Қадірлі отандастар!
Баршаңызды Қазақстан Республикасының Спорт күні мерекесімен құттықтаймын! Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Осы қағиданы берік ұстанған мемлекетіміз ел халқының ойы сергек, дені сау болуы үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасауда. Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі. Биылғы Жолдауда 2020 жылға дейін Қазақстан халқының отыз пайызын бұқаралық спортқа тарту туралы айтылды. Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Тәуелсіздік жылдары ел спортшылары халықаралық ірі жарыстарда топ жарып, көк байрағымыз асқақтай түсуде. Келесі жылы елімізде қысқы Азия ойындары өтеді. Бұл Қазақстан спортының әлемдік деңгейде дамығанын көрсетеді. Мерекелеріңіз құтты болсын! Дендеріңізге саулық тілеймін! Қазақ елінің спорт саласындағы жетістіктері мен табыстары арта берсін! Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ. __________БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТТЫҢ БЕРЕРІ МОЛ
Өмірде адамның денсаулығын жақсартып, оның жасын ұзартатын, көңілін өсіріп, айналасына сүйкімді де сымбатты, шыдамды да жігерлі, жинақы жүруіне септесетін құдіретті күш болатын болса, ол – дене тәрбиесі мен спорт. Бүгінде елімізде адам үшін осыншама маңызға ие спортты дамытуға барлық жағдайдың жасалып жатқаны белгілі. Әсіресе, соңғы 10 жылдың бедерінде мемлекет тарапынан қолдауға ие болып отырған дене тәрбиесі мен спорт сияқты салаларды дамытуға қолда бар жағдайдың бәрі жасалып жатқанын атап өтпесе болмайды. Бұған дәлел ретінде еліміздің әр түкпірінде көптеп салынып жатқан спорт нысандарын, күнделікті өмірде халықтың саламатты өмір салтына ден қойып отырғанын айтуға болады. Бірақ кей кезде істелініп жатқан жұмыстардың көзге көрінбейтіні де жасырын емес. Сондықтан біз Туризм және спорт вице-министрі Талғат Ермегияевпен кездесіп, елімізде бұқаралық спорт пен дене тәрбиесін насихаттауда, осы салада мемлекет пен жеке бизнестің әріптестігін дамытуда істелініп жатқан жұмыстарды білу үшін әңгімеге тартқан едік. – Сізден ең алдымен мына нәрсені сұрайын деп едім. Спорт пен дене тәрбиесінің адамның денсаулығын сақтауда, қоғамда саламатты өмір салтын қалыптастыруда қаншалықты маңызды рөл атқаратынын білеміз. Дегенмен өзіңіз спорттың қоғамға деген пайдасы қандай екенін айтып берсеңіз. – Біздің ата-бабаларымыз “Денсаулық – ең басты байлық” деп айтқан еді ғой. Бұл қазіргі технологиялық даму кезеңінде де өзінің маңыздылығын жойған емес. Біз, қазақтар ежелден бері басқа халықтарға қарағанда жерге, далаға, таза ауаға жақын болып өскен халықпыз. Ғалымдар осылардың адамның денсаулығына қаншалықты күш-қуат беретінін бұрыннан дәлелдеп келеді. Біз осындай жерді қадір тұтатын, саламатты өмір салтын ұстанған халықтың ұрпағымыз. Қазір өкінішке орай, көпшілік технологиялық дамудан қалыспау үшін дене тәрбиесімен айналысудың орнына интеллектуалды жағынан жетілуді көбірек ойлайтын қалалық жерлерде өмір сүруде. Әрине, адамның интеллектуалды болуы да керек, бірақ дене тәрбиесін де ешқашан ұмытпаған жөн. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әр жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға баса назар аударып келеді. Президент Жолдауларында дені сау ұлтты қалыптасыру үшін Туризм және спорт министрлігіне бірқатар міндеттер қойған болатын. Соның ішінде Нұрсұлтан Әбішұлы адамды бала кезінен бастап дене тәрбиесіне баулу үшін оның спортпен айналысуына қолда бар жағдайдың бәрін жасау керектігін айтты. – Биылғы Жолдауда Президент министрлікке қандай нақты міндеттер жүктеді? – Осы жылғы Жолдауында Елбасы министрлік пен түрлі деңгейдегі әкімдердің алдына бірігіп дене тәрбиесі мен бұқаралық спортты дамыту мақсатында спорт нысандарын көптеп салуды, халық арасында саламатты өмір салтын барынша насихаттауды тапсырды. Қазір осы бағытта айтарлықтай жұмыстар істелуде. Мәселен, елімізде Балалар және жасөспірімдерге арналған спорт мектептерінің саны 425-ке артты. Мұнда қазір 234 мың адам спортпен айналысуда. Сонымен бірге қазір республикада 4 мыңнан астам жастар тәрбиелейтін 15 мектеп-интернат жұмыс істеуде. Ал спорт нысандарына келсек, бүгінде елімізде 30 330 спорт ғимараттары бар. Ол жерлерде жыл сайын 18 мыңнан астам жарыстар өтіп тұрады. Дегенмен спортты дамытуда әлі де болса көп жұмыстар істеліну керек деп ойлаймын. Мәселен, ауылдық жерлерде, кішігірім қалаларда, кәсіпорындар мен ұйымдарда жарыстар бір реттік емес, тұрақты түрде өтуі керек деп санаймын. – Бұқаралық спортты дамыту күн тәртібінде тұрған мәселе ғой. Президент Жолдауында оны дамыту үшін халықтың 30 пайызын спортқа тарту мәселесі айтылған еді. Осы бағытта қандай жұмыстар істелінуде? – Қазір елімізде 16 миллионға жуық халықтың 2,5 млн.-ы тұрақты түрде спортпен айналысуда. Бұл халықтың 16 пайызы. Ал дүние жүзінің экономикасы дамыған елдерінде бұл көрсеткішті 30 және одан да жоғары пайызға арттыру мақсат етілуде. Біз болашақта осы жолға түсуіміз керек. Яғни, бұқаралық спортты дамыту дегеніміз алдымен экономиканың дамуына байланысты. Егер көйлегің көк, уайымың жоқ болса, әрбір азамат күнделікті күйбең тіршіліктен гөрі дене тәрбиесі мен спортты ойлайтын болады. – Бізде қай облыстарда бұқаралық спорт жақсы дамыған? – Қарағанды, Павлодар, Алматы облысы мен Алматы қалаларында. Енді келесі жылы елімізде тұңғыш рет Қысқы Азия ойындары өтеді ғой. Осы дүбірлі додадан кейін халық арасында саламатты өмір салтына деген көзқарас өзгеретініне сенімдімін. Бұқаралық спортты дамытудың тағы бір жолы – еліміздегі белгілі азаматтарға байланысты. Егер көпшіліктің көз алдында жүрген мәдениет және өнер қайраткері, саясаткерлер мен табысқа жетіп жатқан ірі бизнесмендер халыққа саламатты өмір салтын ұстанатынын көрсетсе, жұртшылық арасында спортқа деген қызығушылықтың артатыны сөзсіз. Сонымен бірге БАҚ-тың спортты дамытуға көп септігін тигізетіні белгілі. – Өкінішке орай, қазір бізде жастар арасында нашақорлардың көбейіп, шылым тарту мен ішімдікке салынушылардың артып бара жатқаны жасырын емес. Осы жөнінде не айтар едіңіз? – Статистикалық деректерге қарағанда, 18-19 жастағы әскер қатарында жүретін кешегі мектеп бітірушілердің көбі әскери қызметке дайын болмай шығады екен. Дегенмен медальдың да екі жағы бар дегендей, қазір елімізде футбол, валейбол, баскетбол, суға жүзу, теннис сияқты спорт түрлерімен айналысушылар көбеюде. Ал өзіміздің төл спортымыз – қазақ күресі мен самбодан өтетін ел біріншілігіне жастар ғана емес, ардагерлер де қатысуда. Ал зияткерлік ойындар санатына жататын тоғызқұмалақтан биылғы жылдың қараша айында Астанада алғаш рет әлем чемпионаты өтеді. Бұл да біздің спорттағы жетістігіміз. – Соңғы кездері ведомствоаралық спартакиадалар мен жастар арасында ауыл ойындары, халық ойындарын өткізу дәстүрге айналып келеді. Соның қазір қандай нәтиже беріп жатқанын айтып кетсеңіз. – Халық ойындары ұлттық спорт түрлерін дамытып, саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізіліп келеді. Биылғы шілде айында Батыс Қазақстан облысында кезекті мәрте өткен халық ойындары алдымен ұжымаралық, одан кейін аудандық және қалалық, облыстың деңгейде лайықты өтті. Ал жастар ойындарына келсек, оған 1300 ауыл жастары қатысты. Президенттік тест деген де жақсы жарыс түрі. Оған жыл сайын 2,5 млн. астам адам қатысып отырады. Биыл елімізде алғаш рет олимпиялық жүгіру күні лайықты аталып өтті. Оған 459 мың адам қатысты. Ал ведомствоаралық спартакиада БАҚ, кеден, сот, денсаулық сақтау ұйымдары арасында спорттың бірнеше түрінен өтіп тұрады. Ал осы жексенбі күні Спорт күніне байланысты Астанада екі шақырымға арналған Президенттік шақырым мен БАҚ өкілдері арасында спорттың бірнеше түрінен жарыстар өтеді. Жүгіру жарысына 5 мыңнан астам адам қатысады деп күтілуде. Енді сөз соңында барша отандастарымызды жексенбі күні болатын Спорт күнімен құттықтай отырып, денсаулық, отбасына бақыт, жұмыстарына табыс тілегім келеді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.* * *
Велоспорт
“АСТАНА” ЖАНКҮЙЕРЛЕРІН ҚУАНТА БЕРМЕК
Жақында Қазақстан велоспорт федерациясының президенті, “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ басқармасының төрағасы Қайрат Келімбетов елімізде спортты дамыту және “Астана” велоклубына әрі қарай қолдау көрсетуде істелініп жатқан жұмыстар жөніндегі ойларымен бөлісті. Қор төрағасы алдымен “Астана” велоклубына қатысты мәліметтер келтіріп, оның брэндін құру идеясының авторы Елбасы Н.Назарбаев екенін, Президент осыдан бірнеше жыл бұрын жарыстар мен турларға қатысу үшін халықаралық команда құру жөнінде тапсырма бергенін атап айтты. “Қазіргі кезде, – деді ол – әлемде Тур де Франс, Джиро ди Италия, Вуэльта сияқты бәйгелердің басын қосатын велоспорт жарыстары бар. Осы сындарға қатысу үшін осыдан бірнеше жыл бұрын сол кездегі велоспорт федерациясының президенті Даниал Ахметов “Астана” командасын құрған болатын. Ол кезең сәтті болып, команда 3 турдың жеңімпазы атанды. “Астана” командасының сапында Тур де Франстың биылғы жеңімпазы Альберто Контадор сол кезде осы бәйгелердің бәрін жеңіп, команданың мерейін өсірді. Бірақ 2008 жыл команда үшін оңай болған жоқ. Қаржылық қиындық, демеушілердің болмауы сияқты мәселелер шыққан соң Елбасы “Астана” командасына көмектесу үшін “Самұрық-Қазына” қорына тапсырма берді. Сөйтіп қор велокоманданың негізгі демеушісіне айналды”. Осыдан кейін Қ.Келімбетов “Астана” жобасы тек аса ірі спортты ғана емес, сондай-ақ ол еліміздің имиджін көтеретін, Қазақстанда спорттың осы түрін насихаттайтын жоба екенін атап өтті. Осы ретте ол Контадордың биылғы Тур де Франстегі жеңісі тек оның өзінің ғана емес, бүкіл команданың бағындырған биік белесі екенін ескертті. Оның айтуынша, Александр Винокуровтан бастап бүкіл команда Астана деген аттың Елисей алаңында құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілуіне көп еңбек сіңірді. Осыған байланысты Қ.Келімбетов енді “Астана” командасы келесі жылы да веложарыстарға қатысып, тағы да жеңіске жетуді мақсат етіп отырғанынан хабардар етті. “Қазір – деді ол, – біз әлемдегі ірі велошабандоздармен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Контадордан өзге ағайынды Шлектер, Санчес пен Меньшов сияқты спортшылар бар екені белгілі. Менеджерлер командаға келуі ықтимал үміткерлермен жұмыс істеуде. Осы маусымның аяғына дейін команданың құрамы белгілі болады”. Осы орайда ол келесі жылы да команданың отандастарымызды қуантатынынан үмітті екенін айтты. Сонымен бірге қор төрағасы бүгінде “Самұрық-Қазына” қоры велоспортты ғана емес, футбол, хоккей, теннис, волейбол сияқты спорт түрлерін дамытуға назар аударып отырғанын, ал оларды дамытуға қор демеуші ретінде 100 млн. АҚШ долларын бөлгенін мәлімдеді. – Жалпы, – деді ол, – “Астана” командасының бюджеті 13 млн. еуро шамасында. Біз әлемде еліміздің брэндін қалыптастыруда еңбек сіңіріп келе жатқан команданың мүшелеріне қолдан келген көмекті беруіміз керек. Ал басқа спорт түрлерінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ-тан жолды төсеуге байланысты ақша бөліп отыр. Мәселен, хоккейді дамыту үшін 40 мың АҚШ доллары бөлініп берілсе, басқа спорт түрлері аса көп қаржыны талап етпейді. Сонымен қатар оның айтуынша, қор “Астана” командасының 50 пайызы отандық спортшылардан тұратынын, 3-5 жыл ішінде команда сапына жігіттерді жинау жоспарланып отырғанынан хабардар етті. Біз тек сан жағына емес, Қазақстан спортының сапасының артуына назар аударамыз, – деді Қ.Келімбетов, – велотурда спортшыларымыздың белгілі бір кезеңдерді ғана емес, жалпы турдың жеңімпаз атануы үшін жұмыс істеп Қазақстан әнұранының айтылуын қалаймыз. Сондықтан біз елдегі велоспортқа мықты көңіл бөлмекпіз.* * *
Бокс
ШАРШЫ АЛАҢДАҒЫ ШАЙҚАСТАР
Жуырда Өскеменде Қазақстан Бокс федерациясының кубогы жолында өтіп жатқан матчтық жекпе-жектердің кезектісі өтті. Бұл жолы “Шығыс” дивизионына кіретін Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарының командалары кездесті. Осы айқастарды жалпылай айтатын болсақ, әр салмақтарда боксшылар бір-біріне лайықты қарсылық таныта білді. Мардан Берікбаев, Данабек Сужанов, Айдар Әмірзақов, Міржан Рақымжанов секілді тәжірибелі боксшылар қарсыластарын бірден сұлата құлатпаса да кездесу барысында айқын басымдылық танытып, ірі есеппен ұтты. Ең жеңіл, 49 кило салмақта Мардан өскемендік Елдос Амантаевты 10:2 есебімен жеңсе, соңғысының жерлесі 60 кг. салмақтағы Айдар Әмірзақов Роман Шегриновті 7:0, ал Шығыс Қазақстанның өкілі Данабек Сужанов 81 кг. салмақтағы Кенже Аманжоловты 10:0 есебімен тізе бүктірді. Осы айқастарда Қытай атынан Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері атанған, жуырда Қазақстанның азаматтығын алған Қанат Ісләмұлы (75 кг.) қарсыласын нокаутпен ұтқанын атап өткен жөн. Сол сияқты Міржан Рақымжанов (56 кг.) өзінен тәжірибесі аздау Томаз Халмұрадовты (Алматы облысы) 10:0 есебімен бет қаратпай ұтты. Басқа салмақтарда өскемендік Мирас Байырханов (69 кг.), Қанағат Маралов (64 кг.) қарсыластарынан басым түссе, Алматы облысының өкілдері аса ауыр салмақтағы Дәулет Мұсабаев пен Данияр Үстембаев (91 кг.) нағыз бабында екенін көрсетті. Осы жолғы кездесулердің бірінде есеп тең аяқталды. 52 кг. салмақта Ринат Қадыров (Алматы облысы) пен Елдар Нұрсейітов арасында қызу тартысты өткен айқаста есеп 4:4 болып тіркелді. Сөйтіп, қорытынды есеп 16:13 болып, кенді Алтай өрендерінің пайдасына шешілді. * Жақында бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлыбританияда Қытай, Куба және алаң иелерімен бірге өткізген оқу-жаттығу жиынын аяқтады. Осы жиын аяқталған соң ұйымдастырушылар “Төрт елдің турнирі” атты шағын турнир өткізді. Оған Қазақстан атынан 10 боксшы қатысып, соның төртеуі жартылай финалда ұтылса, қалған алтауы финалда қолғап түйістірді. Мұнда Мирас Жақыпов (51 кг.), Данияр Төлегенов (54 кг.), Мәди Шолақов (57 кг.) және Нұрдәулет Жарманов (75 кг.) жартылай финалда сүрінсе, ақтық айқаста ең жеңіл, 48 кг. салмақта күш сынасқан Біржан Жақып екі дүркін Олимпиада чемпионы Цзоу Шиминнен 9:13 есебімен жеңіліп қалды. Сол секілді 60 кг. салмақтағы Самат Бәшенов ағылшын Том Сталкере 9:10 есебімен есе жіберсе, Данияр Елеусінов (64 кг.) тағы бір алаң иесі Брэдли Сондерстен 3:6 есебімен жеңіліп қалды. Сонымен бірге Серік Сәпиев (75 кг.) британдық Галум Смиттен жеңілуге мәжбүр болды. Осы жекпе-жекке куә болғандардың айтуынша, Серік қарсыласынан айқын басымдық танытып айқасты. Дегенмен, төрешілер жеңісті алаң иесінің пайдасына бұрып жіберді. Осыдан кейін шаршы алаңға көтерілген Алмат Серімов ел намысын қорғап қалды. Ол британдық Галум Джонсонды үшінші раундта нокаудқа жіберсе, аса ауыр салмақтағы Иван Дычко тағы бір алаң иесі Амин Исаны 7:2 есебімен жеңді. Сөйтіп, екі алтын, төрт күміс және төрт қола алған отандастарымыз жалпы командалық есепте Қытай мен Куба боксшыларынан озып, екінші орынды иеленіп қайтты. * Қазақстан Бокс федерациясының қолдау көрсетуімен жаңадан құрылған “Астана арландары” кәсіпқой боксшылар клубына екі легионер қосылды. Енді кәсіпқой бокстан WSB тұжырымы бойынша Қазақстан ұлттық құрама командасы сапында аса ауыр салмақтағы венгриялық Иштван Бернст пен серб Милутин Станкович өнер көрсететін болады. Алдағы уақытта олардың қатарына тағы да боксшылар қосылады. “Астана арландары” клубының бас директоры Болат Манкеновтің айтуынша, қос спортшымен жасалған келісім-шартқа сәйкес, олар Қазақстанды өз үйіндей көріп, осында халықаралық жарыстардан тек жеңімпаз атанып келу үшін барлық жағдайды жасайтын болады. * Қазақстан Бокс федерациясының ерлер, жастар және жасөспірімдер ұлттық құрамасының жұмысын үйлестіруші, мемлекеттік бапкер Болат Абдрахманов таяуда АІВА-ның Қазақстан атынан сайланған тұңғыш техникалық делегаты атанды. Халықаралық әуесқой бокс федерациясының штаб-пәтері орналасқан Лозанна қаласынан жіберілген телеграммада аталмыш ұйымның атқарушы директоры Хо Ким бокс маманына жуық арада техникалық делегат атағын беру жөнінде сертификаты тапсырылатынын жеткізді. Дастан КЕНЖАЛИН.