• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
03 Сәуір, 2015

«Сарыарқа» жартылай финалдан аса алмады

247 рет
көрсетілді

АСТАНА. 3 сәуір. Жоғары хоккей лигасында «Братина» кубогына таласқан Қарағандының «Сарыарқасы» жартылай финалдан аса алмады. «Тороспен» болған төртінші ойында біздің команда 0:2 есебімен жеңілді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Нефтекамскіде өткен ойынның алғашқы кезеңінде жанкүйерлер гол көре алмады. Ал екінші кезеңде айдын иелері есеп ашып, басымдыққа ие болды. Командасын алға шығарған хоккейші – Алексей Митрофанов (33-минут). Шешуші кезеңде «Сарыарқа» хоккейшілері намысқа тырысып, қарқынын күшейтті. Дегенмен, «Братина» кубогының қазіргі иегерлеріне сәттілік жетіспеді. Қажет нәтижеге қол жеткізген «Торос» ойынның үшінші бөлігінде көбінде қорғанысқа көңіл бөлді. Десек те, реті келгенде қарымта шабуылды да ұмытқан жоқ. Кездесудің соңғы минутында қарағандылықтар сапынан бір ойыншы кіші айыппен жазаланды. Бұл мүмкіндікті мүлт жібермеген «Торос» ойыншылары 60-минутта есепті еселеп, финалға берілер жолдамаға ие болды. Осылайша қос команда арасындағы жартылай финалдық бәсекенің жалпы есебі ресейліктердің пайдасына 4:0 болды. «Торос» финалда Тверьдің ТХК-сі мен Ижевскінің «Ижстальі» арасындағы жеңімпазбен күш сынасады. Бұл жұпта әзірге үш ойын өтті. Алда «Ижсталь» командасы келеді (2:1). Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: hc-saryarka.com.