• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Сәуір, 2015

Экология проблемаларына ерекше көзқарас қажет

267 рет
көрсетілді

Президенттікке кандидат Әбілғазы Құсайынов Қостанай қаласында «Қостанай су» коммуналдық кәсіпорнының ұжымымен кездесті. Өз сөзінде ол жиналғандарды сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарымен таныстырды. Ә.Құсайыновтың айтуынша, әлем­нің түрлі елдеріндегі экономиканы қар­қынды дамыту жұмыстары қоршаған табиғи ортаның мүмкіндіктері мен ол көтере алатын шектеулі шаруашылық салмақты ескермей жүргізіліп жатыр. Табиғат ресурстарын тиімсіз пайдалану, табиғи ортаның қалдықтармен ластануы, гендік қор мен биологиялық әр­түрліліктің азып-тозуы қоршаған орта мен адам мекендеген айналаның құл­дырауына алып келеді. Адамның өнеркәсіптік жұмыс­тары­ның салдарынан озон қабатының бұзылуы, әлемдік мұхиттардың ластануы, жер мен оның құнарлы қабатының жұ­­таңдануы, биологиялық әртүрліліктің азуы сынды мәселелері өзекті болып отыр. Атмосфераның шаң-тозаң және газ­­ды қалдықтармен ластануы үлкен алаңдаушылық тудырады. Олар минералды отын мен биомассаның өртенуіне, сондай-ақ, тау-кен, құрылыс пен басқа да жерде жүргізіліп жатқан жұмыстарға байланысты ауаға таралуда. Адам орны толмайтын табиғи ресурс­тарды шексіз тұтына отырып, қалпына келтіруге болатын қорлардың қайта толысуына кедергі жасауда. «Табиғи ресурстардың қайта қалпына келмейтінін естен шығармаған жөн», деп атап өтті Ә.Құсайынов осы орайда. Президенттікке кандидаттың айтуынша, адамзат жыл сайын өнеркәсіптік өндіріс көлемін өсіріп, соның салдарынан игерілмеген табиғаттың тынысы мүлдем тарылып бара жатыр. Әдетте, өндіріс кезінде осы жерлерде өмір сүретін халықтың мүддесімен қатар, онда өсетін бірегей өсімдіктер мен сирек кездесетін аңдардың қауіпсіздігі ескерілмей жатады. Бүгінде адам өз қолымен өзінің өмір сүретін кеңістігін шектеуде. Оған қоса, Ә.Құсайынов экологиялық білімнің маңыздылығына тоқталды. «Жалпы білім беретін мектептерде міндетті пән енгізе отырып, экология мен оның қауіпсіздігі туралы түсінік қалыптастыру, сонымен қатар, тұрақты экологиялық-ағартушылық жұмыстар жүргізу экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы білім берудің маңызды қадамдары болып табылады», деп атап өтті Ә.Құсайынов. Сонымен қатар, «Қостанай су» ұжы­мының алдында Ә.Құсайыновтың ай­мақтық сайлауалды штабының жетекшісі Бауыржан Тибеев сөз сөйледі. Бауыржан Айдаболұлының айтуынша, адам әлемдік экожүйенің бір бө­лігі екенін есінен шығармауы тиіс. Ғалам­шардың жарқын болашағы әр адамның табиғи ресурстар мен жануарлар әлеміне деген саналы әрекетіне тәуелді. Әлемдік экожүйенің бір бөлшегі ретінде Қазақстан да қоршаған ортаның ластануынан туындаған проблемаларды сезініп отыр. Сондықтан өскелең ұрпақ арасында табиғатты аялауға үндейтін насихат жұмыстарын күшейту керек. Сондай-ақ, Б.Тибеев атап өткендей, ай­мақта сайлауалды штаб қызу жұмысқа кі­рісті, үгіт-насихат жұмыстарымен айна­лысатын сенім білдірілген адамдар белгіленді. Штаб жетекшісінің айтуынша, алда­ғы уақытта үгіт-насихат жұмыстары бел­сенді жүргізіліп, бірқатар іс-шара­лар өткізіледі, кәсіпорындардың жұмыс­шы ұжымдарымен кездесу өткізу жос­парланған. Б.Тибеев штаб кеңсесі журналистер мен байқаушылар үшін әркез ашық екенін атап көрсетті. «Үгіт материалдары бар, кандидаттың сайлауалды штабының мүшелері қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізуге әзір», – деді ол. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.