• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
11 Тамыз, 2010

Сағындырған сол бір ән немесе “Ақ ерке ақ Жайық” әні қалай туды?

2484 рет
көрсетілді

Қасиетіңнен айналайын туған жердің қа­дірін одан алыс кеткенде білесің. Сонау сек­сенінші жылдардың ортасында Алматыда оқып жүргенімізде Атырауды қатты аңсап, сағынатын едік. Ауылдан үш мың шақырым алыста жүру оңай ма? Оның үстіне қалтасы жұқа студентпіз. Қарның ашса шауып бара қоятын ағайын жоқ. Біреу “Гурьевтен едім” десе, жылап қоя беруге шақ жүресің. Біздің осындай көңіл-күйімізді одан сайын босатқысы келгендей сол кезде радиодан Еділ, Жайық, Жем, Ойыл туралы небір ғаламат сұлу әндер шырқалатын. Солардың ішінде жанымызды ерекше толқы­тып, елге деген сағынышымызды жұдырықтай жүрегімізде тулататын бір ән – Шәмші Қалдаяқовтың “Ақ ерке ақ Жайығы” еді. Ақ Жайықтың көз тойғысыз ғажап сұ­лулығын асқақ романтикамен жырлайтын бұл әннің шығу тарихы туралы бір жолы Атырау облысының Дендер ауданында іссапарда бірге жүрген кезімізде жазушы-драматург, марқұм Берік Қорқытов ағамыз былай деп әңгімелеп берген болатын. – 1965 жылдың желтоқсан айында Аты­рауға ақын Төлеген Айбергенов пен компози­тор Шәмші Қалдаяқов келе қалды. Екеуі сол кездегі Гурьев қаласында бірнеше күн болып, облыс аудандарын да аралады. Сол кезде олар­ды Жайықтың Махамбет ауданының тұсынан өтетін қалың тоғайдың ақ қыраудан сырға таққан талдары қатты тамсандырды. Жайық, шіркін қыста да әдемі ғой. Ағаш бұтақтарына жабысқан қыраулар бейнебір аппақ қылқанды шыршалар секілді көзді арбайтын. Ал оған күн сәулесі түскенде аспанның сандаған жұлдыз­дары ұшып кеп, ағаш бұтақтарына қона қалғандай әсерге бөлеуші еді... Аудандарды аралап, қалаға оралған күні ақын мен композиторды “Орал” мейрамха­на­сында күтіп алдық (бұл мейрамхана күні бүгін­ге дейін бар). Біраз отырып, мейрамханадан шыққан соң Жайықты бойлап, қонақ үйге жаяу тарттық. Аяқ астында желтоқсанның аппақ қа­ры сықыр-сықыр етеді. Аязды ауа жан сергіте­тіндей тап-таза еді. Төлеген Айбергенов және облыстық комсомол комитетінің сол кездегі жа­уапты қызметкері Қатимолла Ризуанов бастаған бір топ сәл ілгері кетіп, Шәмші артта қалыңқырап қойыпты. Оның үстіне ол әңгімеге онша араласа бермейтін. Бір жағынан сонысын ескеріп, біз оны онша қыстамадық та. Әрнені әңгімелеп келеміз. Кенет біздің әңгімемізді жанымызға алқына жеткен Шәмші бөліп жіберді: – Тө-тө-төлеген, – деді ол тұтығыңқырап. – Қа-қарашы, ақ Жайық ән салып тұр ғой... – Иә, – деп Төлеген де тоқтай қалды. Сол сәтте бәріміз ақ қар, көк мұз құрсанып жатқан Жайыққа қарадық. Бірақ, Шәмші мен Төле­геннен өзгемізде табиғатпен тілдесетін қабілет шамалы еді. Бар түйгеніміз: “Е, Шәкеңнің жүрегінен ән туып келе жатыр екен ғой” деп қойдық. Осыдан соң бәріміз қонақ үйге жетуге асықтық. Онда пианино тұрған зал бар еді. Шәкең сол жаққа аяңдады. Біздің дәл көз алдымызда осы күнгі “Ақ ерке ақ Жайықтың” әуені ойналды. Екі-үш күннен бері Жайықтың кербез көркіне таң-тамаша болып жүрген Төлеген де қамшы салдырмады. Отыра қалып, мынадай сұлу шумақтарды мөлдірете жазды: Арманым саған ауған, Самал соқса жағалаудан. Жүректе тербетілген ақ Жайығым, Ақ еркем, аңсаған ән өлкем... Осылайша Жайық туралы жаңа ән дүниеге келді. Оның тұсауы Атырауда кесілді. Әнді атыраулық әнші Өтеген Олжабаев орындады. – Сол жолы Атыраудағы “Жилгородок” шағын ауданы клубының концерт залына ха­лық сыймай, кешті аяқтарынан тік тұрып тама­шалады. Олардың арасында сол кездегі облыс­тық партия комитетінің бірінші хатшысы Мұ­хам­бет Есенов те бар еді, – деп жазады өзінің бір естелігінде сол кездегі облыстық комсомол комитетінің жауапты қызметкері Қатимолла Ризуанов ағамыз. Қатимолла аға сол жолы ақын мен композитордың облыстағы іс- сапарында олардың қасында болыпты. Бүгінде Шәмші мен Төлеген ағаларымыз дәм татқан “Орал” мейрамханасы тура сол кездегі өз орнында тұр. Кейде мұнда түстік ішіп отырып, жан-жағыма елеңдей қараймын. Шәмші ағамыз мына үстелдердің қайсысында отырды екен? Мейрамхана іргесінен өтіп жатқан ақ Жайық та дәл баяғысынша толықси ағып жатыр, жарықтық... Шәмшінің құдіретті әні туған жер. Осы бір ән бүгінде сирек орын­далады. Осыдан көп жыл бұрын Атырау теле­ди­дары бұл әннің музыкасын әр күнгі хабарлар басталар сәттегі беташар әуен ретінде қолданатын. Кейін бұл неге екені белгісіз, алынып тасталды... Бүгінде көптеген жиын-той, отырыстарда жұрт­тың бүгінде ретроға айналған кешегі есті ән­­дерді ұмытып қалғанын байқаймыз. Тіпті, табиғат ғажап дауыс сыйлаған әншілердің өзі әннің сөзін бұзып айтып тұрғанына еш мән бермейді. ...Ақ Жайықтың Шәмші мен Төлеген жүріп өткен тұсы газет редакциясынан таяқтастам жерден көрінеді. Кейде компьютер сорып, шар­шағанда алдымдағы үйіліп жатқан жұмы­сымды ысырып тастап, сол жерге тартамын. Жағадағы саздауыттан Шәмші мен Төлегеннің басып өткен ізін іздеймін. Сол сәтте қасие­тіңнен айналайын, ақ Жайық көз алдымда ән болып толқиды... Тарас НАУРЫЗӘЛІ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Атырау.