• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Наурыз, 2015

Қарсы ал бізді,  Рио-де-Жанейро

526 рет
көрсетілді

Оңтүстікте Елбасының қолдауымен олимпиадалық  спорт кешендері салынды Өткен жыл Оңтүстік спортшылары үшін ақжолтай жыл болды. Облыс спортшылары Қазақстан чемпионаттары мен біріншіліктерінде 388 алтын, 374 күміс, 337 қола медаль жеңіп алды. Бұл көрсеткіш 2013 жылмен салыстырғанда 57 медальға артық. Бір жылда бокстан әлем чемпионы Біржан Жақыпов бас­тап 9 әлем чемпионы дайындалды. Бұл бір облыс үшін жақсы жетістік. Біз Оңтүстік Қазақстан облысы денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек НҰРТАЕВҚА жолығып, біраз сауалдарымызға жауап алған едік. – Елбасымыз спортқа үлкен мән береді, – деді Әлібек Нұрбайұлы. – Мемлекет әнұраны мен байрағын екі жағдайда, Мемлекет басшысы шетелге ресми сапармен барғанда және спортшыларымыз халықаралық сындарда топ жарғанда ойналады, көтеріледі дейді. Әлгінде сіз айтқан медальдар жиынтығын Оңтүстікпен ғана байланыстыруға болмайды. Қазақстанның әртүрлі спорт жарыс­тарында жеткен жетістіктерінде алтын құрсақ Оңтүстіктің де маңдайтерінің өтеуі бар. – Түсініңкіремедік. Таратып айтсаң дұрыс болар еді. – Бұрын олимпиадалық бағдарламаға енетін спорт түрінен жаттығатын спортшыларымыз «бізге оқу-жаттығу жиынын өткізуге Қазақстанда жағдай жоқ» деп шетелге шығандап кететін. Сылтау белгілі. Қыста жаттығатын жеңіл атлетика манежі жоқ. Жабық су бассейні жоқ. Облыстық кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінің оқу атудан қысқы залы жоқ. Арнаулы қондырғылар жетіспейді. Ескек есу спортынан базалар жоқ. Көркем гимнастика кешені жоқ. Осылай тізе берсең он саусақ аздық қылады. Сенесіз бе, осының бәрі Оңтүстікте бар. Елбасының қолдауымен облыс әкімі Асқар Мыр­захметов айналдырған бес-алты жылдың ішінде үлкен спорт­­ты өрістететін барлық спорт кешендерін іске қосты. Ал, бұ­дан Қазақстан мемлекеті көп жағ­дайда ұтты. Бір мысалды есіңізге түсірейін. Атланта Олим­пиадасының чемпионы бессайысшы Александр Парыгин Сидней Олимпиадасының алдында Спорт министрлігінің алдына шарт қойды, «Маған Қазақстанда толыққанды жаттығу жасауға жағдай жоқ. Сондықтан оқу-жаттығу жиынын Америкада өткіземін. Ондағы бар шығынымды көтересіңдер, менің және жаттықтырушымның стипендия, еңбекақымызды уақытылы аударып отырасыңдар. Сонда ғана медальға уәде бере аламын. Әйтпесе, келісімшарт үзіледі». Қазақстан халқының саны миллиардтардан мол асып жығылатын Қытай немесе Үндістан емес. Олимпиада чемпионы далада жатқан жоқ. Шарттарына көнді. Қазақстан ақшасы ағыл-тегіл Америкадағы спорт кешендеріне құйылып жатты. Ал, төрт жыл шетелде жаттық­қан Александр Парыгин Сиднейде чемпион тұрмақ жүлдегерлердің де шаңын көрген жоқ. Олимпиаданың қола жүлдегері, онсайысшы Дмитрий Карпов та «медальға таласамын» деп уәде берген. Шетелде дайындалған. Олимпиада түгілі Дохада өткен Азия ойындарында мәреден аттанған он спортшының соңында қалып кетті. Мұндай мысалдар спорттың көп түрінен келтіруге болады. Ал, әлгі Парыгин мен Карпов сияқтыларды Америкаға аттандырмай-ақ сондағы жаттығулар процесін өткізуіне Оңтүстік бүгінде барлық мүмкіндіктерді жасайды. Бес сайыс, он сайысқа не керек, бәрі бар. Қыста суға түссем қатып қаламын десе жабық су спорт кешені бар. Далада жаураймын десе жабық жеңіл атлетика манежі бар. Атқа шабам десе Асанбай Асқаров атындағы ипподром дайын. Тауда дайындаламын, тынысымды ашамын десе онда да спорт кешендері бар. Шымбұлақ секілді «Тау самалы» базасынан бөлек уақытында көрнекті мемлекет қайраткері Асанбай Асқаров уығын қадап кеткен «Қасқасу» тау шаңғысы базасында бүгінде қызу жұмыс жүріп жатыр. Спортшылар осының бәрін Елбасы және облыс әкімінің атымен байланыстырады. Әрине, осы кезеңдерде облыстық спорт, дене тәрбиесін басқарған аза­маттардың да үлкен қажырлы еңбегі бар. Осындай жұмыстардың арқасында Оңтүстік үлкен спортта Қазақстандағы таңдаулы спорт базасына айналды. Ал, неге оңтүстікте дегенге келсек, біздің солтүстік, батыс, шығыс аймақтарымыздың табиғаты қаталдау, қыста алапат аязы, қарға адым жерді көрсетпейтін жаяу борасыны бар. Оңтүстіктің жөні бөлек, қысы қысқа, керек десеңіз көптеген жаңа жылдарды қарсыз, жылы жаңбырмен қарсы алып жүрміз. Мәселен, көрші Ресей спортшыларын түсінуге болады. Жылы жақ­тарға, Түркия, Араб Әмірлігі, Катар мемлекеттеріне жиі барады. Ондағы бар табиғат Оңтүстікте де бар. Елбасының қолдауымен Олимпиада бағдарламасына кіретін барлық спорттың дерлік базалары салынғанын жоғарыда айттық. Оның үстіне тағам арзан. Дәрумендік жемістер мол. Тағы қосып айтайын. Лондон Олимпиадасының алдында даңқты ауыр атлетіміз Илья Ильин біздің Төле би ауданындағы тау бөктерінде орналасқан «Бәйшешек» спорт-сауықтыру орталығында бір айға жуық жаттығу жасады. Атқа мінді, қымыз ішті, қазы-қарта жеді. – Өзің айтқандай, батырлар­дың батыры, чемпиондардың чемпионы Қажымұқанның әз жам­басы мәңгілік жайына ти­ген Оңтүстік спортында да талай марқасқалар бар. Сид­ней Олимпиадасында әлем мықтыларының пысын бас­қан, алтын, күмістен олжа сал­ған Бекзат, Мұхтарханның ізін басқан Біржан Жақыпов Оң­түстік тарихында бокстан ал­ғашқы әлем чемпионы болып, тарих парағына есімін алтын әріппен жазды. Оңтүстік тағы қандай ақберендерімен мақтана алады? – Бұрнағы жылы еліміз бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы «Ең үздік спорттық аймақ» номинациясына ие болды. Мәдениет және спорт министрлігінің «Пара­лим­пиадалық спорттың дамуына үлес қосқаны үшін Алғыс хатымен марапатталдық. Мұндай айтулы табыстар жеке адамның бастамасымен ғана емес, көпшілікпен келеді. Сондықтан, спорт саласында жүрген барша оңтүстікқазақстандықтардың ортақ жеңісі деп білемін. Жекелеген спортшыларға келсек, әлем чемпионы Біржан Жақыповтан бөлек ауыр атлет Жазира Жаппарқұл қазақ қыздары арасынан тұңғыш рет ауыр атлетикадан әлем чемпионатының күміс медалін жеңіп алды. Өздеріңіз де байқаған боларсыздар, серпе көтеруде зілтемірді төбесінен асырған Жазира қуаныштан толқып тұрып тактикалық қате жіберіп алды. Зілтемірді сәл түсіріп барып тастаудың орнына көтеріп тұрып алақанын ашып жіберді. Әйтпесе, алтынды болып та қалар ма едік. Әйтсе де қазақтың осы қайсар қызында Олимпиада ойындары чемпионының күш-қайраты бар. Жауынгерлік самбодан Арман Оспанов деген бауырымыз топ жарып жүр. Екі дүркін әлем чемпионы. Самбодан тұңғыш әлем чемпионы Сәуле Ғабдуллинадан кейін оншақты жыл қыздарымыз алтыннан олжа салмап еді. Гауһар Тұрмаханова деген қарындасымыз Қазақстанға екінші алтынды әкелді. Ескек есу спортында Азияда ешкімге дес бермей тұрған ағайынды Емельяновтар, шахматшы қыздарымыз Гүлісхан Нақбаева мен Гүлмира Дәулетова, дзюдодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дидар Хамза, халықаралық турнирлерде талай мәрте жеңімпаз болған дзюдошы Самат Есен, Лондон Олимпиадасына қатысқан таэквондошы Нұрсұлтан Мамаев, Қазақстан бокс құрамасының мүшелері Қайрат Ералиев, Закир Сафиуллин сияқты спортшыларымызбен мақтана аламыз. Оқ ату спортынан Рашид Юнусметов бастаған сұрмергендеріміз де Олимпиаданың дуын көрді. Олимпиада ойындарынан кейінгі сапта тұратын, төрт жылда бір келетін жазғы Азия ойындары былтыр Корей елінің Инчхон қаласында өтіп, Қазақстан биік шыңдарды бағындырды деуге болады. Азулы Қытай, Оңтүстік Корей, Жапония елдерінен кейін командалық есепте төртінші орынға тұрақтауды үлкен жетістік деп санаймын. Қоржынымызды медальға толтыруға оңтүстіктің спортшыларының қосқан үлесі орасан болды. Жазғы Азия ойындарына біздің облыстан 62 спортшы қатысып, оның 32-сі олжалы оралды. 32-нің тоғызы алтын, алтауы күміс болса, қоланың саны он жеті. Аталмыш додада байдарка және каноэ есуден алдына жан салмаған ағайынды Михаил және Тимофей Емельяновтардың, Александр Емельянов пен Евгений Алексеевтың өнеріне барша жұрт тәнті болды. Бұл спорт түрінен Оңтүстіктің ескекшілері ұлттық құраманың 90 пайызын құрағанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ, бокс­тан Біржан Жақып пен Қайрат Ералиев жүлдегер болды. Ал қыздар арасынан былғары қолғап шебері Жайна Шекербекова күміс алқа тағынды. Ол финалда әлемнің бес дүркін чемпионымен тең дәрежеде бокстасты. Сондықтан, Рио -де - Жанейрода құдай қаласа, жерге қарамаспыз. – Мемлекет басшысы отан­дастарымыздың кем дегенде отыз пайызын бұқаралық спортқа тарту мәселесін Үкіметке жүктеді. Аймақ басшыларына тапсырма берді. Оңтүстікте халық көп, спорт кешендері қаншалықты сай, бұқараға денешынықтырумен айналысатындай жағдай қаншалықты туғызылып жатыр? – Басқарма өз жұмысын бұқа­ралық денешынықтыру-сауықтыру негізгі облыстық іс-шаралары мен республикалық, халықаралық жарыстардың күнтізбелік жоспарына сәйкес жүргізеді. 2014 жылдың қорытындысы бойынша облыста 80 мемлекеттік меншіктегі спорт мекемелері мен кәсіпорындары тіркелген болса, оның ішінде: 18 облыстық, 13-і Шымкент қалалық, 39 қалалық және аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері. Сонымен қатар, 8 облыстық және 1 аудандық мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорындары және 1 акционерлік қоғамы жұмыс атқаруда. Жоғарыда аталған спорт мекемелерінде 1565 жаттықтыру­шы қызмет атқарып, 52848 спортшы тұрақты шұғылданады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста 5023 спорт нысандары тіркелген. Оның ішінде: 22 стадион, 1 спорт сарайы, 13 спорттық құрылғылар кешені, 3 құрама ко­мандалардың оқу-жаттығу орталығы, 24 спорт кешені, 12 спорт манежі, 1 шаңғы базасы, 1 ескек есу спорты базасы, 204 атқыштар тирі, 1 ату алаңы, 1 хоккей корты, 34 теннис корты, 3 ипподром, 28 жүзу бассейні, 879 спорт залы жұмыс істейді. Бұл көрсеткішті 2013 жылмен салыстырғанда, спорт нысандары саны 91 бірлікке артып отыр. 2014 жылы облыстық, жер­гілікті бюджет есебінен және биз­нестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында облыс аумағында бірқатар жаңа спорт нысандар мен ойын алаңшалары салынып, пайдалануға берілді. Атап айтсақ, облыстық бюджет есебінен – Шымкент қаласында «Кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінің ғимараты мен спорт кешені», Түркістан қаласында жүзу бассейні, Түлкібас ауданында спорт кешені салынып, Шардара қаласындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қайта құру жұмыстары жүргізілді. Жергілікті бюджет есебінен Шымкент қаласының №1 спорт мектебіне күрделі жөндеу жұмыс­тары, Мақтаарал ауданы, Атакент ауылында орналасқан Орталық стадионды қайта жөндеу жұмыстары өткізіліп, қасына қосымша жасанды футбол алаңы салынып, пайдалануға берілсе, Түлкібас ауданы Т.Рысқұлов ауылында жасанды кіші футбол алаңы салынды. Бизнестің әлеуметтік жауапкер­шілігі аясында демеушілер есебінен Қазақстан Республикасы бокс федерациясының қолдауымен Түркістан қаласында спорттық сауықтыру кешені, жасанды төсенішпен жабық 3 кіші футбол алаңы, Мақтаарал ауданында жасанды кіші футбол алаңы, Сайрам ауданында 5 жабық футбол алаңы, Түлкібас ауданында футбол, волейбол, баскетбол алаңшалары салынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, қазіргі уақытта Төлеби ауданында ескек есу спорт түрлері үшін оқу-жаттығу базасы мен Шымкент қаласы «Нұрсәт» мөлтекауданында көркем гимнас­тика спорт түрі үшін спорт кешені құрылыстарының жұмыстары жүргізілуде. Аталған нысандар осы жылы пайдалануға беріледі. Денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны облысымызда жыл сайын артуда. Облыс тұрғындары арасында саламатты өмір салтын насихаттау­мен қатар, бұқаралық спортты дамыту мақсатында 2014 жылы 3026 бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 329,5 мыңнан астам адам қатысты. Оның ішінде ауылды жерлерде 2211 спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 224,3 мыңнан астам адам қамтылған. Бұл көрсеткіш 2013 жылмен салыстырғанда, 425 спорттық іс-шараға артық өткізілген. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да спортпен шұғылдануға жағдай жасалған. – Әңгіменің әлқиссасында, облыстағы Олимпиада ойындарына лайықталған спорт кешендерінің Елбасы­ның тапсырмасымен салын­ғанын айттың. Өзің білетін­дей, Қазақстан халқы Ассамблея­сының бастамасымен Президент сайлауы кезектен тыс өткелі жатыр. Спортшы ағайындар бұл мәселеге қалай қарайды? – Нұрсұлтан Назарбаев кешегі есік көзіндегі қазақты төрге шығарған ерен саясаткер, ғасыр мойындаған тұлға, Қазақстан өркениетті, бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына енудің барлық алғышарттарын жасады. Дүниені мұхиттың алып толқындарындай сапырған дағдарыс Қазақстанға оншалықты әсер ете қойған жоқ. Елбасының тапсырмасымен дер кезінде қолға алынған ұзақ мерзімді бағдарламалар елімізді талай дағдарыс қыспағынан шығарып келеді. Өркениетті елдердің Президенттері біздің Елбасымызбен тең дәрежеде сөйлесіп, пікірімен санасады. Бұдан артық не керек. Біз спорттық жиындарымызда осы мәселелерді айтып отырамыз. Спортшыларымыз таңдауын жасап қойған. Барлығымыз Нұрсұлтан Әбішұлының маңайына топтасып, экономикалық қиындықтарды бірге еңсеруіміз керек. Сонда ғана алға қойған мақсаттарымызға айқын жетеміз. Әңгімелескен Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.