• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
13 Тамыз, 2010

«Астана-Арена» жабық стадионы

1005 рет
көрсетілді

Қабанбай батыр даңғылы, 45-үй Алдағы жылы Астана мен Алматы қалаларын бір апта бойы дүбірге бөлейтін VІІ Қысқы Азия ойындары өтер күн де жақындап келеді. Бүгінгі күнді есептегенде елімізде тұңғыш рет жалауы көтерілетін осы ойындардың басталуына 169 тәулік қалыпты. Ал оның ашылу салтанаты Астана қаласындағы қазіргі кезде Еуропаның 5 жоғары деңгейдегі, барлық халықаралық талаптарға сай келетін “Астана-Арена” стадионында өтетіні белгілі. Осыған орай жақында біз аталмыш алып кешеннің директоры, Азиаданың ашылу салтанатын өткізу жөніндегі техникалық директор болып тағайындалған Владимир БОБРОВСКИЙМЕН кездесіп, одан стадионның ойындардың ашылу рәсіміне қазіргі дайындығы жөнінде әңгімелеп беруін өтінген едік. – “Астана-Арена” стадионының пайдалануға берілгеніне біраз уақыт өтті ғой. Осы уақыт ішінде мұнда футболдан республикаішілік, халық­аралық матчтар өткізіліп келеді. Ал келесі жылы стадионда өтетін Қысқы Азия ойындарының ашылу салтанаты осы жарыстардан мәні мен маңызы жағынан мүлдем бөлек оқиға болатыны сөзсіз. Қазір ста­дион Азиаданың ашылу салтанатына толық дайын ба? Әңгімені осыдан бастасақ. – Дайын деп толық айта ала­мын. Өздеріңізге белгілі, осы жерде Азиаданың ашылу рәсімі өтеді. Бұл стадион бекерден таңдалып алын­ған жоқ. Біздің стадион Еуро­па­ның ең әдемі деген, барлық халық­аралық талаптарға жауап беретін, техника­ның қай жағынан алсаңыз да толы­ғымен жарақталған 5 ста­ди­он­ның бірі болып табылады. Ста­дионның футбол алаңы италиялық төсегішпен төселген, ал оның ин­фра­құрылымы жағынан мұнда керекті нәрсенің бәрі бар. Мәселен, ста­ди­онда сахна қой­ып, концерт өткізуге болады. Бас­сейн, екі табло, теле­ди­дар және радио хабарларын тарату үшін қазіргі заман талаптарына жауап беретін жүйелер, жарық бе­ретін соңғы үл­гідегі прожектор, де­ма­лыс орындары, бокс рингтері, фит­нес клуб, күрес залы және бас­қа да қажетті орын­дармен жаб­дық­талған. Ал стадион­ның ең басты ерекшелігі – оның үстіне 17-20 ми­нөт ашып-жабы­ла­тын арнайы құ­рыл­ғы орна­тыл­ған. Әлемде мұн­дай құрылғылар біз­дің ста­ди­онмен қоса есептегенде са­нау­лы елдерде ғана бар. – Ойындардың ашылу салтана­ты қалай өтеді? – Азиаданың ашылу салтана­тына ресейлік Игорь Крутойдың же­текшілігіндегі халықаралық ре­жис­серлік-қойылым тобы жауап бе­ретін болады. Өйткені, біздің елі­мізде осы кезге дейін Азия ойын­да­ры сияқты ірі халықаралық жа­рыс­тар өткен емес. 90-шы жылдары ғана Алматыда Орталық Азия ойындары өткен еді. – Иә, сол кезде өткен аталмыш жарыстың ашылу салтанатына ХОК президенті Хуан Антонио Самаранч жоғары баға берген еді. – Оныңыз рас. Ал мына ойын­дардың ашылу салтанаты одан да қызықты және тартысты болаты­нына толық сенімдімін. Қазір әлем­де осындай ірі мәдени ша­ра­ларды өткізу жөніндегі халық­ара­лық режиссерлік-қойылым топтары жеткілікті. Оның ішінде ресейлік, ұлыбританиялық, австралиялық топтар бар. Ашылу салтанатының өзі Қазақстан тарихымен байла­ныс­тырылып, ұлттық нақышқа кел­тіріліп технологиялық шоу ре­тінде өткізілетін болады. Қазір ста­дионда осынау оқиғаға дайындық жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Жақында бір топ мәскеулік ма­мандар келіп, ашылу салтанатының ұйымдастырылуымен, стадионның декорациясымен танысып қайтты. Азиада алауы стадионға 30 қаңтар күні жетеді. Алау 11 қаңтарда Азия олимпиялық кеңесінің штаб-пәтері орналасқан әл-Кувейт қаласынан бастау алады. Ал келесі күні ол Қазақстанға жеткізіліп, 20 күн бойы облыс орталықтарын аралап, 30 қаңтар күні Астанаға келеді. – Стадионның техникалық қауіпсіздік жағы қалай? – Ол жағы жақсы. Стадионға 30200 адамның сыятынын біле­сіз­дер. Егер тосын оқиға бола қалса, ха­лық 10-15 минөттің ішінде ста­ди­он­нан шыға алады. Осы кезге дей­ін біз стадионда болуы мүмкін өрт және басқа да тосын оқи­ғалардың алдын алу үшін үш рет оқу-жаттығу өткіздік. Оған аудан­дық, қалалық, республикалық өрт сөндірушілер қатысты. – Қыстың күні стадионның жылытылуы қалай болады? – Біздің стадионда автономды жылыту жүйесі орнатылған. Ол бел­­гілі бір температураны ұстап тұ­рады. Ойындардың ашылу салта­на­тында стадионның температурасы 10-12 градус жылылықты көрсе­те­тін бо­лады. Сондықтан ештеңеге уай­ым­дамаңыздар, ойындардың ашы­луы жоғары деңгейде өтіп, халық су­ық­тан тоңбайды. Қазір стадион Қор­ғаныс министрлігінің балансында. – Стадионның құрылысына қатысты өзіңіз әлі де болса не жетпейді деп ойлайсыз? – Стадионның жанында ве­лотрек пен коньки тебу стадио­ны­ның құрылысы жүріп жатыр. Осы үш нысанға бір ортақ қонақ үй ке­рек сияқты. Әйтпесе біздің спорт­шылар жаз шыға спорт алаңда­рының жанында қонақ үйлердің болмауынан Түркия мен басқа да елдерді жағалап кетеді. Осындай тілегім бар. Ал Азиаданың ашылу салтанаты кезінде стадионның жа­нына мұз айдынының салынаты­нын атап өткім келеді. Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.