Қарағандыда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму бағдардамасының “Мүгедектердің құқықтары туралы БҰҰ конвенциясы шеңберінде мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру және арнаулы қызмет көрсету жүйесін дамыту” атты бірлескен жобасы аясында Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету, өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұзақ мерзімді перспективаға арналған ұлттық іс-қимыл жоспарын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы мен Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің бірлескен отырысы, сондай-ақ “Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы” Қазақстан Республикасы Заңының іске асырылу мәселелері талқыланған кеңес өтті.
Оны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова ашып, жүргізді. Сөз орайында аталып өткендей, жұмыс тобы мен үйлестіру кеңесінің негізгі міндеттері мүгедектерді әлеуметтік қорғау мәселесі бойынша ұсыныстар әзірлеу, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің мүгедектерді әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету, оларға өмір сүруге және қоғамға кірігуге тең жағдай жасауда өзара қарым-қатынасты қалыптастыру болып табылады.
Бүгінде Қазақстандағы барлық санаттағы мүгедектердің саны 485,4 мың адамнан астам немесе халықтың 3 пайызын құрайды. 2008 жылдың желтоқсан айында еліміз “Мүгедектердің құқықтары туралы” конвенцияға қол қойды. Мүгедек адамдардың құқықтарын қорғауға, оларды әлеуметтік кіріктіруге бағытталған іс-шаралар қазір белең алып келеді.
Әзірленіп жатқан Мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұзақ мерзімді перспективаға арналған ұлттық іс-қимылдар жоспары елімізге Мүгедектердің құқықтары туралы БҰҰ конвенциясын ратификациялау жолдары мен үдеріс мерзімін анықтауға мүмкіндік береді.
Кеңесте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Қаржы вице-министрлерінің есептері тыңдалды. Үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Осы алқалы жиынға қатысушылар Қарағандыдағы балалар жүйке-неврологиялық жұмысымен, оңалдыру құрал-жабдықтары көрмесімен танысты. Мүгедектерге қызмет көрсету бойынша тәжірибе алмасылды. Тиісті қаулылар қабылданып, нақты тапсырмалар белгіленді.
Айқын НЕСІПБАЙ.
ҚАРАҒАНДЫ.