• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
11 Тамыз, 2010

Жауапкершілік аясы кеңейе түспек

463 рет
көрсетілді

Кеше “Нұр Отан” ХДП Орталық аппаратында “ЕҚЫҰ-ның дағд­арыс­тан кейінгі жұмысын жетілдіру ба­сымдықтары” тақырыбында семинар өтті. Семинарға Қазақстандағы ЕҚЫҰ орталығының басшылары, Президент Әкімшілігі мен Қазақстан СІМ-нің ЕҚЫҰ мәселелерімен айналысатын өкілдері, ұлттық және халықаралық сарапшылар мен саясаткерлер қатысты. Басқосу кезінде “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орын­ба­сары Нұрлан Нығматулин “Елімізді осындай жоғары деңгейге көтерген Президентіміздің бастамаларын қолдау мақсатында “Нұр Отан” партиясы да ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Біз алдағы уақытта Елбасымыздың тапсырмасына, еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіне, Астанада өтетін Саммитке байланысты дайындық жұмыстарын абыроймен жалғас­тыра­мыз деген ойдамын”, деді өз сөзінде. Бұл ретте ол төрағалық ке­зінде саяси салада туындайтын әр­түрлі келеңсіздіктерді бейбіт жол­мен шешу, экономика мен ғылым салаларындағы әріптестіктің басым бағыттарын айқындау, қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзекті түйткілдерді бір жүйеге келтіру се­кіл­ді мәселелердің маңызды бола­ты­нын атап өтті. Н.Нығматулин сондай-ақ, би­ыл­ғы жылдың 1-2 желтоқсаны күн­дері Астанада ЕҚЫҰ Саммитінің өтуі – әлемдік қауымдастық ал­дын­дағы Елбасының халықаралық беделі мен бастамаларының мой­ын­далуы екенін атап өтті. “ЕҚЫҰ-ның Саммиті соңғы 10 жыл ішінде өтпегенін білесіздер. Ал Қазақстан соңғы 10 жыл ішінде ТМД және Азия елдерінің ішінде, сондай-ақ, осы ұйымның тарихында ең алғаш­қы болып осындай ауқымды сам­мит­тің бастамашысы болып отыр. Бұл сөзсіз, бізге үлкен жауапкерші­лік жүктейді. Сонымен қатар,  Сам­миттің өтуіне тікелей мүдделі­лік танытатын мемлекеттік орган­дар мен үкіметтік емес ұйымдарға  да ауқымды міндеттер жүктейтіні анық. Қазақстан осы ұйымға төр­аға­лық ету кезінде еуропалық қауіпсіздік кеңістігіндегі түйткілді мәселелердің түйінін шешуге күш салатын болады. Сол арқылы ЕҚЫҰ-ның Еуропа мен Азия аралығын қамтитын мәселелерді тарқатуда өзінің жауапкершілік аясынан кеңейтпек”, – деді партия Төрағасының бірінші орынбасары. Отырыс барысында ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығы басшы­сы­ның орынбасары Жаннет Клетцер  дүние жүзінің беделді ұйымының негізгі бағыттары мен болашақ жұмыстары, сондай-ақ, та­рихы жөнінде жан-жақты тоқта­лып, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­ағалығы әлемдегі қауіпсіздік са­ласындағы түрлі мәселелерін оң­тайландыруға сеп болатындығына сенім білдірді. Басқосу кезінде партия өкілі ЕҚЫҰ-ның қызметі негізінен 3 өлшемге негізделгенімен, көп жыл­дар бойы ұйым қызметі тек бір өл­шемге сүйеніп келгеніне тоқталды. “Өкінішке орай, кейбір жылдары беделді ұйым бір бағыт бойынша, яғни, саяси түйіндерді шешу бағы­тында ғана жұмыс атқарып кел­ген еді. Бірақ та біз бұған тү­сі­ністікпен қараймыз. Себебі, ұйым­ның, он­дағы жұмыс ат­қаратын сарапшы ма­мандардың тәжірибесі мол. Бұл тәжірибе көп жағдайда көптеген елдердегі де­мо­кратиялық рефор­ма­ларды рет­теуге сеп болғаны анық. Бұл ретте Қазақстанның төраға­лығы кезінде еліміздің көтерген көп­теген бастамалары, өңірлік, қауіп­­сіздік мәселелерді шешудегі қадамдары қолдау тауып келеді. Мәселен, қазіргі жаһандану за­манына тән қиындықтарды шешу үшін Қазақстан ұйымды жаңарту, жа­ңалау бастамасын ұсынды”, – деді Нұрлан Нығматулин бұл турасында. Семинарға қатысушылар Қа­зақ­станның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы аталған ұйымның назарын Еур­азия қауіпсіздігіндегі өзекті мәселелерге аударуға, сол арқылы ЕҚЫҰ-ның жауапкершілік аясын Еуропадан Еуразияға дейін кеңейтуге мүм­кіндік береді деген ойларын жеткізді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.