7 тамызда Ташкенттің төрінде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Жапония мемлекеттерінің сыртқы істер министрлері бас қосып, “Орталық Азия – Жапония” үнқатысуы аясында келелі мәселелерді талқылады.
Осымен үшінші рет өткізіліп отырған кеңеске Өзбекстан Сыртқы істер министрі В.Норов, Жапония Сыртқы істер министрі К.Окада, ҚР Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаев, Қырғызстан Сыртқы істер министрі Р.Қазақбаев, Тәжікстан Сыртқы істер министрі Х.Зафари және Түркіменстан Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі С.Пірмұхамедов қатысып, “Орталық Азиядағы бейбітшілікті нығайту және тұрақтандыру мен әрі қарайғы әріптестіктің перспективалары” тақырыбында қазіргі кезде туындап отырған мәселелер жөнінде пікірлесті, қордаланған проблемалардың шешілу тетігін қарастырды.
Жиында әр мемлекеттің өкілдері екінші басқосуда қабылданған мақсат-міндеттердің орындалу барысына талдау жасап, жүзеге асырылған жұмыстарды мақұлдады. Сонымен қатар, Орталық Азия + Жапония” үнқатысу жоспарының өз елдерінде қалай орындалып жатқандығын нақтылады.
Жапония министрі Кацуя Окада Орталық Азия мемлекеттерінің жалпыға ортақ аймақтық тұрақтылығын сақтау мен дамуына байланысты қабылданған шешімдердің, сондай-ақ әріптестіктің түсіністікпен шешіліп келе жатқанына ризашылығын білдірді.
Үнқатысуға қатысушылар Қырғыз Республикасындағы қалыптасқан түйінді мәселелерге, оның шешілу тетіктеріне де тоқталып, Мемлекет басшыларының ондағы саяси жағдайды тұрақтандыру, әлеуметтік-экономикалық сектор мен инфрақұрылымдарды реттеу және елдің әрі қарай дамуындағы ұстанып отырған ұстанымына жылы лебіздерін білдірді. Қырғыз Республикасындағы жағдайға көз жұмып қарауға болмайтындығын, тұрақтылықты сақтауға қай-қайсының да көмек қолын созуға дайын екендігін атап өтті.
Жиында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаев сөз алып, үнқатысуға байланысты Қазақстанның өз міндеттемелерін толық орындап келе жатқандығын ортаға салды. Қанат Саудабаевтың атап өткеніндей, Қазақстан ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде басым бағыттар – бейбітшілікті сақтап, тұрақтылықты қалыптастыруға зор үлес қосып келеді. Осы жиынға жапон жағының қатысуы көрші елдердегі су-энергетикалық ресурстар, инфрақұрылым, коммуникация және ондағы халықтардың жағдайын жақсарту бағдарламасына қатысты қабылданған басты жобалардың жүзеге асуына көмектесетіндігіне сенімді екендігін атап өтті.
Бақтияр ТАЙЖАН.