• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Сәуір, 2015

Батыс мәдениетінде мән қалмай барады

379 рет
көрсетілді

Петропавл қаласында Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат, Қазақстан Коммунистік халық партиясы Орталық комитетінің хатшысы Тұрғын Сыздықов «МұнайМаш» АҚ жұмысшыларымен кездесу өткізді. Кездесуге, сондай-ақ, Т.Сыздықовтың Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аймақтық сайлауалды штабының өкілдері қатысты. Өз сөзінде Тұрғын Ысқақұлы кездесуге қатысушыларды өзінің сайлауалды тұғырнамасының негізгі қағидаларымен таныстырды. Сондай-ақ, ол ХІХ ғасырдағы ғылыми коммунизмнің негізін қалаушылар – Карл Маркс пен Фридрих Энгельс тарихи тәжірибеге негізделе отырып, қоғамдық дамудың объективті заңдарын жасай келе, адами қоғамды жаңа коммунистік формацияға көшіру қажеттігін теориялық негізде дәлелдеп бергенін атап өтті. «Біз ғылыми коммунизм идеясын жалғастыруға қарай үлкен қадам жасадық. Дамудың көп кезеңді жолдарынан өттік. Партияда партиялық бұқараны бақылау, оны бюракратияландыруға жол бермеу, даму үрдістерін болжау, ауыспалы жағдайға дер кезінде әрекет етудің тұрақты тетіктері жұмыс істейді. Мұның бәрі өмірдің тұрмыстық қажеттіліктерінен туындап, бұқараның шынайы шығар­машы­лығына негізделеді», деп көрсе­тілген Т.Сыздықовтың сайлауалды тұ­ғыр­намасында. Сонымен қатар, кандидаттың сайлауалды бағдарламасында батыстық мәдениет пен құндылықтардың көлеңкелі әсері жайында мәселе көтерілген. «Жаһандық компьютерлендіру мен батыстық электронды БАҚ қоғамның сана-сезімін улап, адамдардың арасына іріткі салу үшін индивидуализм қағидаттарын насихаттауда, бұл өз кезегінде ғаламшардың мәдени тұтастығының құлдырауына алып келуі мүмкін. Еуропа елдерінде тұтынушылық қоғам құрылымдарының қалыптасуынан туындаған батыстық мәдениет дағдарысы батыстық өркениеттің әмбебап құндылықтар мен әлеуметтік тұрмыс-тіршілік нормаларына деген наразылықтарына қарама-қайшы келуде. Батыстың кемшіліктері, әсіресе, мәдениет саласында анық байқалады. Себебі, тұтыну, әлеуметтік құбылыс ретінде, көп жағдайда материалдық қажеттілікті қанағаттандыруды өмірдің мәні деп қарастыратын құндылықтар мен идеялар жүйесіне негізделген», деді Тұрғын Ысқақұлы. Оған қоса, президенттікке кандидат Т.Сыздықовтың сайлауалды бағдарламасында батыстық кинематография стандарттарының кері әсері туралы мәселелерге мән берілген. «Кинематографияның батыстық стандарттары зорлық-зомбылыққа, азғындыққа тәрбиелейді. Осыдан барып қатыгез күштердің, жағымсыз кейіпкерлердің өз заңдарын насихаттауға жол ашылды. Батыстық кинематография зорлық-зомбылыққа деген қызығушылықты оятып, оны адамның сана-сезіміне жат эстетикалық нормаға айналдырды. Батыстық мәдениеттің осынау күдікті «жетістігі» батыстық өркениеттің барлық салаларының дамуына көлеңке түсіріп отыр. Батыстық әдебиеттің де жағдайы мәз емес. Ол әлемдік мәдениеттегі өзінің бұрынғы әлеуетінен айырылып, зорлық-зомбылық пен бұқаралық әдепсіздікті насихаттайтын кинематографияның жетегінде кетті», деп көрсетілген Т.Сыздықовтың сайлауалды тұғырнамасында. Кездесу соңында кандидаттың Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аймақтық сайлауалды штабының жетекшісі Сергей Мартемьянов жиын қатысушыларына жүргізіліп жатқан насихат жұмыстары жайында айтып берді. «Штабымыздың сенім білдірілген адамдары анықталды. Олар барлық ақпараттық жұмыстарды жүргізетін болады. Қолымызда жұмыс жоспары бар. Бірқатар кездесулер мен іс-шаралар жоспарланған. Біздің штаб БАҚ өкілдерімен тығыз байланыс орнатты, олар үшін есігіміз әркез ашық. Кандидатымыздың қызметі мен оның сайлауалды тұғырнамасы туралы барлық қажетті ақпараттарды ұсынуға дайынбыз», – деді Мартемьянов өзінің сөзінде. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». ПЕТРОПАВЛ.