...америкалық тепловоздар әкелінді
Алыс пен жақынды жалғайтын темір жолдың игілігін жетісулықтар тиімді пайдаланып келеді. Мысалы, Түрксіб темір жол магистраліндегі ірі станса – Үштөбе айналма локомотив депосындағы жүк және жолаушы тасымалының сапасы арта түсті. Оған деподағы ескі локомотивтердің күші 5000 аттық жаңа “ТЭ 33А” тепловоздарымен толықтырылуы септігін тигізді. Оларда машинистерге қолайлы ауа алмастырғыш, электрлі пеш, кез келген ақауды жедел анықтайтын, қозғалыс қауіпсіздігін қадағалайтын компьютерлік жүйе орнатылған.
Бүгінде ұжымдағы арнайы дайындықтан өткен 15 локомотив бригадасы жаңа тепловоздарды сапқа қосып, жүк және жолаушы тасымалындағы қажеттілікті өтеуде.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.
...мектеп-гимназияның іргетасы қаланды
Жақында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Күршім және Зайсан аудандарының онға тарта елді мекендерінде болып тұрғындармен кездесті. Күршімде өңір басшысы 600 оқушыға арналған мектеп-гимназияның іргетасын құю рәсіміне және осындағы балық зауытының ашылуына қатысты. Биылғы көктемдегі су тасқынынан зардап шеккен Қаратоғай ауылында бес пәтердің кілтін тапсырды. Қазір мұнда 15 үйдің іргетасы қаланып, сегізінің қабырғасы тұрғызылды.
Ал Зайсан ауданының Тасбастау ауылында да тоғыз отбасы жаңа үйлердің кілтін облыс әкімі Б.Сапарбаевтың қолынан алды. 20 қыркүйекке дейін тағы 25 отбасы жаңа үйлерге қоныстанбақ. Екі ауданның әкімдері Алтайбек Сейітов пен Серік Зайнулдин қоңыр күзге дейін зардап шеккендердің барлығын тұрғын үймен қамтамасыз етуге уәде берді.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы.
...тіс емдейтін емхана ашылды
Облыс орталығындағы тізбекті жаңа үйлер шоғырын құрайтын жаңа шағын ауданда тұрғындар саны жыл сайын көбейіп келеді. Ертіс өзені жағалауына орналасқан қаланың осы шеткері аумағы қазір мүлде өзгерген. Жарқыраған жаңа тұрғын үйлер, жаңа мектеп, балабақша, сауда үйлері салынды. Жуырда ғана тіс емдейтін балалар стоматологиялық емханасы ашылды. Емхана әнші Майра атындағы көшедегі №47 тұрғын үйдің бірінші қабатынан орын алды. Бұл денсаулық сақтау саласы бойынша осы ауданда бой көтерген екінші мекеме, шілде айында орталық емхана пайдалануға берілген болатын.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ардақ Күзековтың айтуынша, жалпы облыс орталығында бұл күндері 50-ден аса жеке меншік емхана қызмет көрсетеді. Емхана құрылысына қалалық бюджеттен 76 миллион теңге бөлінген. Емхана күніне 150-ге жуық баланы қабылдай алады. Ол Бразилияда жасалған жаңа заманғы құрал-жабдықтармен қамтылған.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.