• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Шілде, 2010

“Сапарым – Шоқан тойына тартуым” дейді ұлы ғалымға қатысты орындармен жүріп өткен тарихшы Едіге Уәлиханов

469 рет
көрсетілді

Алматыдан жеке көлігімен өз қаржысына шыққан белгілі тарихшы, Ш.Уәлиханов атындағы  Тарих және этнография институты жаңа уақыттағы Қазақстанның тарихы бөлімінің меңгерушісі Едіге Уәлиханов он екі күн дегенде Шоқанның кіндік қаны тамған Қостанай жеріне  келді.Қасына жұбайы Дәмеш апамызды ертіп алған ол алты мың шақырым жер жүріп, Қазақстандағы Шоқан табаны тиген, ұлы ғалымға қатысты деген орындардың ешқайсысын қалдырмай аралапты. Едіге Уәлиханов бұл ғылыми-танымдық экспедициясын ұлы ғалым тыныстап жатқан Алтын Емелден бастапты. Жолай Қозы Көрпеш – Баян сұлу ескерткішіне соғып, одан Семей қаласына келіп, Достоевскийдің музейін тамашалапты.  Мұнан кейін тарихшы ғалым Баянауылға беттепті. Баянауыл – Шоқанның анасы Зейнептің  төркіні. Осындағы  кішкентай Ақ келін деген ауылда Зейнептің ағасы Мұса Шормановтың сүйегі жатыр. Ғалым оған да тағзым етіп өтіпті. Шоқанның балалық, жастық шағының куәсі, Шыңғыс сұлтан қоныстанған Көкшедегі Сырымбет, Бурабай өңірін аралау тек ғалымға ғана қызықты емес, кез келген жанды  рухани байытады. Қостанай өңірі – Шоқанның кіндік қаны тамған топырақ. Едіге Уәлиханов ғалымның балалық шағы өткен Құсмұрынды аралады. Қостанай қаласына келгенде  бұқаралық ақпарат өкілдерімен кездесіп, олардың  сұрақтарына жауап берді, шоқантану, бүгінгі тарих ғылымы туралы  келелі ойларын ортаға салды. Қазаққа ұлы ғалымды берген текті әулеттің өкілі журналистердің “Шоқан мерейтойының қалай өтетінінен хабарыңыз бар ма?” деген сұрағына өзінің тиянақты пікірін айтты. – Қазақта той көп. Мерейтойлар дүрілдеп өтеді, бірақ той өткен соң істелген іс сол баяғы күйінше қалады. Сол даңғаза жиындарды азайтып, ұлылардың мерейтойына белгілі бір істі арнасақ, бұл әлдеқайда тиімді деп ойлаймын. Мысалы, Шоқан Уәлихановтың тойы мен үшін осы  ғылыми-танымдық экспедиция деп білемін. Менің жанымда топограф бар, жолай  тек жүрмей, жұмыс істеп келдік. Археологиялық суреттер түсірдік. Шоқан болған жерлерден алған әсеріміз орасан зор, осы сапардан кейін де ғылыми жұмыстар жалғасады,–деді ол. – Көңілге қанағаты – шілде-тамыз-қыр­күйек айларында Қазақстанның әр қала­ларында  Шоқанға арналған республикалық, халықаралық деңгейлердегі ғылыми-теориялық конференциялар өтеді. Едіге Уәлихановтың айтуынша, шоқан­тану саласында Қазақстанда көп іс тын­дырылған. Алайда,  оның  әлі де зерттелетін тұстары бар. Мысалы, Шоқанның Санкт-Петербургтегі  өмірі мен жұмысы әлі тың жатыр.  Ғалым  тарих ғылымына  жігерлі жас толқынның келіп жатқанын ризашылықпен айтып, бұл солардың еншісі болмақ деді. Тарихшы ғалым Едіге Уәлихановтың  әлемдік деңгейдегі тұлға Шоқанның  туғанына 175 жыл толуына арналған бұл сапары өзі айтқандай, тойға тарту әрі жақсы дәстүрдің бастамасы да болды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. ҚОСТАНАЙ.