Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Абдрахманов кеше бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізіп, осы аптада өтетін басты шаралармен таныстырды.
Ресми өкілдің мәлім етуінше, 19 тамыз күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Халықаралық гуманитарлық орталық өз жұмысын бастайды. Оның ашылуына Орталық Азиядағы Қызыл Крест халықаралық комитеті мен еліміздің сыртқы саясат ведомствосының өкілдері қатысады. Ал 20-22 тамыз аралығында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Арменияда өтетін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне қатысады деп күтілуде.
Бұл кездесу барысында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы шеңберінде дағдарыстық жағдайларға лайықты жауап берудің тиімді жүйесін құру жөніндегі ұсыныстар талқыға салынады. Сондай-ақ Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыруға ықпал ететін шаралардың барысы пысықталмақ.
Ресми өкіл, журналистердің сұрағына орай берген жауабында үстіміздегі жылдың 1-2 желтоқсанына жоспарланып отырған ЕҚЫҰ-ға мемлекеттер мүше басшыларының саммитіне дайындық қызу жүріп жатқандығын жеткізді. Қазіргі таңда Ұйымның Венадағы штаб-пәтерінде белсенді консультациялар орын алып, алдағы саммиттің күн тәртібі мен ұйымдастырушылық мәселелері бойынша пысықтау жұмыстары жан-жақты жүргізілуде.
“Егемен-ақпарат”.