• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Наурыз, 2015

«Болашақ» түлектері Елбасын неліктен қолдайды?

299 рет
көрсетілді

Кеше «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің белді мүшелері журналистермен баспасөз мәслихатын өткізіп, «Нұр Отан» партиясы Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат ретінде ұсынып отырған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа қолдау білдіретіндіктерін мәлімдеді. Баспасөз мәслихатына аталған қозғалыс кеңесінің төрағасы Данат Жумин, мүшелері Ғани Нығметов пен Тимур Ілиясов қатысты. Мәлімдемені қозғалыс кеңесінің төрағасы Данат Жумин оқып берді. «Біз, «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысына қатысушылар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат ретінде ұсыну туралы съезд шешіміне бірауыздан қолдау білдіреміз. Біздің еліміздің Көшбасшысының жемісті жұмыстарының нәтижесінде бейбітшілік пен келісім Қазақстанның ХХІ ғасырдағы дамуының сенімді біріктіруші платформасына айналды. Біздің үлкен де нақты міндетіміз – «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырып, әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына қосылу. Біздің алдымыздағы нақты мақсат – «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатын табысты жүргізе отырып, тех­нологиялық серпінді қадам жасауымызға мүмкіндік беретін индустриялық-инно­­вациялық базаны құру, сөйтіп, азамат­тарымыздың әл-ауқатын көтеру. Біздің «Қазақстан-2050» Страте­гия­сын жүзеге асыруда қазірдің өзінде нақты нәтижелеріміз бар. Олар – еліміздің барлық өңірлерінде салынған жүздеген зауыттар, кәсіпорындар, өнеркәсіптік кешендер. Олар пайдалануға берілген жүздеген балалар бақшалары, мектептер мен ауруханалар. Олар – іске қосылған мыңдаған шақырымдық автокөлік дәліздері мен теміржолдар. Олар – қарқынды жүзеге асырылу үстінде миллиондаған шаршы метрлік әлеуметтік тұрғын үйлер. Олар – он жеті миллион адамды құрап отырған қазақстандықтардың әрбіріне жасалу үстіндегі өмір мен еңбек үшін қажетті қолайлы жағдайлар. «Қазастан-2050» Стратегиясын жү­зеге асыру әр жыл, әр күн сайын қазақ­стандықтардың бірлігін нығай­тып, тұрмы­сын жақсартады. Біздің азаматта­рымыздың барлық санаттарын жаңа жұмыс орындарымен және әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етеді. «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысының барлық қатысушылары атынан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидаттыққа ұсыну туралы шешімді нақты да шынайы түрде қолдаймыз», делінген бұл мәлімдемеде. Мәлімдеме оқылып біткен соң, журналистер сұрақтар қойды. «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысы қандай істер­мен шұғылданады? Қозғалыстың алдына қойған мақсаты не? Қазақстан Респуб­ликасы президенттігіне кандидат ретінде ұсынылып отырған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын не үшін қолдайды? Қозғалыс басшыларына міне осындай сұрақтар қойылды. – «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысының мүшелері – «Болашақ» бағдарламасының түлектері. 2013 жылдың қараша айында Мемлекет басшысының шетелдерден оқу бітіріп келген жастармен кездесіп, кең көлемде әңгіме өткізген болатын. Сонда Елбасы жастарға өздерінің алған сапалы білімін іске жаратып, елімізге көмектесу үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға мүмкіндік беретін бір қоғамдық ұйымға бірігу жөнінде кеңес берген болатын. Елбасының бұл кеңесі бізге үлкен ой салды. Сөйтіп, жастар, біздер ақылдаса келіп, осы қозғалысты құрдық. Құрылған кезде жиырмаға жуық қана мүшеміз болса, қазір оның саны алты мыңды құрап отыр. Біз өзіміздің алдымызға негізгі мақсат ретінде еліміздің әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына қосылуына алған біліміміз, өмірде жинаған тәжірибеміз арқылы көмек көрсетуді алдық. Осылайша, жастардың басын біріктірдік. Қоғам әлі күнге дейін қоғамдық негізде жұмыс істеп келеді. Өйткені, «Болашақ» бағдарламасын бітірушілердің бәрі алға ұмтылуда. Олар мем­лекеттік құрылымдарда, үлкен компанияларда жұмыс істейді. Енді бірі алған білімін пайдаланып, өз бизнесін ұйымдастырып отыр. Ал енді істеген шаруамызға келсек, ол аз емес. Жасап жатқан жұмыстарымыз қолымыздан келген мүмкіндікке байланысты, әрқилы. Мәселен, мына менің қасымда отырған Тимурдың өз бизнесі бар. Ол өзінің  өскен жері Степногорскіге барғанда мынадай жағдайға тап болған. Тимурмен әңгімелесуге келген отыз шақты адамның көпшілігі жұмысының жоқтығын айтып, Ресейге көшуді жөн санап отырғандығын білдіреді. Әңгімелесе келе, сол отыз адамның жиырма бесі іргеде тұрған Астанада болмағандығы анықталады. Тимур жаңағы жерде дереу автобус ұйымдастырып, жерлестерін Астанаға алып келіп аралатады.  Олар өз таңданыстарын жасырмайды. Бұл кісілер еліміз мұншама дамып кетті деп ойламаған екен. Одан кейін Тимур әлгі адамдарды өзінің шетелден келген жұмыс істеп жатқан неміс және америкалық досымен таныстырады. Олар шетелдік дамыған мемлекеттердің азаматтары бола тұра жұмыс істеу үшін Қазақстанды қалаған. Себебі, мұнда істей білсең, жұмыс көп. Және табыс та жаман емес. Осыны есті­ген Тимурдың жерлестері ойлана келе өздерінің Ресейге көшпек ниеттерінен бас тартады. Міне, біздің волонтерлік негіздегі атқарып жатқан жұмыстарымыз өте көп. Біз оны айтып мақтана бермейміз. Ал біз Нұрсұлтан Назарбаевты неге қолдаймыз? Себебі, талантты жастардың шетелдерде оқып, білім алуына жол ашқан Елбасымыздың өзі емес пе? Мәселен, мен ешқандай қолдауы жоқ ауыл баласымын. Мектеп бітірген кезде, жоғары оқу орнына түсетіндей қаржым да болған жоқ. Бірақ маған осы кезде мемлекеттің жоғары оқу орындарында оқу үшін бөлетін гранты көмекке келіп, мен осы гранттың арқасында Еуразия ұлттық университетін бітіріп шықтым. Содан кейін «Болашақ» бағдарламасымен шетелде тегін оқу мүмкіндігіне ие болдым. Қысқасы, мем­лекеттің арқасында оқып жетілдім. Қазір жасым отыз екіде. Үш балам бар. Өзімнің бизнесімді ашып, тіршілік құрып жатырмын. Ендеше, маған неге Елба­сының кандидатурасын қолдамасқа?! Мен сол кісінің жүргізген саясатының арқасында дүниеге көзімді кең ашатындай мүмкіндікке ие болып отырғаным жоқ па? Ал болашақтықтардың арасында мендейлер өте көп, – деп жауап берді журналис­тер сұрағына Данат Жумин. Ғани Нығметов те өз өмірінен осындай мысалдар келтірді. Сонымен қатар, ол «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің барлығы да өздерінің елі мен жерін сүйетін патриоттар екендігін, сондықтан осындай қозғалысқа бірауыздан бірігіп, көптеген жұмыстарды жүргізіп жатқандығын, олардың барлығы Елбасымызды барынша құрметтейтіндігін жеткізді. Ақжарылқап көңілді, ізгі ниетті жастардың сөзіне біз де сүйсіндік. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».