Испанияның Мадрид қаласында өткен осы елдің ашық біріншілігінде қазақстандық жүзушілер 10 алтын, 7 күміс, 4 қола медаль жеңіп алды.
Соңғы уақытта паралимпиадашылар арасынан суырылып шығып тұрғаны – жүзушілер. Дүниежүзілік суға жүзу жарысында Қазақстанның маңдайы жарқырап тұр. Жақында ғана Светлана Кучина жаттықтырған қарағандылық жастар Башқұртстаннан 13 медальды олжалап қайтып еді. Енді, міне, Мадрид қаласындағы бәсекеде де біздің қыз-жігіттер намысты қолдан бермепті. 22 команда бақ сынаған жарыста қазақстандықтар сегізінші орынға табан тіреген.
Алты спортшымыздың бір сапардағы олжасы – 21 медаль. Жаһанға жар салып сүйінші сұрамасақ та, көңілімізді тоғайтарлық қомақты табыс. Осылай болатын жөні де бар. Өйткені, Испания ашық біріншілігіне біздің елдің жүзушілері сайдың тасындай іріктеліп барды. Мадридте ел көлеміндегі жарыстың жүлдегерлері емес, талай әлемдік доданың тартысында қолтығы сөгілген саңлақтар сынға түсті. Байқап қарап, бағамдай беріңіз. Басқа жетістіктерін санамағанда, Оңтүстік Кореядағы ХІ Паразиада ойындарында бас жүлде алған Әнуар Ахметов, Зүлфия Ғабидуллина, Дмитрий Ли және қола жүлдегер Сиязбек Дәлиев аттанды. Сондай-ақ, бүкіләлемдік мүгедектер ойындарының чемпионы Наталья Звягинцева мен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Михаил Еременконы Испания чемпионатына апаруға мамандар ықыласы түсті. Көрдіңіз бе, кілең бірінен бірі өткен кіл жүйріктер таңдап алынған. Есесіне сенім ақталды. Мадрид төрінде Қазақстанның көк байрағы он мәрте көтерілді. Әнуар саңлақ тағы да алдына қара салмапты. Әр сүңгігені бір алтынға бағаланған Әнуар бес алтын медальмен кеудесі жарқырап келді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».