеңін іздеген «Егемен Қазақстанның» барына баладай қуанды. – Студент күнімде Сәуле атты досым бар болатын.  Жас күніңде дос-жаран көп болады, бірақ ол өзгелерден ерекше еді. Мен десе жанын беретін жақсы достың бірі болды. Ол да ҚазМУ-дің журналистика факультетінде оқыды. Өкінішке қарай, университетті бітірген соң, жолымыз екі айырылды. Мен тұрмыс құрып, кетіп қалдым. Осыдан кейін екі рет кездестік те, өмірде қайта жолыға алмадық. Мен барғанда ол жоқ, ол іздеп келсе мен жоқ болып, әйтеуір, кездесудің сәті түспеді. Осылай жүргенде он жыл зыр етіп өте шықты. Содан бір күні Сәулені сағынып, суретін тауып алып қарап отырсам, бірге түскен екі   суретіміз ғана бар екен. Содан жаным жылағандай болып, үйіне бір іздеп барғаным, анасының ғана болғаны есіме түсіп, сағыныштан жабыққандай болдым. Бәрін есіме алып отырып, «Досыма» әні туды. Менің ақындығым былай, келіп қалған әнді сол сәтте жазбасам, ұстай алмай қаламын. Бұл өлең 1988 жылы газетте жарияланды. Осы өлеңіммен Сәулеге деген сағынышымды басқандай болып жүрдім. Бір күні қарап отырсам, осы әнді теледидардан Бақтияр Тайлақбаев айтып тұр. Естіп, әбден жылап алдым. Сол кездегі көңіл-күйімді композитордың дөп басқанына риза болдым. Және ән Бақтиярдың орындауында сәтті шықты. Оның үстіне ол кезде достық туралы әндер өте аз болатын. Сөзі мен әні үйлескеніне қуандым. Мұнан кейін де бірнеше жыл өтті. Мен досымның сәлемін алдым. Содан Сәулені іздеп барсам, өкінішке қарай, Сәуле қайтыс болып кетіпті. Сәуле менің «Досыма» әнін өзіне арналғанын білмей өмірден өткеніне өкінемін. Бір іздеп барғанымда, бұрынғы мекенжайынан таба алмай, өз мекенжайымды жазып, хат қалдырып кеткен болатынмын. Кейін ол үйде тұратын кісілер Сәуленің онда тұрмайтынын айтып, хатымды өзіме кері салып жіберіпті. Әннің қалай туғаны өз ішімде қалды, – деп журналистиканың барлық сатыларын өткен әріптесіміз Мәдина Көбеева сыр шертеді. Мәдина Көбеева сөзін жаз­ған, яғни әнші Айжан Нұрма­ғамбетованың орындауындағы «Туған жер», бір кездегі Қыдырәлі Болманов айтқан «Балапаныма», көп жылдар бойы Татьяна Мар­тыненконың аузынан түспеген «Жүрек сыры» сынды әндерді тыңдарман біледі. Ал  Қазақстанның еңбек сіңір­ген әртісі, белгілі  әнші Бақ­тияр Тайлақбаев қазір «Қазақ әуендері» АҚ «Гүлдер» ансамблі филиалының көркемдік жетекшісі әрі  директоры ретінде өнердегі  қызметін жалғастыруда. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан».  АЛМАТЫ. Сайттағы бейнетіркемеден «Досыма» әнін Бақтияр Тайлақ­баевтың орындауында тыңдай аласыздар. https://youtu.be/2M2gPe2ohBI