Атырау облысында ресми құжатты бұрмалап жазып, өзі оған қол қойып, жалғандық жасағаны үшін полиция қызметкеріне сот үкімі шықты. Бұл туралы Мақат ауданы прокурорының орынбасары Досбол Бағытжанов былайша әңгімелеп берді:
– Полиция қызметкері Мақат аудандық ішкі істер бөлімінің жол-патрульдік полиция ротасының полицейі қызметтік жалғандық жасау мақсатында бір азаматпен Атырау қаласындағы Атырау ықшам ауданында кездескен. Ол өзімен кездескен азаматтың 2014 жылғы 5 қарашада Мақат аудандық сотының қаулысымен 1 жыл мерзімге жүргізушілік құқығынан айырылғанын біле тұра, өзімен бірге алып келген 06 №030583 санды әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 163-1-бабын бұзғаны үшін деген жалған мәліметтер енгізіп, хаттама толтырған қызметкердің орнына А.Арманұлы жол-патрульдік полиция ротасының қызметкері деген жалған ішкі істер органы қызметкерінің аты-жөнін көрсетіп, ресми құжатты шын мәнінде бұрмалап, өзі жалған қол қойған. Сосын жалғандық жасағаны үшін әлгі жүргізуші азаматтан 15000 теңге алған. Алайда, артынша оның жалғандығы әшкере болған.
Осыған байланысты өткен сот отырысында полиция қызметкері өзінің кінәсін толық мойындаған. Мақат аудандық сотының үкімімен ол Қылмыстық кодекстің 314-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылды. Сөйтіп, оған 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, жүргізуші де жалған құжатты көрінеу біле тұра пайдаланғаны үшін аудандық соттың үкімімен екі сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылды.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.