• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Тамыз, 2010

Үкімет "Егеменнің" апталық қосымшасы

452 рет
көрсетілді

Астық үшін айқастың айбыны бөлек Үкімет егінші еңбегімен өсірілген егіннің қайтарымы болуына қолдау жасағалы отыр Үстіміздегі жылы жер жүзінде астық бағасының шарықтап өсетін түрі байқалады. Мұның бірден-бір себебі, биылғы жаз айла­ры­ның айрықша аптап ыстық болуымен бірге, жерге жауын-шашын­ның аз түсуі жаппай қуаңшылыққа әкелді. Соның салдарынан әлемнің астық шаруашылығында аса бір күрделі ахуал қалыптасты. Тап осы жағдайға байланысты жақында ғана көршіміз Ресей астық пен одан өндірілетін тауарлардың экспортына жылдың соңына дейін тыйым салу туралы шешім қабылдады. Сол сол-ақ екен, артынша астықтың дүниежүзілік рыноктағы бағасы көтеріліп шыға келді. Астық қымбатшылығы алдымен АҚШ-ты құрсаулап алды. Мұхиттың ар­ғы жағындағы алып елде бидай фьючерсі бірден 4,4 пайызға көтеріліп, қыркүйек айында жеткізілетін астықтың бағасы 1 бушеліне (27 кило) 8,21 доллардан да асып түсті. Сол мезетте Азия сауда сөре­сіндегі бидай фьючерстері 4,8 пайызға дейін жетті. Таяқтың екі ұшы болатыны тәрізді, бұл жағдайдың да біздер үшін екі түйіні алдан тарқатылып шығады. Бірін­шіден, сырттағы астықтың қымбаттауы ақыры айналып келіп, біздің өз ішімізге де дүмпу беруі кәдік. Екіншіден, сыртқа шығаруға өзімізден астық артылып жат­са, ол ел бюджетінің бүйірін томпайтуға үл­кен үлес қосады. Бұл жағдайда бидай кәдімгі мұнай, газ, түсті металл сынды ауыр өнеркәсіп өнімдері қатарынан табылар еді. Еліміздің негізгі азық-түлік қауіпсіз­ді­гін қамтамасыз етіп, мемлекет қазына­сы­на қомақты қаржы құятын бұл маңыз­ды сала қашаннан Мемлекет басшысы­ның тікелей бақылауында тұр. Сон­дық­тан да биылғы тамыздың басында Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашы­лығының өзекті мәселелері жөнінде ал­қалы жиын өткізіп, онда еліміздің астық­ты алқаптарында қазіргі таңда қалып­та­сып отырған ахуал кеңінен талқыланды. Осы жиында Ауыл шаруашылы­ғы ми­нистрі  Ақылбек Күрішбаев егін орағы­на әзірліктің барысы туралы есеп бере келіп, аграрлық сектордың аумалы-төк­пелі тұстары төңірегіне тоқталып өтті. Министр өзінің Президентке берген есебінде биылғы қуаңшылыққа байла­ныс­ты еліміздің астықты алқаптарында орын алған қиын халге қарамастан, Қа­зақстанда 13,5 млн. тоннаға жуық алтын дән жиналып қалатынын тілге тиек етті. Сала басшысының бұл болжамы да аспаннан алынып отырған жоқ. Осының алдында ғана министрлікте өткізілген ал­қада Жер шаруашылығы және фитосани­тариялық қауіпсіздік департаментінің директоры Анна Буць республикадағы дәнді дақылдар егілген жалпы алқаптың 83 пайыздайы жақсы және қанағаттанар­лық деңгейде екенін мәлімдеген бола­тын. Сала басшысы осы ахуал мен астықты өңірлерден алынған есептерге сүйене отырып, осы көлемдегі дақылдың республика ішкі тұтынуын толық қамтамасыз етіп қана қоймай, біраз дәнді сыртқа шығаруға да мүмкіндік беретінін алға тартты. Рас, бұл мөлшер өткен жылғы деңгейден едәуір аз. Оған жету үшін тағы 8,5 млн. тонна астық керек. Есесіне, солтүстік өңірлердегі элева­торларда өткен жылдың егін орағынан қалған 7 млн. тонна астық бар. Жалпы, бүгінгі таңда республикадағы себілген күздік және жаздық бидайлар көлемін есепке алғандағы егін алқаптары 16,7 млн. гектарға барады. Қазіргі уақытта жалпы егіс көлемі 2,3 млн. гектарды құ­райтын Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында бидай ору басталып кетті. Айдың басындағы мәлі­мет­терге қарағанда, аталған аймақтар­дағы 450 мың гектар алқаптың егіні жиналып біткен. Түсім гектарына 13,7 центнерден келіп отыр. Бұл жерде мұның өткен жылғы көрсеткіштен 6,8 центнерге кем екенін де айта кетуіміз керек. Деген­мен, науқан соңына дейін көрсеткіштің көтеріліп қалуы ықтималдылығын да жоққа шығара алмаймыз. Жоғарыда айтылған кеңес барысында Елбасы егін орағы науқанының өзекті мә­селелеріне бірінші болып назар аудар­ды. Биыл Қазақстанның барлық түпкі­рінде орын алған аптап астықтың қам­басы атанған солтүстік өңірлерге аса қиын тиді. Соның ішінде несібеге біткен егінінің 70 пайыздан астам бөлігі күйіп кеткен Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының диқандары айрықша қат­ты зардап шекті. Бұл облыстарда келер жылы бидай тұқымы жетіспеушілігі орын алады. Осылайша азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қол жеткенімен, келер жылы құрғақшылыққа ұшыраған облыс­тар­да егін егуде күрделі жағдай туындауы мүмкін екендігі белгілі болып отыр. Қазір тапшылық Ақтөбе облысында – 78 мың, Батыс Қазақстан облысында 24 мың тоннаны құрайды деген болжамдар айтылуда. Дегенмен, ендігі жерде бар кінәні күн қабағына жаба салуға да болмайды. Мұның жайын министрлік алқасында департамент директоры Анна Буць жақсы келтірді. “Ауа райы құрғақ болған биылғы жыл еліміздегі агротех­но­логиялар деңгейіне де сынақ жасаған сияқты, – деді ол. – Түпкердеде олар­дың деңгейі жоғары болған өңірлерде егіс алқаптары негізінен сақталып қал­ды”. Сол мәнді жиында министр Ақылбек Күрішбаев бұл проблеманы бұдан да тереңнен тартып, биылғы егін­нің көңілдегідей болып өспеуіне тұқым саясатының дұрыс жүргізілмеуі де әсер етіп отырғанына назар аударды. Осыдан келіп, тұқым сұрыптарын пайдаланудың ғылымға негізделген нормалары сақтал­майды. Алдағы уақытта мұның бәрі еске­рілуі тиіс. Ал келер жылдың тұқым қо­рын осы бастан жинақтай бастау қажет. Бұдан шамалы уақыт бұрын өткен селекторлық кеңесте министр егіншілікті әртараптандыру мәселесіне қадала тоқталып еді. Мұның бүгінгі таңдағы егіншіліктің ең түйінді жайларының бірі болып отырғанына ой тоқтатқан ол, осындағы тепе-теңдіктің сақталмауы мен саланың біржақты дамуынан ауыспалы егіс танабы ережелерінің өрескел бұзылып жүргенін ауызға алды. Ал ғылыми негізделген нормативте ауыспалы егіс танабының алатын үлес салмағы 16-дан 25 пайызға дейін болуы керек. Тәжірибе көрсеткендей, қазір ол Солтүстік Қазақстан облысында 10 пайызға дейін құлдыраса, Ақмола облысында 12 пайыз маңайында. “Осының бәрі, айналып келгенде, астықтың сапасына кері әсер етеді, – деген еді министр сонда осы ойды жинақтай келе. – Салыстыру үшін ғана айтайын, өткен жылы клейковина 28 пайыздан асатын астықтың үлесі бар-жоғы 7 пайыз болса, ал 90-жылдары бұл деңгей 28 пайыздан қайырылатын, яғни қазіргіден төрт есе жоғары болатын”. Бұлай бола берсе, келешек дүние жүзі рыногында Қазақстан астығына деген сұраныс төмендеп кетуі кәдік. Көпшілік есінде жақсы сақталған тағы бір нәрсе, Елбасы кеңесте егіні күйіп кеткен батыс облыстардың тұқым­сыз қалмайтынын кесіп айтты. Бұл кез­дері Мемлекет басшысының тікелей тап­сырмасына орай Үкімет қуаңшылықтан зардап шегіп отырған батыс өңірлерге жеткізілетін астықты тасымалдау үшін арнайы қаулы шығарып үлгерген. Осы қаулыға сәйкес солтүстік өңірлердің астық қабылдау орындарынан 400 мың тонна дәнді дақылды батысқа жеткізу жұмысы басталып кетті.  Сонымен қатар А.Буць “мемлекет тарапынан құрғақшы­лықтан зардап шеккен өңірлерге жеткізу үшін шамамен 70 мың тонна қосымша тұқым сатып алу арқылы мемлекеттік ресурсты толықтыру бойынша шара қабылданатын болады” дегенді де сол жиындардың бірінде айтып еді. Ендігі жерде еліміздің астықты өңірлерінде егінді аптап ыстықтан сақтап қалудың бүгінгі таңдағы тиімді технологиясы жөнінде де ойланатын кез келгенін айта кетуіміз керек. Соның бірі ылғал сақтау технологиясын қолдану болып табылады. Алқада Ақылбек Күрішбаев өте дәлелді тұжырымдармен оның жайын тарқатып шықты. “Қазіргі астық саласында қолынан іс келетін, күші бар, ірі шаруашылық субъектілері ғана ылғал ресурстарын сақтау технологиясымен жұмыс істей алады, – деді ол. – Осыған аздап сараптама жасап көрейік. Қостанай облысында алқаптары 2 мың гектардан кем шаруашылықтар 29 пайызды құрайды. Ал бұл көрсеткіш Батыс Қазақстанда – 51, Ақтөбе облы­сында – 41 пайыз. Енді қай өңір шаруа­шылықтары ылғал ресурстарын сақтау тәсілімен көбірек жұмыс істеді десек, бұл Қостанай облысында жоғары болғаны күмән тудырмайды. Демек, ылғал ресурстарын сақтау әдісімен жұмыс жасаған астық шаруашылықтарының ғана болашағы бар. Бұрынғыдай ауа райының қас-қабағына қарап отыра берсек, одан тірлік оңбайды”. Оның тағы бір нақтылы мысалы ылғалды техноло­гияны сақтамай жүрген өңірлердегі астықтың түсімінен де көрінеді. Айта­лық, соңғы 5 жылда Ақтөбенің Қостанай жерімен шектесетін Әйтеке би ауданында алынған орташа өнім гектарына – 5, ал Қостанайдың құнары тәуір Қамысты ауданында 8,5, құмдауытты Жанкелдин ауданында 6,5 центнерден келген. Осы орайда “ауылы аралас, қойы қоралас” жатқан екі аймақта алынатын өнімдерде неге айырмашылық бар деген заңды сауал туындайтыны анық. Мемлекет басшысы өзі өткізген кеңесте де биылғы жылы ылғал ресурстарын сақтау технологияларын енгізген, егіске дұрыс тұқым сепкен, агротехникалық шараларды мерзімінде атқарған және дер кезінде жинап алған шаруашылықтардың ұтқанын атап өтті.  Кеңесте сондай-ақ астық шаруашылығындағы күрделі жағдайға қарамастан, Қазақстанның 2010-2011 маркетингтік жылдағы экспорттық әлеуеті 8 млн. тоннаны құрайтынына болжам жасалды. Біле білсек, осы жағдайдың өзі қазақстандық ұн-жармашылардың шетелдік рыноктарды жаулап алуына тамаша мүмкіндік бергелі тұр. Осыған байланысты Президент Үкіметке астықтың және оны өңдеу өнімдері экспортының жалпы көлемінде ұнды экспорттау үлесін арттыру жөніндегі шараларды қолға алу жөнінде нұсқау бере келе, “Егін орағы барлық жерде жылдағыдан ерте басталып отыр. Астықтың пісуі шапшаң жүруде. Сондықтан да алдын-ала қамдану қажет. Техникамен және жанар-жағармаймен қамтамасыз ету қажет. Бұл барлық облыстарға қатысты. Бұл – барлық әкімдер мен барлық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің міндеті. Мемлекет ең алдымен өздері тырбанып, қимылдап жатқандарға көмектесетін болады”, деп атап көрсетті. Диқанның бар үміті – алдағы жиналып алынатын алтын дән ауқымы мен биыл астық бағасының рынокта жоғары болу ықтималдылығында. Мәселен, былтыр астық түсімі жақсы болса да, баға төмен болуы себепті шығындар ақталмады. Осыны қаперге алған министр егін орағында аянып қалмау керектігін алға тартып отыр. Ағымдағы жылғы егін орағы үшін 408 мың тонна дизель отыны қажет болса, оның литрі 62 теңгеден, яғни жеңілдетілген бағамен босатылып жатыр. Оның  жеткізілу кестесі әр облыстардың операторлары бойынша анықталған. Иә, астық үшін айқастың қашанда айқайы бөлек болған. Ал биылғы жағдай тіпті басқаша. Шындап айқай салатын шақ енді туды. Сондықтан ырыздыққа біткен егінді агротехникалық талаптарға сай қысқа мерзімде төкпей-шашпай жинап алуға бар күш-жігерді жұмыл­дырған абзал. Серік ПІРНАЗАР. * * *

Құрылысшылардың толағай тартулары

Еліміз тәуелсіздігін алып, еңсесін тіктегелі Қазақстан келбеті әлемге әйгі­ле­не бастағаны көңілімізге қуаныш нұ­рын ұялатуда. Кешегі қазақ елінің кел­бетіне сарғайған тарих парақтарын па­рақ­тай отырып көз жеткізсек, бүгінгі қа­зақ елі көз алдымызда көлбеңдей тұр. Ал, ертеңгі қазақ елінің талайларды таң­қал­дырып, дүние жүзін дүр сілкіндіретініне ешқандай да шүбә келтіруге болмас. Ел­басымыздың тікелей ықпалымен тәуелсіз еліміздің бас қаласы – Астананың жыл санап емес, ай санап айшықтануы өзіне әлем жұртшы­лығының назарын ауда­рып-ақ отыр. Астана ғана емес, еліміздің қай қаласы, қай ауылы болмасын жыл өт­кен сайын жаса­рып, көркіне көз сүй­сіндіріп барады. Содан да құрыш қолды құрылысшы­лар­дың елімізге жасап жатқан осындай тола­ғай тартуларына қалайша тәнті болмасқа? Заманында экологиялық ахуалдың азабын көрген Сыр аймағы да айшық­та­нып келеді. Жарыса бой көтерген құ­рылыстар, яғни қоғамдық ғимараттар мен тұрғын үйлер, мәдени-спорт кешен­дері мен демалыс орындары сырбойы­лық­тардың тыныс-тіршіліктерін кеңей­тіп, экологияның азабынан арылтуда десек, асыра айтқандығымыз болмас. Құ­рыш қолды құрылысшылардың қар­қын­ды да қайтарымды іс-қимылдарының ар­қа­сында Қызылорда ғана емес, орта­лықтан шалғай жатқан елді мекендер де еңселерін тіктеп, тұрғындардың әлеу­меттік жағдайлары жақсарып келеді. Аяқ су мен ауыз су азабынан арылту, электр жарығымен қамтамасыз етіп, телефон байланысын орнату, мектептер мен мәдени-тұрмыстық ғимараттардың жа­рыса бой көтеруі дәстүрге айналып келе­ді. Ойымыз орнықты болуы үшін қызыл­ордалық құрыш қолды құрылысшылар­дың кәсіби мерекелері қарсаңында жасаған толағай тартуларына жүгінелік. Қызылорда облысының құрылыс бас­қармасына тәжірибелі азамат Нәжмадин Шамұратов басшылық етеді. Кезінде аудан әкімі, мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасы бастығы қызметтерін абы­роймен атқарған Шамұратов облыстық құрылыс басқармасы басшылығына қалай келді, солай құрылыс саласы қарқын алып қоя берген. – Біздің облыстық құрылыс басқар­ма­сы, – дейді бізбен әңгіме үстінде Н.Шамұратов, – екі қаржы көзінен, рес­пуб­ликалық және облыстық бюджет есебінен салынатын құрылыс жұмыс­тарын қамтамасыз етеді. Өздеріңізге мәлім, бүгінде елімізде құрылыс саласы ерекше қарқын алған. Бөлінетін қаржы мөлшері де жыл өткен сайын қомақтана түсуде. Қаржы бөлінген екен, оны дер кезінде игеруің керек. Қараңыз, ағым­дағы жылы Сыр аймағында салынатын құрылыстарға 18,3 млрд. теңге қаржы қа­ралса, осының 12,1 млрд. теңгесі бірінші жартыжылдықта игерілді. Нәжмадин айтса айтқандай, биылғы жылы Сыр еліндегі бой көтеріп жатқан құрылыстардан көз сүрінеді, яғни облыс кө­лемінде 101 құрылыс нысандары жос­парлы салынуда екен. Егер жіліктеп ай­тар болсақ, білім беру саласының 47-і, денсаулық сақтау саласының 11, әлеу­мет­тік салалардың 6, сондай-ақ 36 тұр­ғын үй құрылыстары салынуда. Осы құрылыстардың бәрі дерлік ағымдағы жылы пайдалануға берілмек. Саралай айтар болсақ, 42 білім ордасы, яғни 11068 оқушыға есіктерін айқара ашар 28 мектеп, 2290 бүлдіршінді қуанышқа ке­нелдіретін 17 балабақша мен 300 орынды жазғы тынығу лагері сырбойылықтарға қалт­қысыз қызмет көрсетуді бастайды­. Сондай-ақ Қы­зыл­орда қаласында бір ауысымда 500 келу­ші­ні қабылдайтын емха­на, Байқоңыр қала­сын­да 80 төсектік пер­зентхана, қаладағы №5 емхана мен Сыр айма­ғындағы елді мекен­дер­дегі 7 дәрігерлік пункт игілігін тұр­ғындар жыл соңына дейін көретін болмақ. “100 мектеп, 100 аурухана” бағдар­ла­масы аясында Қызыл­орда қаласында салы­нып жатқан 1248 орын­дық мектеп-гим­назия құрылысы елі­міздің өзге өңірлерінде жоқ десек, асыра айт­қан­дығымыз болмас. Осы бір ғажайып ғимарат 1 қыркүйек күні оқушыларды құшақ жая қарсы алмақ. Ал, Жаңақорған ауданының Талап ауылындағы тау ете­гіне қоныс тепкен 300 орындық бала­лар­дың жазғы демалыс лагеріне мемлекеттік қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Айта кетерлігі, осы тынығу лагері маусымдық емес, жыл бойы жұмыс істейді екен. Сыр елінде халықты әлеуметтік жа­ғы­нан қамтамасыз ету де қағыс қалды­рыл­май келеді. Қызылорда қаласының іргесіндегі Талсуат ауылында салынып жатқан үш бірдей ғимарат ағымдағы жылы пайдалануға берілмек. Олар – 300 орын­дық жүйке аурулары интернат-үйі, 200 орындық ақыл-есі кем балаларға арналған интернат-үйі және 150 орындық мүге­дектерді оңалту орталығы. Сыр жерінде сондай-ақ мәдени-спорт кешендері, көп қабатты коммуналдық және ипотекалық тұрғын үйлер де жоғарыда айтқандай, жарыса бой көтеріп, жыл соңына дейін халық игілігіне ұсынылады. – Біздің басты мақсатымыз, – дейді әңгіме барысында басқарма бастығы Н.Шамұратов, – биылғы жылы бөлінген қаржының толық әрі уақытылы иге­рілуіне, “100 мектеп, 100 аурухана” жобасы аясындағы ғимараттардың, сон­дай-ақ 2008-2010 жылдарға белгіленген тұрғын үй бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын үйлердің уақы­тында әрі сапалы пайдалануға берілуіне бақылау жасау. Ал, осы құрылыстарды ел игілігіне ұсынып жатқан құрылысшылар кімдер дейсіз ғой? Олардың арасында құрылыс нысандарын сапалы салып, уақытында пайдалануға беріп жатқан “Техноснастка-Ремсервис”, “Альянс”, “Нәсіпсервис МП”, “МИГ- 21”, “СК Энергия”, “Асар” жауапкершілігі шектеу­лі серіктестіктерінің құрыш қолды құрылысшылары бар. Жасыратыны жоқ, бү­гінде құрылыс сала­сын­да күрмеуі қиын мә­селелер де жоқ емес. Әсі­ресе, құрылыс сапа­сы тұ­тынушылар та­ра­пы­нан қанағаттанар­лық­сыз баға алып та жата­ды. Осыған байланысты қойған сауалымызға да басқарма бастығы нақты жауап берді. – Әрине, жаңадан салынған құрылыс ғимараттары сапалы, ішкі және сыртқы көркемдігі қазіргі заман талаптарына сай болуы тиіс. Бұл дегеніңіз жобалау-сметалық құжаттаманың сапасына тікелей қатысты. Ашығын айтсам, құрылыс жобасы жасалып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынғаннан кейін де жобада елеулі кемшіліктер кездесіп жатады. Мұның басты себептері – мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес іргелі құрылыстарды жобалауға берілетін уақыт пен мемлекеттік сараптамадан өткізу уақытының тығыздығы және жобалаушы мекемелер қызметкерлерінің біліктілігінің қазіргі заман талабынан көш төмен болуы. Сондай-ақ, атқарушы органдар тарапынан құрылыстарды салу үшін сәулет-жоспарлау тапсырмасын, яғни техникалық шарттарды беруде де елеулі кемшіліктер орын алып жатады. Сол тәрізді салынатын құрылыстарға орын белгілеуде де оралымсыздық бар.    Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсартуға бағытталған бағ­дарламалар мен жобаларды жүзеге асыруда Қызылорда облысының құрылыс басқармасы алға қойған міндеттерді орындау мақса­тын­да бір жағадан бас, бір жең­нен қол шығара құлшы­ныс­пен еңбек етуде. Содан да Сыр аймағы, жоғарыда айтқандай, жыл санап емес, ай санап шы­рай­ланып келеді. Еркін ӘБІЛ. Қызылорда.