Қазіргі таңда елімізде кейбір адамдар үшін өзекті проблемаға айналған мәселелердің қатарында тұрғын үй саласындағы үлескерлер жайы тұр. Бұл проблема, әсіресе, Астана мен Алматы қалаларында көптеп көрініс беріп отыр. Үкіметтің қолдауы арқасында үлескерлер мәселесінің түйіндері айтарлықтай шешім табуда. Дегенмен, осы іске үкіметтік емес ұйымдар да өз үлестерін қоспақ. Солардың бірі кеше елордада тұсауы кесілген үлескерлерге заңдық тұрғыдан көмек қолын созатын “Тұрғын үй құқығы” қоғамдық бірлестігі болып отыр.
– “Тұрғын үй құқығы” қоғамдық бірлестігі астаналық үлескерлердің сала бойынша туындаған түрлі сұрақтарына жауап беруге әзір. Біздің негізгі мақсатымыз бір немесе одан да көп пәтерге үлескер болған барлық азаматтарға заңдық тұрғыдан қолдау көрсету. Бүгін алғашқы өтініш берушілерді қабылдап та үлгердік. Тұрғындардың проблемаларының ішіндегі ең нәзігі болып саналатын тұрғын үйге байланысты заңдық көмегімізді біз қашанда аямаймыз. Қоғамдық бірлестіктегі білікті заңгерлер әманда халық үшін кеңес беруге әзір, – дейді аталған бірлестіктің жетекшісі Ғалия Бөлегенова.
Астанадағы Жастар шағын ауданы маңайында Ш.Уәлиханов көшесі бойында орналасқан “Тұрғын үй құқығы” қоғамдық бірлестігінің елорда жұртшылығына берер заңдық кеңесі тегін. Олар тұрғын үй мәселесіндегі проблемаларды білуге құмартқан кез келген жанға жол көрсетпек.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК. АСТАНА.