• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
11 Тамыз, 2010

Он бес күнге созылған ордалы ойын

658 рет
көрсетілді

ХХІІ Мәскеу жазғы Олимпиадасына 30 жыл Үстіміздегі жылғы шілде-тамыз айларында ХХІІ Мәскеу жазғы Олимпиадалық ойындарының өткеніне 30 жыл толды. Төрткүл дүние түгел құлақ түріп, көз қадаған сол ғаламат спорт жарыстары шілденің 19-ында басталып, тамыздың 3-інде мәреге жетті. Жер шарының 80 елінен келген 5 189 сайыпқыран спорттың 21 түрінен 150 жеке және 53 командалық жарыстар бойынша 203 медальдар комплексін сарапқа салды. Мәскеу Ойындарында 74 олимпиадалық, 39 еуропалық және 36 әлемдік рекордтар жаңартылды. Бұл деңгейдің қаншалықты жоғары болғанын білдіру үшін мұның алдында 1968 жылғы Мехико олимпиадасында – 28, 1972 жылғы Мюнхенде – 23, 1976 жылғы Монреальда 34 әлемдік рекордтардың тіркелгенін айтсақ та жеткілікті. Ойындарға осының алдындағы Олимпиадалардағы алтын медальдардың 70 пайыздай бөлігін жеңіп алған елдердің спортшылары қатысты. Осының өзі мұнда келмей қалған бірқатар елдер спортшыларының басты бәсекелерге пәлендей әсер ете алмағанын көрсетеді. Мәскеу Олимпиадасы туралы айтқанда, оның алғаш бата алған шағына тоқталмаудың реті жоқ. Ол жолдаманы 1974 жылғы 23 қазанда Австрияның астанасы Вена қаласында өткен Халықаралық олимпиялық комитеттің 75- сессиясында алды. Комитет төрағасы ирландық Майкл Моррис Килланин мырзаның өзі Ойындардың Кремльді қалада өтуіне ықылас танытты. КСРО астанасы бұл таласта АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласын жеңіп шықты. Ал Халықаралық олимпиялық комитеттің 77-сессиясы осы Ойындар бағдарлама-күнтізбесін бекітіп берді. Ал мұның алдында ХХІІ жазғы Олимпиаданы өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің өтініші бойынша Бүкілодақтық гидрометеорологиялық ақпараттар ғылыми-зерттеу институты соңғы 100 жылға жуық уақыт ау­қымындағы ауа райына бақылау жүргізу нәти­желерін мұқият зерттеп шыққан еді. Оның қорытындысымен Мәскеудегі ең жылы мезгіл шілденің екінші жартысы мен тамыздың бас жағы аралығында орын алатыны анықталды. Бірақ нағыз “ауа райының бұзылуы” Ойындар өтетіннен бір жылдай бұрын, 1979 жылдың желтоқсан айында басталды. Мемлекеттер арасын­дағы саяси сипаттағы қабақты күрт өз­гер­тіп жіберген бұл оқиға осы кезде кеңес әс­кер­лерінің Ауғанстанға басып кіруінен өрбіді. Сол шақта Кабулға десант тастауға өзі де құш­­тар болып отырған АҚШ президенті Джеймс Картер Кеңес Одағы сарбаздарын алып кетпесе, Олимпиадалық ойындарға бойкот жариялай­­тынын мәлімдеп, айдаладан сес көрсетті. Нәтижесінде келесі жылы АҚШ, ГФР, Қытай, Жапония және Канада бастаған 30 ел Мәскеуге спортшылар делегациясын жібермей қалды. Соған қарамастан, Мәскеу Олимпиадасы озық ойлы адамзатқа орман шайқатардай ке­ре­мет бір табыспен өтті. Ол сол кезеңдегі әлем құ­лақ түрген ұлы оқиғалардың ең бастысына айналды. Мәскеу Олимпиадасы ең алдымен алдағы сол байрақты бәсекелер өтетін жаңа спорт ке­шендері мен ареналарын салып, қатарға қосудан басталды. КСРО астанасында осы кездің өзінде бір мезгілде миллионға жуық адамның басын жинай алатын 5 мыңнан артық әртүрлі спорт ғимараттары бар еді. Бірақ спортшыларға, кө­рер­мендер мен қонақтарға барынша жақсы жағ­дайлар жасау үшін бұрыннан бар спорт ке­шендерін қайта жаңғыртып, жаңадан бірқатар мекендер салу қажет болды. Қаланың солтүстік бөлігінде екінші спорт орталығы қатарға қосыл­ды. Мұндағы Бейбітшілік даңғылы мен Ком­муна алаңы ортасында қанатының астына екі бөлек үлкен зал мен жүзу бассейнін қатар алған жабық стадион пайда болды. Енді Крылатское ауданы жаңа спорт орталығына айналды. Мұнда бұрын Еуропадағы ең ірі ескекпен жүзу ка­нал­дарының бірі бар еді, Ойындардың қарсаңында қайықтар эллингтері, спорт залдары, қызметтік баспаналар сап түзеді. Бұлардан басқа, жүзу каналына таяу маңнан садақ ататын стадион, шеңберлі веложол мен жабық велодром бой көтерді. Сонымен қатар Измайловодағы мем­лекеттік орталық дене тәрбиесі институтында бірнеше бассейн мен ауыр атлеттер жарысатын залы бар кешен кереге керді. Ал Олимпиялық деревня Мичурин даңғылы бойына қоныс тепті. Бұдан бөлек, халықаралық алты класс бойынша желкенді қайықпен жарыс Эстония астанасы Таллин қаласында ұйымдастырылды. Олимпиялық ойындардың ашылу салтана­тының өзі нағыз спорттық мерекеге ұласып, оны көрушілерге ғаламат әсер етті. Ол Лужни­кидегі үлкен спорт аренасында өтті. Рәсім басында Олимпиялық ойындардың үш мәрте чемпионы, жеңіл атлет Виктор Санеев қолына Олимпия алауын ұстап, алаң ортасына шыға кел­ді. Стадионды айнала бір жүгіріп өткен ол алауды Олимпиада чемпионы, белгілі баскет­бол­шы Сергей Беловқа жеткізді. Сол сәт Шы­ғыс трибунасы үстінен кенет ақ түсті қалқандар төселіп, жоғары қарай жол салына қалды. Міне, сол қалқандардың үстімен биікке жүгіре өрлеген спортшы төбедегі ернеуге барып, Олимпиялық кеседен аспанға қарай от лаулатты. Астауда жалын лап ете түскен бойда композитор Дмит­рий Шостаковичтің кейін Мәскеу Олимпиа­дасының музыкалық эмблемасына айналатын “Мерекелік увертюрасы” шалқып ала жөнелді. Осыдан кейін Ойындарға қатысушы құрамалар­дың делегаттары салтанатты шерумен стадион ішін бойлай жүріп өтті. Ал Монреаль Олимпиа­дасының қаһарманы, кеңес гимнасты Николай Андриянов барлық қатысушылар атынан олим­пиялық антты оқып берді. Сол сәтте стадион­дағы алып таблодан жеті қат көктің төрінде самғап ұшып жүрген кеңес ғарышкерлері Леонид Попов пен Валерий Рюмин бейнелері көрініп, олар олимпияшы оғландарды бастал­ғалы тұрған спорт мейрамымен құттықтады. Ал ертеңіне, шілденің 20-сында жан беріп, жан алысатын бәсекеге толы жанкешті жарыс­тар басталды кетті. Оның қорытынды нәти­же­сінде 80 алтын, 69 күміс және 46 қола, барлығы 185 медальды қоржынға басқан КСРО спорт­­­шылары ресми емес есепте жалпы командалық бірінші орынды жеңіп алды. Командалық екінші орынға 47 алтын, 37 күміс және 42 қола медальмен ГДР спортшылары орналасты. Үшінші тұғыр 8 алтын, 16 күміс және 17 қола медаль алған Болгария командасына бұйырды. Әлбетте, осы ұлы дүбірдің қалың ортасында Қазақстаннан барған 20 спортшы да жарысқа жалын қосып, жарқылдап жүрді. Бұл айтулы аламан ең алдымен қазақ спортшыларының бағын жандырған Олимпиада болды. Расында да әйгілі желаяқ Ғұсман Қосановтың 1960 жылғы Римдегі күміс және баскетболшы Әлжан Жар­мұхамедовтің 1972 жылғы Мюнхендегі алтыны мен 1976 жылғы Монреальдағы қола медальда­рынан өзге қазақ баласында жүлде жоқ еді. Бірақ, бұлардың екеуі де Олимпиадаға Қазақ­станнан барған жоқ-тын. Сол жолы әскер қатарында жүрген Ғұсман Молдавия атынан түссе, Әлжан Мәскеудің ЦСКА командасының атын шығарған-ды. Бұл Олимпиада сонымен бірге жалпы Қазақстан спортының да үлкен өрлеуін айдай әлемге паш етті. Біздің республи­каның сонау 1956 жылы Мельбурнда өткен ХVІ Олимпиялық ойындардан бастау алатын спорт­шылар делегациясы Мәскеуде барынша қомақ­тылана түсті. Оның үстіне бұл жолы алған медальдарымыздың жалпы саны жөнінен де, оның ішіндегі алтыны бойынша да бәрінен асып түстік. Мәскеуден біздің қыздар мен жігіттер 8 алтын, 2 күміс және 8 қола медаль алып қайтты. Мұның алдындағы Монреальдан 3 алтын, 1 күміс медальмен оралған шымкенттік гимнастшы қыз Нелли Ким бұл жолы 2 алтын медальды олжалады. Ал қазақстандықтарға осы аламанда бірінші алтынды алып берген клас­сикалық күрес шебері Жақсылық Үшкемпіров болды. Осыдан кейін ол 1981 жылы әлем чем­пио­ны, 1982 жылы Әлем кубогының жеңімпазы атақтарын жеңіп алып, үлкен спортпен қош айтысты. Қазір “грек-рим күресі” атанып жүрген сол классикалық белдесудің бәсінде бізден Шәміл Серіков пен Анатолий Быков те бар еді. Мұның алдында Монреальда алтын алған Толя бұл жолы күміспен шектелді де, Шәміл қарсылас­тарын бет қаратпай, чемпион атанды. Кілемге барлығы алты рет шыққан ол соның төртеуін мерзімінен бұрын аяқтады. Осы Ойындарда Қарағанды облысының түлектері қатарынан екінші рет ауыр атлетикадан алтын медаль алып берді. Айталық, Монреальда кенді өлкенің Юрий Зайцев есімді түлегі жеңімпаздық тұғырдан табылса, Мәскеуде Виктор Мазиннің жұлдызы жарқырап жанды. Ол осының алдында ғана серпе және жұлқа көтеруде, сондай-ақ қоссайыстың қорытындысында әлемдік рекорд­ты жаңартып еді. Сондықтан мұнда бірінші орыннан бірден-бір үміткер саналды. Жарыста онымен болгар Стефан Димитров пен поляк Марек Северин бәсекеге түсті. Дегенмен, жұлқа көтеруде 2,5 кило артықшылыққа жеткен біздің жігіт сол үстемдігімен Олимпиада алтынын мойнына орады. Біздің республикаға бұдан кейінгі алтын медальды кенді өңірдің тағы бір өрені жеңіл атлет Владимир Муравьев жеткізді. Ол 4х100 метрлік эстафетада командалық жеңістің келуіне үлес қосты. Содан соңғы екі алтынды да командалық спорт түрінің өкілдері – баскетболшы Надежда Ольхова (Шуваева) мен ватерполшы Сергей Котенко әперді. Осындай айтулы аламандарда алтын бол­мағанымен, салмағы сол сары алтынға пара-пар келетін жүрімді жүлделер де кездеседі. Бізге Мәс­кеу Олимпиадасында қос боксшымыз – Серік Қонақбаев пен Виктор Демьяненко жеңіп алған күміс медальдар сондай аса бағалы көрінеді. Осы турнирде Серіктің жартылай финалда кубалық Хосе Агиларды қандай қиын­дықпен әрі қандай әдемі ұтқанын сол кезде жұрттың бәрі байқады. Бірақ осы шайқасқа орасан зор күш жұмсаған біздің бағлан финалда өзінен осының алдындағы Еуропа чемпиона­тының ақтық айқасында жеңіліп қалған италиялық Патрицио Оливаға есе жіберіп алды. Әйткенмен, бізге әлі күнге дейін сол ұрыста Серік аса басым түспегенімен, жеңілмегендей болып сезіледі де тұрады. Саяси астары бар ой­ын соның алдында рингке шыққан Виктордың төңірегінде де ойналған секілді. Әйтпесе екі раунд бойы кубалық Хуан Эрнандесті бет қаратпай жеңіп келе жатқан оны үшінші раундта “қабағы жарылды” деген сылтаумен жарыс жолынан шығарып тастар ма еді... Республика спортшылары 8 қола медальді қоржынға басып қайтты. Олардың 7-і көгалдағы хоккей шеберлеріне бұйырса, қалған жалғызы алматылық диск лақтырушы Татьяна Лесо­ваяның қанжығасына байланды. Ал хоккейші жігіттерді Алматы “Динамосының” Фарит Зи­ган­гиров, Миннеула Азизов, Алек­сандр Мяс­ников, Михаил Ничепуренко, Сос Айрапетян, Серік Қалымбаев және Александр Гончаров сынды ойыншылары құрады. Міне, дүниені дүр сілкіндірген сол жарты ­айлық айтулы оқиғадан бері де 30 жыл уақыт өтіпті. Иә, ол кезде Олимпиялық ойындар қа­зір­гідей бір айға созылмайтын, сонда да тар­ты­сы кем емес еді. Сол ойындардың жабылу сал­та­наты кезіндегі көріністер де көпке дейін көп­шіліктің көңілінде қалып қойды. Олимпиада бойтұмары болған Миша қонжықпен бірге жүздеген адамның жылап тұрғанын көз көрді. Ал композитор А.Пахмутова мен ақын Н.Доб­ронравов шығарған “Қош бол, Мәскеу!” әуені­нің әуезі әлі күнге дейін құлағымызда тұр. Серік ПІРНАЗАР.