10-14 тамыз аралығында Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы үшін шайбалы хоккейден өткізілген алғашқы халықаралық турнир өз мәресіне жетті
Хоккейсүйер қауым көптен күткен оқиға елорданың “Қазақстан” спорт сарайында өтті. Ұйымдастырушылар – “Нұр Отан” партиясы мен Қазақстанның шайбалы хоккей федерациясы. Ал, турнирдің ақпараттық серіктесі “НҰР-Медиа” холдингі болды. Турнирге Ресей, Латвия, Беларусь және Қазақстанның командары қатысты. Жанкүйерлер Мәскеу облысының Мытищи қаласының “Атлант”, Минск мен Риганың “Динамо” клубтарының және астаналық “Барыс” командасының ойынын қызыға тамашалады.
Бұл тек қатысушы клуб мүшелерінің қызығушылығын тудырып қоймай, жалпы спортсүйер қауымның назарын аударған, тек Астананың спорт өміріне ғана емес, қазақстандық хоккейшілер қауымдастығы тынысына серпін берген осы маусымның айтулы додаларының бірі болды. Ойыншылар өздерінің шеберліктерін, тәжірибелерін, жоғары дайындық деңгейлерін көрсетіп, көрермендерін қызықты ойындарымен тәнті етті.
Ал 14 тамызда “Қазақстан” спорт сарайында финалдық жарыс өтіп, Президент кубогының иегері анықталды. Турнирдің жабылуына арналған салтанатты шараға Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, “Нұр Отан” партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин қатысты.
Осы ойында қарсыластарын 2:1 есебімен жеңген “Барыс” клубы кубогтың иегері атанды. Кездесуде есепті 3 кезеңнің 11 минөтінде минскілік Александр Кулаков ашса, төрт минөт өткен соң алаң иесі Евгений Рымарев есепті теңестірді. Сөйтіп, тең аяқталған ойыннан кейін бес минөттік овертайм беріліп, онда да есеп өзгермеген соң “Барыс” буллиттен 2:1 есебімен жеңіске жетті. Команданың мүшесі Иржи Новотны қарсыластарының қақпашысынан айласын асырып, елімізге жеңіс сыйлады.
Турнир соңында Джефф Гласс үздік қақпашы (“Барыс”), Мойниш Томаш (“Динамо” Минск) үздік қорғаушы, Йозеф Штумпел (“Динамо” Минск) үздік шабуылшы атанса, астаналық Талғат Жайлауов үздік мерген атағына ие болды.
Жалпы, Қазақстанда спортты дамыту – “Нұр Отан” партиясының дені сау, әл-ауқаты мықты ұлтты қалыптастырудағы басты мақсаттарының бірі. Мемлекет басшысы, “Нұр Отан” партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан спортты дамытуға үлкен назар бөлінуінің арқасында хоккей бүгінгі таңда Қазақстанның бетке ұстар спорт түрлерінің біріне айналды. Мұндай жоғары деңгейдегі жарыс 2011 жылдың басында Қазақстан үлкен мақтанышпен қабылдағалы отырған барлық азиялық құрлық үшін маңызды оқиға саналатын – 7-қысқы Азия ойындарының қарсаңында өтуі өте маңызды.