• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
17 Тамыз, 2010

Жарайсың, “Барыс”!

384 рет
көрсетілді

10-14 тамыз аралығында Аста­нада Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің кубогы үшін шайбалы хоккейден өткізілген алғашқы халықаралық турнир өз мәресіне жетті Хоккейсүйер қауым көптен күткен оқиға елорданың “Қазақ­стан” спорт сарайында өтті. Ұй­ым­дастырушылар – “Нұр Отан” партиясы мен Қазақстанның шай­балы хоккей федерациясы. Ал, турнирдің ақпараттық серіктесі “НҰР-Медиа” холдингі болды. Турнирге Ресей, Латвия, Беларусь және Қазақстанның командары қа­тысты. Жанкүйерлер Мәскеу об­лы­сының Мытищи қаласының “Ат­лант”, Минск мен Риганың “Ди­намо” клубтарының және астана­лық “Барыс” командасының ойы­нын қызыға тамашалады. Бұл тек қатысушы клуб мүше­ле­рінің қызығушылығын тудырып қоймай, жалпы спортсүйер қауым­ның назарын аударған, тек Аста­на­ның спорт өміріне ғана емес, қазақстандық хоккейшілер қауым­дас­тығы тынысына серпін берген осы маусымның айтулы дода­ла­ры­ның бірі болды. Ойыншылар өз­дерінің шеберліктерін, тәжірибе­ле­рін, жоғары дайындық деңгейлерін көрсетіп, көрермендерін қызықты ойындарымен тәнті етті. Ал 14 тамызда “Қазақстан” спорт сарайында финалдық жарыс өтіп, Президент кубогының иегері анық­талды. Турнирдің жабылуына ар­нал­ған салтанатты шараға Прем­ьер-Министр Кәрім Мәсімов, “Нұр Отан” партиясы Төрағасының бі­рінші орынбасары Нұрлан Нығма­тулин қатысты. Осы ойында қарсыластарын 2:1 есебімен жеңген “Барыс” клубы кубогтың иегері атанды. Кездесуде есепті 3 кезеңнің 11 минөтінде минс­­кілік Александр Кулаков ашса, төрт минөт өткен соң алаң иесі Евгений Рымарев есепті теңестірді. Сөйтіп, тең аяқталған ойыннан кей­ін бес минөттік овертайм бе­рі­ліп, онда да есеп өзгермеген соң “Ба­рыс” буллиттен 2:1 есебімен жеңіске жетті. Команданың мүшесі Иржи Новотны қарсыластарының қақпашысынан айласын асырып, елімізге жеңіс сыйлады. Турнир соңында Джефф Гласс үздік қақпашы (“Барыс”), Мойниш Томаш (“Динамо” Минск) үздік қор­ғаушы, Йозеф Штумпел (“Ди­намо” Минск) үздік шабуылшы атанса, астаналық Талғат Жайлауов үздік мерген атағына ие болды. Жалпы, Қазақстанда спортты дамыту – “Нұр Отан” партиясы­ның дені сау, әл-ауқаты мықты ұлтты қалыптастырудағы басты мақ­саттарының бірі. Мемлекет бас­шысы, “Нұр Отан” партиясының Тө­рағасы Нұрсұлтан Назарбаев тара­пынан спортты дамытуға үлкен назар бөлінуінің арқасында хоккей бүгінгі таңда Қазақстанның бетке ұстар спорт түрлерінің біріне ай­нал­ды. Мұндай жоғары деңгейдегі жарыс 2011 жылдың басында Қа­зақ­стан үлкен мақтанышпен қа­был­дағалы отырған барлық азия­лық құрлық үшін маңызды оқиға саналатын – 7-қысқы Азия ойын­дарының қарсаңында өтуі өте маңызды.