“Өз қолымнан келмеген нәрселерді маған артудың қажеті жоқ. Президент Әкімшілігінің аппараты, Үкімет және Президент жанындағы Жоғарғы экономикалық кеңес сынды серпінді жүйелер ел болашағының тұрақты әрі қарқынды дамуына даңғыл жол салып бергені ақиқат. Ең бастысы, ел Президентінің қызметі мен оның Қазақстан азаматтарының тағдырына деген жауапкершіліктен туындаған ерлігі, сонымен қатар либералды экономика құрылымындағы таңдап алынған дұрыс бағыттың біз үшін маңызы айтарлықтай орасан зор”, –деп осылайша еліміздегі либералды, нарықтық экономика құрылымында өзінің міндеті туралы Дәулет Сембаев берген бір сұхбатында сыр ағытады. Тұлғаны қалыптастыратын адамның аты-жөні ғой. Егер қазір “Дәулет Сембаев” деп қана бірауыз сөз айтсақ, кез келген адам: “Сембаев – Қазақстан қаржы жүйесінің негізін салушы” – деп айтары анық. Әрине, мұндай жағдайда Дәулет Хамитұлы жоғарыда келтірген сұхбат үзіндісінде келтіргендей “Жалғыз мен емеспін” деп міндетті түрде сөйлемді түзетеді. Алайда қиын-қыстау кезеңі болып саналатын 1993 - 1996 жылдардағы Сембаевтың Ұлттық банкке басшылық еткен кездеріндегі және еліміздің барлық қаржы секторының дамуына қосқан сүбелі үлесін ешкім де ұмытпайды. Өйткені бұл – “тасқа қашалып” немесе санаға әбден сіңіп кеткен, дәлелдеуді қажетсінбейтін тарихи шындық. Бұл тұлғаның есімі ел тәуелсіздігінің қалыптасу жолындағы тарихта алтын әріппен жазылып қалары анық. Парасат-пайымы мол, еңбексүйгіш айтулы азамат бүгін біздің ортамызда. Өзінің 75 жылдық мерейтойының қуанышымен көпшілікті қуантып отыр.
75 жас – көп адам үшін атақ пен даңқ, абырой мен беделдің қызығын көретін жас. Бірақ, бұл Сембаевтың табиғатына жат нәрсе. Күні бүгінге дейін Дәулет Сембаев өзінің қажыры мен қайратын еліміздегі ең ірі банктердің бірі болып есептелінетін Қазкомның топ-менеджері қызметіне арнап келеді. Д.Сембаевты “бұрынғы қаржыгер” немесе “зейнеткер” деп айтуға ешкімнің тілі батпас. Өйткені өзінің жасына қарамастан, бұл адам өзінің күш-қайратын қоғамның дамуына арнап келеді. Қарапайым ғана бір мысал келтірсек, бірнеше жыл бұрын “Эксклюзив” деген журнал нарықтық қаржы жүйесінде әлдеқайда көп беделге ие болған банк секторының топ-менеджерлеріне тәуелсіз сауалнама жүргізген болатын. Бұл сауалнама қаржы рыногындағы барлық сала қызметкерлерінің арасында жүргізілген еді. Сауалнамаға қаржы секторының өкілдері болып табылатын 118 адам қатысты. Сауалнама нәтижесі бойынша басым көпшілік қауым топ-менеджерлер арасында ең жоғарғы беделге ие адам деп сол кезде 70 жастағы Қазкоммерцбанктің директорлар кеңесі төрағасының орынбасары Дәулет Сембаевты белгілеп, рейтингтің біріншілігінен көрінуіне себепші болған.
Өз әріптестерінің арасында жоғарғы беделге ие болу қиынның қиыны екені жасырын емес. Ал егер бір-біріне мүлдем тәуелсіз адамдардың араларында бірдей жауап шығып, барлығы бір мезетте бір адамды көрсетіп жатса, бұдан асқан кәсіби бағалаушылық болмайтын да шығар. Мемлекет пен қоғамның Дәулет Сембаевтың қызметіне берген жоғары бағасы соншалық, тіптен тізімге сыймай жатқан атақ пен абырой бұл адамның бойында жетерлік. Солардың ішінде “Парасат” және бұрынғы КСРО кезіндегі “Еңбек Қызыл Ту” мен “Құрмет Белгісі” ордендерінің мәні мен мағынасы, қадірі мен қасиеті мүлдем бөлек.
“Сіз еліміздің экономикасына елеулі әрі салмақты үлес қостыңыз. Көп кедергілер мен қиындықтарды да жеңіп шықтыңыз. Шығармашылық қабілеті зор тәжірибелі маман ретінде өз қызметтестеріңізден әлдеқайда алда болдыңыз. Өзіңіздің біліміңіз бен ақылдылығыңыздың, жоғарғы ұйымдастырушылық қабілеттеріңіздің арқасында дараландыңыз”, –деп Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов өзінің Дәулет Сембаевқа арнаған құттықтауында осылайша оның қызметіне құрмет білдірген еді.
Кәсібилік – жүйелі ойлау мен ақылдылықтың, қарапайымдылық пен жарасымды әзіл-қалжың сезімдер ұшқынының, кішіпейілділік пен сыпайылықтың жемісі. Осының барлығы жүйелі түрде еліміздің экономикасы мен қаржы секторының дамуында адал қызмет етіп келе жатқан Дәулет Сембаевтың бойынан табылған артықшылықтың аз ғана бөлігі. Бұл пікірімізге Қаржы бақылау агенттігінің төрайымы Елена Бахмутова да қосылатындығын төмендегі өзінің айтқан пікірінен толық аңғарғандаймыз.
“Таным көкжиегі кең, мәселелерді түсінудегі шеберлігі, кез-келген істегі оның батылдығы мен өзіне деген жоғары талап қоюшылығы – осының бәрі Дәулет Хамитұлының ең қиын мақсаттар мен жеңістерге жетуіне жол ашады. Қазақстанның тұрақты дамуына қосқан білімгерлік үлесі мен екпінді серпілісін жұрттың бәрі жақсы біледі. Осының арқасында Дәулет Хамитұлы өз әріптестері мен өсіп келе жатқан ізбасарларының алдарында жоғары беделге ие болуына арқау болды”, – деп атап өтеді Елена Бахмутова.
Дәулет Сембаевтың өмір жолы қазіргі қазақстандық өскелең жас толқын үшін жан-жақты толық жетілу мен адамгершілік, қарапайымдылық пен шыншылдықтың үлгісі бола алатынына Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігінің төрағасы Аркен Арыстанов сенімді. Сонымен қатар Ұлттық банктің төрағасы Григорий Марченко да Дәулет Хамитұлы туралы жақсы естеліктерді айтып, өзінің әріптесіне деген ізеттілігі мен құрметі бөлек екендігін білдіріп жатады. Қазақстанның қаржы мен банк секторында өзіндік қолтаңбасы бар екі ірі тұлғаның бірлесіп жұмыс істеуіне ел тәуелсіздігінің қалыптасу жылдарындағы оқиғалар себепші болды. Григорий Марченконың айтуынша жетекшілік ісін өз қолына алған, келешектегі мемлекеттік комиссия мүшелерінің бірі болуына себепші болған 1993 жылдағы ұлттық валютаның енгізілуі, одан кейінгі 1994-1996 жылдардағы Дәулет Сембаевтың Ұлттық банкті басқару кезеңдері мен 1997 жылдағы жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қалыптасу сәттері ең бір естен кетпейтін, ешқашан ұмытылмайтын жақсы естеліктердің бірі.
“Дәулет Хамитұлы елімізге өз өмірін арнады”, – дейді Ұлттық банктің қазіргі басшысы Григорий Марченко. Елде болған қиын кезеңдерде Ұлттық банктің басшылық қызметіне келген ол елдің қаржы институттарының қалыптасуы мен қаржы бірлестігін шоғырландыру жұмыстарында ерекше еңбек сіңірді. Ол әрдайым ақпарат пен білімді бір-бірімен ұштастырып, қоғамға қажетті серпілісті туғызуға себепші болды. Тек оның ғана күш салуының арқасында Ұлттық банк 90-жылдардың ортасында еліміздің экономикасы мен қаржы секторындағы пәрменді орталыққа айналды. Бүгінгі таңда Ұлттық банкте Дәулет Хамитұлының салып кеткен сара жолы өз жалғасын тауып келеді. Әлем бойынша қазіргі қиындық туғызып жатқан қаржылық дағдарыс кезінде, қаржы институттарының ықпалын бекемдеу мақсатында елдегі ең ірі қаржы институттарының бірінде аянбай еңбек етуде.
Қазкоммерцбанктің директорлар кеңесінің төрағасы Нұржан Субханбердин өз сөзінде: “Дәулет Хамитұлының Қазкомға келгені, банк үшін айтарлықтай маңызды оқиға болды. Мол тәжірибесі, зор беделі бар Дәулет Хамитұлы тек біздің ғана банкімізге қол ұшын беріп қана қойған жоқ, сонымен қатар қаржы секторындағы даму жолдары мен банктерді қаржы дағдарысынан алып шығу жауапкершілігін өз мойнына алды. Оның өмірге деген адалдығы мен қызметке деген жауапкершілігі бәрімізге үлгі боларлықтай. 90-жылдардың бас кезінде Дәулет Хамитұлымен болған ең алғашқы кездесуімнен қалған әсер, сана-сезімі жағынан да, ой өткірлігі мен жұмысқа бейімділігі жағынан да ол өзіміздің құрдастарымыздың ортасында әлдеқайда жас көрінетін”, –деді. Шын ниеттен айтылған бұл сөздің астарында қаржыгер ақсақалға деген зор ықылас пен құрметтің көрінісін бағамдау қиын емес.
Ұлттық банктен ауысқаннан кейін ғана Дәулет Сембаев арбаға отырып өмір жәрмеңкесіне белсене араласты. Бұлай дейтін себебіміз, оның өмірдегі өнегелі құндылығы мен ішкі жансарайының шапағаты ұшан-теңіз. Бір жағынан арба – жүруге арналған ескі сәндік көлік құралының бірі шығар. Алайда оның баяу жүрісінің өзі көп артықшылыққа ие. Мәселен, жан-жақтағы құбылыстарды асықпай әрі нақты көруге, түйсінуге, сезінуге, өмірді бағалау мен пайымдауды үйрену жолында кейінгі толқын жастарға үлкен өнеге болары сөзсіз. Ақылмандық өмірлік тәжірибе іспеттес, жойылып кету мен құнсыздануға жол бермейді.
Сол үшін оның өмірі мәнді де сәнді әрі ұзақ болуын тілейміз.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.