• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
31 Шілде, 2010

Алдымен халқыңды таны

709 рет
көрсетілді

Редакциямызға белгілі меценат, еліміздің көк байрағын екі по­люс­тің кіндігіне қадаған, халқым десе жанын берер азамат Әл-Фа­раби және Сұлтан Бейбарыс атындағы қоғамдық қордың президенті, “Тлеп” ЖШС директоры Сапар Ысқақов келді. Ша­руасы – Сирия Республикасының астанасы Дамаск қаласында са­лынып жатқан Әл-Фараби бабамыздың мемориалдық кешенінің құ­­ры­лысы мен Мысыр еліндегі Сұлтан Бейбарыс бабамыздың ке­се­не­сінің қайта жаңғырту жұмысының барысына 25-28 шілде ара­­сында бақылау жүргізіп қайтқан делегация сапарынан ой бөлісу екен. – Сапар Ысқақұлы, жақсы жолдан келген екенсіз, әңгімелей отырыңыз. – Онда әңгімені осыған дей­­­інгі тарихтан бастайын. 2005 жылы отбасымызбен туристік сапармен Мысырға жол тарттық. Киелі то­пы­раққа табаның тиген соң дала­ның даңқты ұлының басына соқ­пай, зияратымызды жасап, тәу етпеуге қалай дәтіміз барады. Со­дан Сұлтан Бейбарыс мешітін із­деп тауып алдық. Аты әлемге әй­гілі қолбасшы бабамыз Әз-Захир Бей­барыстың мешітін көргендегі кө­ңіл күйім, несін жасырайын, пәс болды. Мешітте күрделі жөн­деу жұмысы басталып, бірақ аяқ­сыз қалған екен, құрылыс­шы­лар­дан қалған қоқыстан кесене іші аяқ алып жүргісіз. Маңдайша­сын­да 1990 жылы Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болды деген тақтадағы жазуы бар екен. Содан елге орал­ған соң Сыртқы істер министрлі­гіне әдейі барып, еліміздің, халқымыздың атына ұят болады, мен бір-екі бригада жігіттерімді жіберейін, ең болмағанда тау-тау қоқысты тазартып қайтсын дедім. Әрине, дипломаттар бұл ойымды қолдамады. Себебі, қазақстандық­тардың барып, қоқыс тазалауы араб­тардың намысына тиіп, кө­ңілдеріне келуі мүмкін, сондықтан да ол үшін арнайы барудың қажеті жоқ. Сонда оқитын студенттеріміз, елшілік қызметкерлері сенбілік өткізіп өздері-ақ тазалайды, деді. Келесі жылы Сирияға барып, қазақтарға ежелден Шам атымен белгілі Дамаскідегі Әл-Фараби бейі­тіне соғып, құран оқуды ар­найы мақсат тұттық. Барсақ, баба­мыз­дың басы құр топырақпен ғана жасырылып жатыр. Елге қайта салысымен біресе Сыртқы істер министрлігіне, біресе Мәдениет ми­­нистрлігіне барып, ондағы аза­маттарға не істей аламыз десем, ондағылар шарасыз күй танытты. Біз осы шаруаны жылда қаржы­лан­­дыруды сұраймыз, бірақ жылда ол кейінге қалады. Бұл – бір, екін­шіден – Қазақстаннан сырт жер­дегі тарихи-мәдени ескерт­кіш­терді қорғауға, жөндеуден, қайта жаң­ғыр­тудан өткізуге қаражат бөлу жағы заңдастырылмаған, сол себептен біздің ықтиярымыздағы жұмыс емес деді. Содан не керек, жағдайды айтып, Парламентке бардым. Сенатор Кенжеғали Саға­диев ағамыз: “Биылғы бюджеттен қалып қойды, амандық болса келер жылы қарастырамыз”, деді. Бірақ менің тағы бір жылды “өлтіріп” қарап отырғым келген жоқ. “КТК” телеарнасына барып, онда қазір Алматыда тұратын сириялық аза­мат Самир Дерехті сөйлеттік. Ол: “Егер дәл қазіргі күні Қазақстан жағы басын ашып алмаса, Бей­ба­рыс сұлтанды меншіктегісі келетін­дер көп, қазақтар асықпаса батыр бабаларынан айрылып қалуы мүмкін”, деп ашық айтты. Осы өте дұрыс болды. Депутаттарды жаға­лағанымызда, олар жоға­рыдағы әңгімені естіп, құ­лақтанып, елең­деп отыр екен. Содан ол кездегі Мә­де­ниет министрі Ермұхамбет Ертісбаевқа де­путат Төлеген Мұхамед­жа­нов бауырыммен қайта бар­дым. Нәтижесінде үлкен топ болып, Үкімет бас­шысына барамыз деп шеш­тік. Сөй­тіп, ішінде де­пу­таттар, Мә­де­ниет ми­нистр­лігінің өкіл­дері, архи­тек­торлары бар 15-20 шақты адам Даниал Ах­ме­товтің қабылдауына кір­дік. Ахметов барлығын тың­дағаннан кей­ін: “Жарайды, сіздер мені әбден сендір­ді­ңіздер, қанша қаражат керек болса да таба­мыз”, деді. Со­дан жігіттер алғашқы жұ­мыс­тар үшін биыл 70 млн. қажет деп, ол алынатын бол­ды. Ал біз оның алдында оншақты азамат қосылып, оның ішінде екеуі сириялық жігіттер “Бейбарыс Сұл­тан мен Әл-Фараби атындағы қоғамдық қайырымдылық қорын” құрған болатынбыз. Сол қорға 30 млн. теңгенің сыртында қаражат жинадық. Жалпы құрылыс жұмы­сын­да алдын ала жобалау-ізденіс жұмыстары болады. Соған қажетті қаражатты осы қордан жұмсадық, ал қалғанын Үкімет қолдау көр­сетпесе, әрі қарай апару қиын. Өйткені, Фараби бабамыздың ба­сы­ның маңайында көптеген ескі үйлер болды, оларды қиратып, же­рін сатып алып, баба басына бара­тын жол салу қажет. Осы жұмыс­тарға қорда жинақталған қаражат жұмсалды. Обалы не керек, келесі жылы Үкімет Каирге бір млн. дол­лар, Дамаскіге бір млн. доллар бөл­ді. Одан Елбасының сол елдерге сапары болды. 2008 жылы жұмыс қызу жүргізіліп кетті. Біз барып осы жұмыстардың қалай атқарыл­ғанын өз көзімізбен көріп қайттық. Жұмыс қазір өте жақсы жүріп жатыр. Сұлтан Бейбарыс өзі сол арадан әуелде мешіт салған екен, мешітінің жанында медресесі бар. Мешітінің ішінде өзі жатыр да, мед­ресесі кітапхана. Жөндеу жұ­мыс­тары жоғары дәрежеде жүргі­зіл­ген, басына екі үлкен көктас қой­ылған. Және бұл қабыртас Қа­зақстан Республикасының атынан қойылды деген жазу ойылған. Туристер де жол салып қойыпты. Бұрын, 2006 жылы барғанда мұнда қазақтар келе ме деп сұрағанымда, былтыр бір кісілер келген, онан кейін ешкім ат басын бұрған емес деген жауап алған болатынмын. Содан олардан Әл-Фарабидің, Сұл­тан Бейбарыстың тегін білесіздер ме, олар қазақ баласы десем ма­ңайлатпаған, жоқ, олар араб, ал Сұлтан Бейбарыстың қарашай, шеркеш, күрд болуы мүмкін деп бой бермеген. Ал бұл жолы олай емес. Соған қуанып отырмын. Жаңа айттым ғой, мешіт жа­нында кітапхана бар екен деп. Соны асықпай араладым. Ішінен Әл-Фа­рабидың 3-4 кітабын кездес­тір­дім. Менің ойымша, осы қа­си­ет­ті орынға турист есебінде барып-кету жеткі­ліксіз, мемлекет деңгей­ін­дегі қарым-қатынасы­мыз­ды жол­ға қоймайын­ша, Бейба­рыс­ты қып­шақ даласының ұланы деп сырттай иемдену ұшпаққа жет­кіз­бейді. Ас­танадағы Еуразия уни­вер­ситеті мен Сирия уни­версиететі сту­денттер алмасып, жастарды оқы­ту жөнінен шарт жасасса, жақсы бо­лар еді ғой деп ойлаймын. – Қуанышыңызға біз де ортақпыз. Отырарда туған, әлемде екінші Аристотель атанған ұлы ұстаздың да осы топырақтың ұланы екенін дәлелдеу кезінде қиынға соқты емес пе? – Дұрыс айтасыз. Кеңес дәуі­рінде одақтас республикалар ая­сында ұлы ұстаздың біздің бабамыз екенін дәлелдегенімізбен, өзгелерге ол то­лық жетті деуге болмайды. Оған мы­салды жоғарыда айтып кеттім ғой. Біз бір өнбейтін даудан қаш­пай­тын болып барамыз. “Тисе те­рекке, тимесе бұтаққа”, деп ұлттық идея жайында түрлі пікірлер де айтамыз. Меніңше, ұлттық идеяға бастайтын алтын көпірдің бірі –осы. Бабаларымыз өшпес ерлігі мен асқан ғұламалығы арқасында әлемге мәшһүр болды. Ал енді оның соңындағы ұрпағы осыны неге жалғастырмайды. Ұлы тектен жаратылғандығын әлем алдында неге мойындатпасқа?! Әл-Фара­би­дей ғұлама өзге туғандарда бар ма? Иә, жуырда бабамыз жатқан жерден топырақ әкелініп, туған жеріне жеткізілді. Топырақ алып келген жақсы, бірақ бұл шешілген түйін емес қой. Осында келгеннен бері Сирияға барып келген аза­мат­тардың бәрімен хабарластым. Баба­мыздың басын қарайту шаруасын бірігіп қолға алайық дедім, суыры­лып шыққандары шамалы. Ал баба басы жұпыны, турасына көшкенде мұсылмандық белгісі шамалы. Жуырда жақсы жаңалық есті­дім, Үкімет басшысы баба басын жаңартуға қажет қаржы бөлінетін­дігін айтыпты. Кесененің жобасы дай­ындалып жатыр. Бірақ Әл-Фа­рабиге “құда түсушілер” осы күн­дері де жетіп артылады. Иран ба, әлде Түркия ма, баба жерленген жерді түгелімен заңдастырып, сатып алса қайтпексің? Түйткілді мәсе­ле­лер жеткілікті. Тағы бір жайды айта кетейін. Моңғолияға барған сапа­рымда Күлтегін ескерт­кіші жаны­нан қыбырлап-тырба­нып еңбек етіп жатқан түріктерді көр­дім. Жол салып, қонақүй құры­лысын бастап жатыр. Ертең сол тарихи орындар­мен заңдық негізде туристік бай­ланыстарды ретке келтіреді. Барыс-келіс жеңілдейді, кейінгі ұрпақ өздерінің арғы тегі туралы біліп шығады. Ал түрік баласы қазірдің өзінде осы өмірге түрік болып келгеніне қуанады. Олардың ұлттық рухы мықты. Қазақ баласының барлығы қазақ болып туғанына мақтанады деп айта аламыз ба? – Сіз көп елді аралаған жансыз. Айтыңызшы, осы көріп жүргеніңізде ұлтымызға үлгі болар ел көрдіңіз бе? Өзіңіз айтқандай, ұлттық рухы мұқалмаған елдің қатарына қай жұртты жатқызар едіңіз? – Маған жапондар ұнайды. Солардан үйренуіміз қажет. Олар өздерінің мәдениетін, дәстүрін сақ­­тай отырып, бүгінгі заманауи өз­герістерден еш кейін қалып жатқан жоқ. Қайта, ғылым-білім, жаңа технология дегендеріңіз өркендеп жатыр. Бірақ осыдан жапон хал­қы­ның тілі, мәдениеті еш зардап кө­ріп жатқан жоқ. Жа­пон тілін біл­мейтін жапондықты кездестір­мей­сіз. Өздерінің мәдениеті мен дәстү­рін сыйлау тұрғысында жапондық­тарды бүгінде әлем мойындайды. Жапонияға барған адам жапон­дарша иіліп сәлемдесіп жатады. Соның кимоносын киеді. Олар кішкентай балаларын жөргегінен жапон етіп тәрбиелейді. Жапон әйелдерінің көпшілігі үй­ле­рінде бала тәрбиесімен шұғылдана­ды. Біздер де әжелеріміздің, ана­ларымыздың тәрбиесінде өсіп едік қой. Біздің рухымызды әжелеріміз айтқан аңыздар тербетіп өсірді. Әке айбар болатын. Ал қазір бізде ерлі-зайыптылардың екеуі де ертеден қа­ра кешке дейін жұмыста. Бала­лар­дың тәрбиесімен айналысуға да уақыт жоқ. Қазіргі күні қалада өс­кен бала мен ауылда өскен ба­ла­ның арасында айырма көп. Ауыл ба­ласының ұлттық рухы мықты ма дей­мін. Сондықтан қала баласы­ның рухын нықтау үшін реті келсе, жаз­да демалыста ауылға жіберу қа­жет. Сосын интернет, теледидар жә­не өзге де ақпарат желістерінде жүйелі түрле жұмыстар атқарылуы тиіс. Бізге осы жапондардың моделі дұрыс болар еді деп топшылаймын. – Әңгімеңізге көп рахмет. Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ. Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.