• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
17 Тамыз, 2010

Егін өсірушілердің өкпесі

468 рет
көрсетілді

Ауа райының қуаңшылығы көп­те­ген елдерді тығырыққа тіреп, әлем­дік рыноктағы астық бағасын шарық­татып жіберді. Баға сәт сайын құбы­лып, өсіп барады. Канада, Ресей, Украина секілді астықты елдерде бір тонна бидайдың құны 250 АҚШ дол­ларын құрап отыр. Әлі де көтеріле түсетін түрі бар. Солтүстік­қазақ­стан­дық диқандар да алаңдаулы. Қыр­ман­дарға астық түсе бастады. Соны “Азық-түлік келісім-шарт” корпора­ция­сының жергілікті филиалына өткізіп, жұмысшы-қызметкерлердің жалақысын, басқа да төлемдерді өтейін десе, әлі күнге дейін астықтың бағасы да, квота мөлшері де белгі­лен­беген. Осы мәселемен тікелей айналысатын ведомостволар кесімді сөздерін айтудың орнына әліптің ар­тын бағып отырған сыңайлы. Облысқа “Азық-түлік келісім-шарт” корпорациясы АҚ президенті Руслан Азимовтың, басқарушы дирек­тор­ла­ры Марк Ельперин мен Дәулет Уа­шев­тың жұмыс сапарымен келуі агро­фирма жетекшілерін елең еткізіп, жауап­ты науқанның қызған шағына қарамастан облыстық әкімдікте өткен жиынға қатысуға асықты. Қазақ­стан­­ның Еңбек Ері Геннадий Зен­чен­ко бастаған ауыл шаруашылығы өні­мін өндірушілер олармен ауызба-ауыз тілдесіп, мәселенің қалай шешіліп жатқанын білмекке ынтықты. Жедел кеңесті облыс әкімі Серік Біләлов кіріспе сөзбен ашып, күздік бидайдың түсімділігі 9,9 центнерден айналғанын, ендігі бар күш-жігердің орташа шыққан дәнді дақылдарды жинап алуға бағытталғанын, техника да, жанар-жағармай да жеткілікті еке­нін жеткізді. Руслан Жұмабайұлы мін­беге көтерілгенде зал ішінде шыбын ызыңы ғана естілетіндей ты­ныштық орнады. Жиналғандар одан астық бағасына, өткізуге байланысты нақты жауап күтті. Алайда, оның астық нарықтағы жағдайға сайма-сай бағаланады деген жалпылама сөзіне ешкім қанағаттанбады. – “Азық-түлік келісім-шарт” кор­порациясына мемлекет азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, астықты сатып алу квотасын белгілеу, баға саясатын анықтау құқықтарын беріп отырғандықтан, өзімізді толғантқан мәселелер төңірегінде нақты жауап алғымыз келіп еді. Алайда, қалып­тас­қан күрделі жағдайға орай қабыл­да­ну­ға тиісті ұтымды шешімнің сағыз­дай созылып кеткені таңдандырмай қоймайды. Сатып алынатын астық кө­лемінің де, бағасының да белгілен­беуін қалай түсінеміз? Бір тонна бидайдың бағасы 230-250 доллардан кем болмауы тиіс. Қызылжар өңірінің диқандарының айтар уәжі осы. Өйт­пеген жағдайда ірі агроқұры­лым­дар­дың өздері жалақыға, техника сатып алуға жұмсаған шығындарын өтей алмай банкротқа ұшырап қалары анық, — деді Геннадий Иванович көпшіліктің көкейіндегі қыжылды тап басып. Оның сөзін “Сельхозхимия” ЖШС директоры Василий Шкодин, “Ақселеу” агрофирмасының жетек­ші­сі Серік Малаев, “Мәмбетов және К” командиттік серіктестігінің дирек­то­ры Константин Мишенев қостап, талайлардың корпорацияның жер­гі­лік­ті өкілдігінің табалдырығын тоз­дырып жүргенін айтты. Банк­терден алынған кредиттік төлем­дерді өтеуге де уақыт жағынан жеңілдік берілуін сұраймыз, десті олар. Аймақ бас­шысы С.Біләлов Үкімет тарапынан ауыл шаруашы­лығын өркендетуге қомақты қаржы бөлініп жатқанын, биыл оның 16 миллиард теңгені құ­рағанын айта келіп, шаруашы­лық­тар­дың банк­термен, ұжым мүшеле­рімен дер ке­зінде есеп айырысуы үшін корпо­рация тарапынан шұғыл тө­лемдерді жеделдетуді өтінді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен кеңесте Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев биыл Қазақстанда қанша астық алынатыны, ішкі қажеттілікке қанша жұмсалатыны, сыртқа қанша мөлшерде сатылатыны жөнінде нақ­па-нақ мәлімдеп еді. Олай болса, ми­нистрлікке қарасты ведомоство­лар­дың әлі күнге дейін үн-түнсіз отыр­ғаны түсініксіз. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.