• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
13 Тамыз, 2010

Шторк шәкірттерінің үшінші жеңісі

423 рет
көрсетілді

Сәрсенбі күні жер жүзінің бір­қатар елдерінде футболдан жолдас­тық кездесулер өтті. Солардың бірі Қазақстан мен Оман ұлттық құрамаларының арасында ойналды. Кездесуде есеп 3:1 болып алаң иелерінің пайдасына шешілді. Қазақстан құрамасы дәл осын­дай есппен соңғы рет іріктеу турни­рінде Андорра командасын жеңге­нін білеміз. Ал осы жолғы Оманмен өткен матч елорданың халықаралық та­лаптарға сай келетін, дүние жүзін­дегі ең әдемі бес стадионының бірі саналатын “Астана-Арена” жабық стадионында өтті. Кездесуге биылғы әлем чемпионатында көпшіліктің көзайымына айналған өзбекстандық Равшан Ирматов төрелік етті. Енді матчтың өзіне келер болсақ, Қазақ­стан мен Оман жолдастық кездесуі бұқаралық ақпарат құралдары мен Астана көшелеріндегі билбордтарда бір апта бойы жарнамалағанның арқасында болар, стадионға біраз жанкүйерлер жиылды. Осы жолғы ел құрама­сы­ның сапында екі қан­да­сымыз болса, соның бірі Нұрбол Жұ­масқалиев, екіншісі Азат Нұр­ға­лиев болды. Бұл екеуі де Қос­танайдың “Тобыл” ко­мандасының ойыншы­ла­ры. Ал Таңат Нөсербаев пен Жамбыл Кө­кеев сияқты аяқ­доп­шылар біреуі жа­рақатына, екін­шісі ойын тәжіри­бесінің аздығына байланысты ел құрамасы сапынан көрінбеді. Осы матчта бірінші голды ко­манда капитаны Андрей Карпович соқты. Ол ойынның 20-шы минө­тін­де Сергей Остапенконың жа­са­ған соққысынан Оман қорғаушысы­ның аяғына тиіп, кері қайтқан допты қақпа торында тулатты. Ал екінші допты Нұрбол Жұмасқалиев жасыл алаңда қос егіздің сыңа­рын­дай бо­лып жүрген Азат Нұр­ға­лиев­тің сол қапталдан шығарған пасын баспен әдемі соғып, Оман қақпа­шысын тағы бір рет жер қаратты. Ал ой­ынның екінші жартысында тағы да сол Нұрболдың оң қап­талдан қақ­паға қарай тепкен добын Оман қор­ғаушысы Әл-Алави тоқтатамын деп өзінің қақпасына гол соғып алды. Бұл 62 минөтте Қазақстан құрама­сының соққан үшінші голы болды. Дегенмен, Оман ойыншылары да қарап отырмай, 2 минөт өткен соң алаң иелерінің қақпасына алыстан гол салып, есеп айырмасын екі допқа кемітті. Жалпы, матчтың Қазақстан құрамасының басымды­ғымен өтке­­нін атап өту жөн. Әсі­ресе, Нұр­бол­дың Оман қақпасын бір­неше рет көз­деген доптары ны­санаға дәл ти­мей жатса да, қарсы­ластарын біраз әбігерге түсірді. Сол сияқты коман­да капитанының жейдесін киген Андрей Карпо­вич­тің де барынша тер төккенін атап өтуге болады. Кездесу аяқталған соң Оман құрамасының бас бапкері, француз маманы Клод Мари Француа Ле Руа отандастарымыздың ойынын бас бармақпен бағалайтынын айтты. Дегенмен, сөз арасында ол Қазақ­­стан­мен болған жолдастық кезде­су­ге негізгі құрамада ойнайтын жеті аяқдоп шеберінің келе алмағанын, осы ойынға бар болғаны 1988-1993 жылдары туған жастардың қатыс­қа­нын жасырмады. Шынымен де Оман құрамасында Англияның пре­мьер-лигасында “Уиган” коман­да­сын­да өнер көрсететін негізгі қақ­пашы Әли Абдулах әл-Хабси сияқты ойыншылар болған жоқ. Ал Қазақстан құрамасының бас бапкері Бернд Шторк болса, матч аяқталған соң ойыншыларының жақсы өнер көрсеткенін, енді олар Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне қатысу үшін жан-жақты дайын­да­латындарын, сол бәсекелерге “Ақ­төбе” мен басқа да командаларда ойнайтын жігіттердің шақыры­латынын атап өтті. Жалпы, Оманды нашар команда десек, артық айтқан болар едік. Қа­зақстан құрамасымен екінші құ­рам­мен ойнаған команда қазір Парсы шығанағының чемпионы болып са­на­лады. Сонымен бірге ол 2004, 2007 жылдары Парсы шығанағы чем­пионатының күміс жүлдегері, 2009 жылы аталмыш өңірдің ку­бо­гының иегері болса, Азия кубогына 2004, 2007 жылдары қатысқан. Қазақстан құрамасы Оман ко­мандасын жеңгеннен кейін ФИФА рейтингінде 126-орыннан 125-ші сатыға көтерілді. Дастан КЕНЖАЛИН. ---------------------------------- Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.