• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
11 Тамыз, 2010

Кеше...

478 рет
көрсетілді

...“МЕКТЕПКЕ ЖОЛ” АКЦИЯСЫ ӨТТІ Баланың бақытты күлкісі көбіне әке мен ана мейірімі мен оларға жасалған қамқорлықпен өлшенеді. Демек, осы бағытта қолға алынған “Мектепке жол” акциясы ауқымында Талдықор­ған қалалық білім бөлімі ма­ңыз­ды шараларды қолға алып, жос­парға сай оқушыларға қайырым­дылық көмек көрсету, оларды жаппай оқуға қамту бағытында рейдтер ұйымдастырып, семи­нарлар өткізіп келеді. Күні кеше осы бағытта бас қосқан арнайы комиссия жетім, жартылай жетім, әлеуметтік жа­ғы­нан аз қамтылған отбасы ба­ла­ларының қажеттілігін шешу мақсатындағы жұмыстарды ор­та­ға салып, ұжымдар мен жеке де­меушілерден жиналған заттарды бөлді. Оқу құралдары, мектеп фор­масына ие болғандар шын қуанды. Биыл шаһардағы 375 бала­ның көмекке зәру екендігі анық­талса, оларды қалталы азаматтар мен кәсіпкерлер өз қамқор­лық­тары­на алған. Осылайша, ұрпақ болаша­ғына жол ашқан акция одан әрі жалғасып, балалардың мерейін өсіріп, ертеңгі күнге де­ген берік сенімін қалыптастыруда. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы. ...ҮШІНШІ АУЫСЫМ БАСТАЛДЫ Бурабайдағы “Приозерный” демалыс және сауықтыру орта­лы­ғында жастардың инно­ва­ция­лық-танымдық лагерінің үшін­ші ауысымы жұмысын бас­та­ды. “Нұр Отан” ХДП “Жас Отан” жастар қанаты мен Білім және ғылым министрлігі ұйым­дас­тырған шараның ашылу сал­та­натында Президент Әкімшілі­гі­нің және Ақмола облысы әкімдігінің өкілдері, “Нұр Отан” ХДП хатшысы Қ.Сатыбалды, “Жас Отанның” атқарушы хат­шы­сы Н.Өтешев құттықтау сөз сөйледі. Лагерь биылғы жаз айларын­да 400-ге жуық жасты қабылдап, көптеген танымдық шаралар өт­кізді. Ал, “Отаншыл” деп атала­тын үшінші ауысымның қаты­су­шылары арасында “Жас Отан” жастар қанатының барлық дең­гейдегі атқарушы хатшылары­ның болуы, ел жастарының ал­дында тұрған міндеттерді терең саралауға мүмкіндік береді. Мұнда Байланыс және ақпарат, Ауыл шаруашылығы министр­лік­терінің, Мемлекеттік басқару академиясының, Елбасының ха­лықаралық “Болашақ” стипен­диат­тарының, бизнес өкілдерінің пікір алмасу алаңдары, семинар-тренингтер өткізіледі. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы. ...ҚАМҚОРЛЫҚСЫЗ ҚАЛҒАНДАРҒА ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАЛДЫ Тұрмысы төмен отбасындағы және ата-анасының қамқорлы­ғын­сыз қалған балаларға оқу құралдары мен қажетті киім-ке­шектер үлестірудің республика­лық акциясына қармақшылық­тар да кеңінен қатысуда. Жосалы кентінің орталық алаңында ұйым­дас­ты­рылған қайырымдылық акция­сын­да 100-ге жуық балаға қо­мақты тарту-таралғылар жасалды. Сондай-ақ, осы шарада “Қызыл Ай” қоғамының облыстық бө­лім­шесі тарапынан 13 оқушыға 550 мың теңге көлемінде қар­жылық көмек көрсетілді. Ата-анасынан айырылған қос бүлдіршінді бауырына басқан ақ жаулықты әже С.Жүнісбаева аудан әкімдігі мен сала бас­шыларына, жекелеген кәсіпкер­лерге ризашылығын білдіріп, аналық ақ батасын берді. Еркін ӘБІЛ. Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы.