• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Тамыз, 2010

Елбасы қабылдады

386 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Республикалық бюд­жет­тің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксік­баевты қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің баспасөз қызметі. О.Өксікбаев Президентке Есеп комитетінің би­ылғы жылдың ал­ғаш­қы жартыжылдығында атқар­ған жұ­мысы туралы баяндады. Атап айтқанда, ел эконо­ми­касы даму­ын­дағы ілгерілеушіліктердің нәтиже­сінде, республикалық бюджеттің кіріс бөлігін орындау бой­ынша салық түсімдерінің 2009 жылғы осы кезеңдегімен салыстырғанда 2 пайызға өскені атап өтілді. – Президент Есеп комитетіне Қаржы министрлігімен бірлесіп, бюджетті жоспарлаудың әдістемесін нақтылай түсуді тапсырды. Соны­мен қатар Қазақстанның барлық ұлттық қорларын тексеруге және олардың жұмысының қаншалықты тиімділігін баяндауға тапсырма бер­ді, – деді О.Өксікбаев журналис­терге арналған брифингте. Кездесу барысында Мем­ле­кет­тік қызмет істері жөніндегі агент­тіктің бюджеттік бағдарламаларды орындауына, сондай-ақ автокөлік жол­дарын салуға және электрон­ды үкіметті дамытуға бөлінген қа­ражаттың пайдаланылуына қатысты жүргізілген бақылау шараларының нәтижелері ұсынылды. *  *  * Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Соттың Төрағасы Мұсабек Әлімбековті қа­былдады, деп хабарлады Қазақ­стан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. М.Әлімбеков Мемлекет басшы­сына республикадағы сот төрелігі жүйесінің жағдайы туралы баян­дады. Атап айтқанда, азаматтық іс­тер бойынша сот төрелігінің орнын толтыруды қалпына келтіру қағи­датын іске асыру жайы қозғалды. Кездесу барысында сондай-ақ алдағы уақыттағы құқық саласын­дағы өзгерістер, Қазақстанның Жоғарғы Сотының Еуропа мен Азия елдерінің соттарымен өзара іс-қимылы туралы әңгіме болды. *  *  * Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы Орыс православие шіркеуінің басшысы Астана және Қазақстан митропо­литі Александрды қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республи­ка­сы Президентінің баспасөз қызметі. Президент митрополит Алек­сандр­ды Қазақстандағы Орыс пра­во­славие шіркеуінің басшысы жо­ғары лауазымына тағайындалуымен құттықтады. – Қазақстан – Президенттің дана саясатының арқасында ұлты мен мәдениеті әртүрлі адамдар жайлы және тыныш өмір сүріп жатқан үлкен мемлекет, – деді журналистерге арналған брифингте митрополит Александр.