• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
11 Тамыз, 2010

Тіл мәртебесі - ел мәртебесі

737 рет
көрсетілді

Оңтүстік Қазақстан облысында Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы ф.ғ.д., профессор Б.Омаров, Астана қаласы әкімдігі “Руханият” мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры, ф.ғ.к. Е.Тілешов және облыс басшыларының қатысуымен бағдарлама жобасын талқылау мақсатында “Тіл мәртебесі – ел мәртебесі” тақырыбында мәжіліс өтті. Аталған мәжіліске облыс әкімі аппаратының жауапты қызметкер­лері, облыстық, жергілікті басқар­ма­лар мен аумақтық инспекция, департаменттердің басшылары, об­лыстық ономастика комиссия­сының мүшелері, “Нұр Отан” ХДП Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері мен тіл жанашыр­лары, аудан, қала әкімдерінің орын­басарлары, мәдениет және тілдерді дамыту, ішкі саясат, білім бөлімдерінің бастықтары мен ма­мандары, жоғары оқу орындары­ның басшылары, білім саласының қызметкерлері мен ғалымдар, оно­маст-ғалымдар, оқытушы-әдіскер­лер, қоғамдық, этномәдени бірлес­тіктер, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиынды облыс әкімінің орын­басары Әли Бектаев жүргізіп отыр­ды. “Тілдерді қолдану мен дамы­тудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының” жобасы бойынша сөз алған Тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Ома­ров бағдарламаның мәнісін мақсат-мұратына сай жіліктеп, те­рең талдап берді. Атқарылатын жұмыс­тарды саралады. Кейіннен түскен сауалдарға тиянақты жауап берді. Жобаны талқылауда тіл сая­са­тына қатысты өңірлік тәжірибелер зерделеніп, сондай-ақ тіл және оно­мастика мәселесімен айналыса­тын мамандардың, тілші-ғалым­дардың, қоғамдық және этномә­дени бірлестік басшыларының, жас­тардың, бұқаралық ақпарат құ­ралдары мен зиялы қауым өкіл­де­рі­нің, т.б. азаматтардың бағдарла­ма­да қамтылған мәселелер мен іске асыру тетіктері туралы жан-жақты ұсыныс-пікірлері айтылды. Талқылауда алғашқы сөзді оң­түстіктің ардагер журналистерінің бірі Байдулла Қонысбеков алды. “Бағдарлама дұрыс, бірақ, оның орындалуы Астананың өзінен бас­тау алады. Басшылардан бастап бар­­лық шенеуніктеріміз ресми жи­ындарды мемлекеттік тілде жүргізер болса, оның қолдану аясы тез кеңейеді. Мемлекеттік тілді құр­мет­теуді көрші халықтардан үйренуіміз керек. Өзбекстанда сырттан келген біреу түсінеді, түсінбейді демейді, өз ана тілінде іс қағаздарын жүр­гізеді. Реніш білдіріп жатқан басқа этнос өкілдері жоқ. Ал неге біз әркімге жалтақтаймыз?”. Белгілі жазушы Мархабат Байғұт та осы ойды әрі қарай тірілтті. Жобаны талқылауда “Егемен Қазақстан” газетінің үлкен жанашырлықпен атсалысып жатқандығын айтты. Он жыл бұрын Астанада тіл тағдыры тұрғысында орысша баяндама жа­саған қазақтың кербез қыз, келісті жігіттерінің әлі сол қалпынан еш өзгермегеніне ренішін білдіріп, мемлекеттік тілді қолданысқа ен­дірудің тетігін жетілдіру, қатайту мәселесін көтерді. Өзбек мәдени орталығының төрағасы Икрам Хашимжанов “тіл өлсе, ұлт та өледі. Қазақстанның мем­лекеттік тілі – қазақ тілі. Қазақтар ешбір ұлтты басына қиындық түскенде жатырқаған жоқ, бауырына тартты. Сол қазақ­тың тілінде сөйлеу – ұлтқа қызмет, ортақ Отанға құрмет”, деді. Ардагер Әбдіқайым Жандарбе­ков, славян мәдени орталығының төрағасы Юрий Кирюхин және тағы басқа да сөз алған азаматтар бағ­дарламаға қатысты ұсыныс­тарын айтты. Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев “Тіл білмейді деп аға ұрпақты қажаудың қажеті жоқ. Негізгі жұмыс балабақшадан бас­талуы керек. Қазақстандағы барлық эт­нос өкілдері қазақ тілін үйренуге ден қойса, ұтпаса ұтылмайды”, деді. Көпшілік осы оймен келісті. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.