• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Қыркүйек, 2015

Ай мен Айдын

1054 рет
көрсетілді

«Аспанда жұлдыз аралап, Ай нұрын ұстап мінсе де, қызыққа тоймас адамзат». Бұқар бабадан қалған бағзы сөз Құдайдың екі аяқты пендесіне дәл берілген анықтама екен. Қымызын ұрттап, қойын құрттап, іргесі түрулі киіз үйдің ішінде жатып, тұтас адам баласының мінезін ашатын бір ауыз сөзді қолмен қойғандай етіп айта салғанына қайран қаласың. Бүгінде бес академия тауысса да тіліне орамды тіркес түспейтін, ойы ораулы, санасы бұғаулы кейбіреулерді көргенде бабалардың көрегенділігіне таңданбауға дәтің шыдамайды. «Әлемді түгел көрсе де, алтын үйге кірсе де» өмірден өкінішсіз кеткен адам жоқ екен. Қазақтың байтағында ғұмыр кешіп, қараға қарапайым қалпымен, ханға қамқоршы көңілімен жаққан қара шалдың өсиеті жер бетінде адамзат баласы барда мәңгілік болмақ. Өйткені, заман түрлі формацияға көшіп, өңін өзгертіп, алға адымдап дами бергенмен адамның көңілі мен пейілі бәз-баяғысынша қала бермек. Оқысам, білсем, көрсем деген ниет әрбір саналыға тиесілі себебі. Ғарышқа ғашықтық Жердің апшысын қуырып, мың-миллион азотты тесіп өтіп, бір ғаламнан екіншісіне зулап жететін зымыранның Байқоңырдан көтерілгеніне де жарты ғасырдан асты. Құс қанатына деген іңкәрлік адамзат баласын түбі ұшақ құрастыруға әкелді. Тақтайға шеге қағып жасалған талай ұшақ қирап қалғанымен, ақыр соңы аспанда еркін самғайтын, қанатына қондырып алып зымырай ұшатын жағдайға жетті. Бірақ адамға бұл да аздық етті. Зеңгір көктің ар жағын қиялымен шарлай берді. Он сегіз мың ғаламды еркін аралайтын аппарат құрастыруға талпынды. Күндердің күні оған да қолы жетті. Сөйтсе, қос ғаламның арасын тез жалғайтын, төте жол салатын жеріңіз Байқоңыр екен. Ит пен мысыққа эсперимент жасап болған соң, зымыранға адамды салып, айға ұшырып жіберді. Солайша, Юрий Гагариннің аты мәңгілікке тарихта қалды. Ал осы тірліктің барлығы адам қиялынан туындаған шаруа­лар еді. Арман мен аңсардың нәтижесі нақты жетістікке ұласты. Содан бері адами затыңыз аспан әлемін зерттеумен келеді. Әрі-беріден соң Халықаралық ғарыш кешенін салып тастады. Дегенмен, бүгінгі жетістіктің өзі адам санасының шырқау шегі дей алмайсыз. Өйткені, ғаламда біз білмейтін тылсым сырлар әлі көп. Оны ашуға, құпиясына үңілуге құштарлық сөнген жоқ. Қайта уақыт санап артып келеді. Осындай ғаламат тірліктің арасында теңізге тамшыдай болсын үлес қосып жүрген ұлтыңның бар екені есіңе түскенде көкірегіңді қуаныштың сезімі кернеп кетеді. Кеңес Одағының ыдырар алдында аспанға ұшып, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ғарышкері ретінде жерге қонған Тоқтар Әубәкіровтің аты әрқайсымыз үшін қадірлі. Ғарышқа бір емес, үш рет сапар шегіп, мойнына артылған зілбатпан жүкті абыроймен атқарған Талғат Мұсабаевтың есімі біз үшін алтыннан да ардақты. Бірақ жұрт көкейінде: «Тоқтар мен Талғаттың ісін жалғар азамат жоқ па?» деген сауалдың жүргеніне көп болған. Бар екен. Бір емес, қазақтың екі бірдей қыран жігіті томағасын сыпырсаң тұра ұшуға дайын отырыпты. Ғасыр басында Ресейдегі ғарышкерлерді дайындайтын орталыққа оқуға жіберіліпті. Төрттік деген бағаңыздың екілік құны жоқ оқу орнын екі азамат та үздік бітіріп шықты. Ғарышқа жіберсеңіз, қарыштап барып-қайтуға дайын болды. Олар Айдын Айымбетов пен Мұхтар Аймаханов еді. Осы екі жігіттің бірі жаңа заманның алғашқы онжылдығында аспанға ұшуға тиіс болатын. Жоспар бойынша. Дей тұрғанмен, дағдарыс деген дүние тірсектен шалып, ойға алған мақсат орындалмай қалды. Бұл жаңалықтан кейін Мұхтар Аймаханов азаматтығын ауыстырды. Ал Айдын Айымбетов Астанаға атбасын бұрды.  Осылай жүргенде биыл ойда-жоқта жағымды жаңалық естіп, бөркімізді аспанға аттық. «Қазақстан ғарышкеріне ғарышқа ұшуға рұқсат берілді», деген. Солайша, Айымбетовтың арманы алты жылға кешігіп орындалып жатқан жағдайы бар. Бәрі жақсы һәм дұрыс қой. Бірақ бір мезет өзіңізге: «Мен осы Айдын туралы не білемін?» деп сұрақ қойып көріңізші. Не біледі екенсіз? Аспанға аттанайын деп тұрған азаматыңыз жайында қандай ақпарат бар? Біз бүгін осы бір олқылықтың орнын толтырмаққа талпындық. Қасиетіңнен айналайын қазақ байтағының қай пұшпағы да киелі ғой. Теңіздің толқыны табанын теуіп, Ақжайығы жайқалып жатқан батыс, ақселеуі ақ кілемдей арқа, ұлыстың ұйытқысындай болған Қаратау, қойнауы құт, табиғаты тамылжыған өр Алтай, бәрі-бәрі әрбір қазақ үшін қадірлі мекен. Айтып-айтпай не керек, бабалар кірпік қақпай, қасық қанын аямай қорғап бізге аманаттаған абыз даланың әр сүйемі сүйкімді әм сүйікті. Сонда да болса, Алаштың Алатауға деген көңілі, мейірім-махаббаты алабөтен. Жердің жәннатына балайды. Жеті өзені сыңғыр қаққан, бау-бақшасы, тал-дарағы, емен-қарағайы сыңсып шыққан, ақ басты тауының маңдайына бұлт қонған, Хантәңірі шыңы ешкімге бағынбастай паң қалпынан таймаған өңір, шынында да, тамылжыған табиғатымен тартады да тұрады. Жеті суды қатар еміп жатқан алақандай ғана Талдықорған қаласы тыныштықтың мекені секілді. Міне, Айдын Айымбетов осы жерде дүние есігін ашты. Талдықорғаннан іргесі бөлінбей жатқан, бүгінде Өтенай деп аталатын ауылда ер жетті. Әке-шешесі қарапайым ғана отбасы еді. Білетіндер, Айдынның бала кезінен ойы озық, қиялы жүйрік болғанын айтады. Кішкене кезінде үйдің жанында үйілген шөмеленің төбесіне шығып, шалқасынан жатып жұлдыз санап, аспан әлеміне ғашықтығы басталған деседі. Алтыға аяқ басқанында әкесі Ақан ақсақал баласынан қызық үшін болашақта кім болатынын сұрапты. «Ғарышкер» деп тақ ете қалған екен Айдын сонда. Гагариннің аспанға көтерілгеніне 11 жыл болған тұс қой. Ол заманның балаларының барлығы ғарышкер немесе ұшқыш болуды армандайтын. Үлкендер жағының Айдынның арманына жымиып қарағаны да сол шығар. Бірақ Айымбетов өзінің болашақтағы жолын бала шағынан бастап жоспарлағандай. Өйткені, оқуда озат болды. Талдықорған қаласындағы №20 орта мектепті алтын медальмен аяқтады. Білімге құштар, денсаулығы шымыр түлек Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесіне бірден қабылданды. Айдынның аталған оқу орнына құжат тапсыруы да заңдылық еді. Себебі, ғарышкер болудың төте жолы ұшқыш болуда жатыр. Оны осы оқу орнын бітіріп, кейіннен көк жүзіне аттанған Тоқтар Әубәкіров ағасының жолы анық көрсеткен. Ол осылайша ғарышкер болу арманына алғашқы қадамын жасады. Ресейдегі ең танымал оқу ордасын 1993 жылы бітіріп, ұшқыш-инженер мамандығын алып шықты. Қыранның қанаты қалай қатайды? Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін тәмамдап келгесін Қазақстанның қорғаныс жүйесіндегі жұмысы басталып кетті. Жас жігітті Жамбыл облысы Луговой стансасында орналасқан №64207 әскери бөліміне ұшқыш ретінде жіберді. Бір жылғы нәтижелі жұмыстан кейін туған топырағы Талдықорғанға ауыс­ты. Білімі мен білігін күн санап арттырды. Былайша айтқанда, ұшақтың құлағында ойнайтын дәрежеге жетті. Алты жыл бойына аға ұшқыш қызметін атқарған. Жаңа ғасырда әскери бөлімнің басшылығы Су-27 әуе эскадрилиясының әуе звеносын басқаруды тапсырды. Біз атын білгенмен, затына аса көп бойлай алмайтын, дегенмен әуе қорғанысында ерекше маңызы бар Л-39, Миг-23, МиГ-23МЛД, Миг-27, Су-27 ұшақтарын ұршықша иірді. Бес бірдей ұшақтың түрін тізгіндей алатын маманның аспандағы өмірі 470 сағаттан асады. Қысқасы, ол күн санап өзінің түпкі мақсатына жақындай берді. Түрлі сынақтардың бәрінен өтті. Төзімділігі сәт сайын шыңдала түсті. Айдын ұшқыштар училищесін бітіріп келген жылы бірден ғарышкер болуға құжат тапсырған. Жастықтың жалыны бойында арындап тұрған жігіттің бұл әрекетін түсінуге болатын еді. Өйткені, жасқа тән максимализм болмаса, жанарынан от шашып, азуын айға білеп тұрмаса, онда оның болашақтағы бағындырар биігі де аса үлкен болмас еді. Алғашқы талпыныс сәтсіз болды. Сол сәтте ол өзін шыңдай түсуі керек екенін, қайраққа түсіп, қанатын қатайту қажеттігін анық түсінді. Қанша жылғы еңбек пен қажыр-қайрат жемісін берді. 2001 жылғы 16 маусым күні Айдын Айымбетовті ғарышкерлікке үміткер ретінде тіркеді. Бұл күнді Айдынның өзі былай еске алады. – Қанша жылғы төгілген тер мен еткен еңбектің өтеуіндей болды бұл. Әлі ғарышкер атағын алғанымыз жоқ. Жай ғана үміткер болғанның өзі көңілді тербеп жіберді. Ең ғажабы, дәл үміткер ретінде тіркелген күні мен әйел затының ішінен шыққан тұңғыш ғарышкер Валентина Терешковамен таныстым. Мұны іштей жақсылыққа баладым, – дейді. Медициналық тексеруден жан-жақты өтті. Оның өзі бірнеше сатыдан тұрды. Ақыр соңы Мәскеуде тексерді. Денсаулығынан иненің жасуындай кінәрат таппады. Одан бөлек, мамандыққа да басымдық берілді. Біздің кейіпкеріміздің білімі оған да сай болатын. Ғарышқа ұшу үшін инженерлік-техникалық саланың рөлі зор. Ал Айымбетов ұшқыш-инженер. Жас ерекшелігі де маңызды мәселенің бірі. Егде тартып тұрсаң, ол да болмайды. Бұл ретте де Айдынның айы оңынан туды. Әйтеуір ұзақ уақыт бойғы талаптан кейін қазақ баласы Юрий Гагарин атындағы ғарышкерлер дайындайтын орталыққа жіберілді. Таңның атысы, күннің батысы оқу мен жаттығу үзілмейтін. Бір ғана нәрсе айтайық: бұл жерде оқыған бір жылыңыз қарапайым оқу орындарындағы 3,5 жылға тең екен. Санаға сіңірілетін сөз бен берілетін білімді жаттап алуға тура келеді. Ал оның мәні мен маңызына бойлап, тереңіне үңілу тағы қажет. Ғарыш кемесіндегі әрбір жағдайды бағамдап, әрбір тетікті жатқа білгенге дейін дайындайды. Қол мен ми қабаттасып жұмыс істейтін дәрежеге жеткізіледі. Олардың орталықтағы әрбір сағатыңыз не, секундына дейін есептеулі-тін. Осыдан кейін-ақ орталықтағы дайындықтың бағасын бағамдай беруге болатын шығар. – Үйге келгеннен кейін кемі 2-3 сағат дайындыққа уақытым кетеді. Өйткені, жаңа ақпараттарды бойға сіңіріп, одан туындайтын сұрақтарды қағазға түсіру керек. Ертесі ұстаздардан сұрап алмасаң болмайды. Әрине, алғашқы кезде қиналдым. Ғарышкерлерді дайындайтын орталықтың психологтары былай дейді: орталықтың оқу жүйесі ғарышкерлерді үнемі иненің ұшында отырғандай сезімде ұстауға құрылған. Ол бір қауіп-қатерді сезінуден емес. Сергек жүруге, әрбір жағдайға салқынқанды қарауға үйретеді,– дейді Айдын. Жалпы дайындықты қандасымыз 2005 жылы аяқтады. Оқу нәтижесі бойынша оған «ғарышкер-сынақшы» атағы берілді. Ендігі кезек одан да қиын. Алда үш жыл бойына Халықаралық ғарыш кешеніне бару үшін топтық дайындық тұрған. Өйткені, Айдын Айымбетов немесе Мұхтар Аймаханов 2009 жылдың 30 қыркүйек күні аспанға сапар шегеді деген келісім болған. Үміт пен күдік Ғарышқа адам аттандыру оңай шаруаның қатарынан емес. Оның үстіне, Қазақстанның Халықаралық ғарыш кешеніне ғарышкер аттандыратын тікелей рұқсаты жоқ. Бұл жағдайда біз Ресейге арқа сүйейміз. Соларға берілген орынға ортақтасамыз. Екі елдің арасында бұрыннан келе жатқан келісімнің реті солай. Қазақстан мен Ресей үкіметтерінің арасындағы уағдаластық бойынша Айдын Айымбетов пен Мұхтар Аймаханов ғарышқа ұшуға үміткер болды. Бірақ 2009 жылыңызда жаһандық дағдарыстың алғашқы легі лақ етіп келе қалмасы бар ма? Ғарышқа адам аттандырып, Тоқтар мен Талғат бастаған зерттеу жұмыстарын одан әрі жалғастыру керек-ақ. Бірақ дағдарыс кезеңінде халықтың аузынан ақша жырып жібергеніміз қалай болады?! Ойласа келе, ғарышкер аттандырмайтын болдық. Айдын мен Мұхтардың сол сәттегі көңілінің қандай болғанын өздері ғана білетін шығар. Бірақ шамалауға болады. Қанша жылдық дайындықтың өтеуіне, бала кездегі арманның орындалуына бір-ақ қадам қалғанда тоқтау дегеніңіз адамды шайқап жібереді ғой. Міне, мақсатқа жетем, ойымдағыны орындаймын деп тұрғанда кері шегінудің өзі пенде психологиясына оңай соқпасы анық. Олар да іштей өкінген, мүжілмесе де үгілген шығар-ау. Онысын тырс етіп ешкімге айтпады. Әйтпесе, сол сәтте репортерін жалаңдатып талай журналист барды. Әрі-сәрі кездегі Айдынның сұхбаттарын қарап шықтық. Үмітті екенін ғана айтқан. Жалғыз Айымбетов қана емес, тұтас қазақ жұртшылығы, әсіресе, оның отбасы осы арманның жетегінде болды десек, ақиқаттан алыс кетпейтін шығармыз. Отбасы демекші, Айдын жұбайы Лилия Айымбетова екеуі бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы Әмір осы кезден әке жолын жалғаймын деп алдына мақсат қойған. Ал қыздары Диана мен Даяна желкілдеп өсіп келе жатыр. Әңгімеміздің әлқиссасында Бұқар жыраудың өлеңінен үзінді келтіріп едік қой. Сол жыр былай аяқталады: «Жақындап ажал тұрса да, Жанына қылыш ұрса да, Қалжырап, көңілі қарайып, Қарауытып көзі тұрса да – Үмітін қоймас адамзат. «Үмітсіз – шайтан». «Үміт ең соңынан өледі» дейді орыстар. Адамзат баласын алға сүйреп келе жатқан үлкен күштің бірі осы болса керек. Әйтпесе, мына дүниенің астаң-кестеңі шығар ма еді?! «Бала күнгі арманым түбі орындалады деп үміттенемін. Заманның оңай емес екенін көріп отырмыз. Бірақ Қазақстанға ғарышты зерттеуді тоқтатпау керек»,– депті Айдын бір сұхбатында. Дағдарыс дегеніңіз сүйкімсіз қонақтай қайта-қайта айналып соғып жатқанда Айдынның көкейінде «енді ғарышқа ұшпаймын-ау» деген күдік болмады дейсіз бе? Әрине, болды. Бірақ үміті басым еді. Ақыры, сол үміт жеңіп шықты. Аяқ асты, ойда жоқта Айдын ғарышқа аттанатын болды. «Союз ТМА – 18М» ғарыш кемесімен Халықаралық ғарыш кешеніне аттанады делінген ағылшындық әнші Сара Брэйтман ойынан айнып қалды. Оның орнына Айдын Айымбетов қосылды. Солайша, Айдынның наны жүрді де кетті. Ал біз бүгін 2 қыркүйек күні сағат 10.30-да «Байқоңыр» ғарыш айлағында тарихтағы үшінші қазақты аспанға аттандырып тұрмыз. Ақ жол, Алаштың айбозы! Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.

Қызық дерек

Дәстүр дейміз бе, әлде әдет дейміз бе, бірақ, ғарышкерлердің қалыптасқан жолы бар. Олар ғарышқа аттанғанға дейін ешкімге қолтаңба бермейді. Мейлі, ол Ғарышкерлерді дайындайтын орталыққа енді оқуға түскен түлек болсын, мейлі, дайын ғарышкер болсын. Одан кейін әрбір ғарышкер Юрий Гагариннің туған және қайтыс болған жеріне баруға міндетті. Гагариннің үйінің жанындағы құдықтан су ішу де дәстүр. Ал ғарышқа сапар алдында олар «Белое солнце пустыни» фильмін көреді. Айдын Айымбетов ғарышқа кенже қызының қолдан жасаған сыйлығын алып кетпекші. Халықаралық ғарыш кешеніне біздің халықтың еті мен қазысын һәм қымызын апарып, қазақ дастарқанын жаяды.