• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
17 Тамыз, 2010

Тұрақтылық пен патриотизмнің іргетасы

758 рет
көрсетілді

Ата Заң айшықтары Көп жылдар бойы адамның құқықтары мен бостандықтары түсінігінің сипаттамалық белгілері боямаланып келді. Қоғам мүше­ле­ріне құқық – бұл пролетариат пен партия мүддесі деп санаға құйылды. Шынында құқық адам табиғатына тән бостандық нормалары екендігін тәуелсіздік ал­ғаннан кейін ұғынғанымыз рас. “Біз, ортақ тарихи тағдыр бі­ріктірген Қазақстан халқы”, – деп басталатын біздің Конс­ти­ту­циямыздағы осы сөздерде жаңа ашық азаматтық қоғам орнатуды мақсат еткен халқымыздың тарих сабақтастығы тоғысып жатыр. Ол елімізде өмір сүріп жатқан бар­лық ұлттар мен ұлыстардың бір­лігі мен бейбіт өмірін қамтамасыз ететін және кепілдік беретін өте маңызды құжат. Осы Бүкіл­ха­лық­тық референдумда қабылданған қолданыстағы Ата Заңымыз елі­мізде экономикалық және әлеу­меттік, саяси реформаларды жү­зеге асырып, қоғамды демокра­тия­ландыру ісінде өзінің жасам­паздығынан Қазақстан халқына қызмет етіп отыр. Осыдан он бес жыл бұрын елімізде демократиялық бастау­ларға сүйенген Конституциялық құрылыстың қалыптасу үдерісі басталып, жаңа мемлекеттік инс­титуттар құрыла бастады. Конс­ти­туция мемлекеттік құқық жүйе­сін реформалаудың базасы болды. Қоғам, мемлекет және тұлғаның өзара байланысының конститу­ция­лық-құқықтық ауқымы ке­ңей­ді. Мемлекеттік институт­тар­ды конституциялық реформалау адам мен азаматтардың құқық­та­ры мен бостандықтарын қам­та­масыз етуге бағытталып, жоғары халықаралық-құқықтық стандарт­тардың саяси-құқықтық тәжіри­бесіне ене бастады. Тұлға құқығының басымдығы енген демократиялық консти­туциялық құрылыс философиясы әлеуметтік құндылық болып са­на­лады. Конституция қоғам демо­кра­тиялық құрылысының негізі болып табылғандықтан, ол демо­кратияны реформалаудың басты кепілі. Сондықтан ол мемлекет пен қоғам тарапынан ерекше қор­ғалуы тиіс. Мемлекеттің Не­гізгі Заңы – бұл құқықтық жүйе­нің ядросы, бүкіл заңнамалық құжаттар негізделетін фундамент, мемлекеттің демократиялық дамуы­ның тірегі мен мемлекеттік құқық өзгерістерінің процесі. Ол қоғамдағы тұрақтылықтың негізі. Саяси режім, әлеуметтік-экономикалық дамудың деңгейі, саяси басқарудың дәстүрлері мен құрылымдарына қарамастан барлық елдердің негізгі міндеті саяси тұрақтылықпен қамтамасыз ету болып табылады. Адамзат қоғамының даму тарихы көрсет­кендей, саяси тұрақтылыққа же­тудің міндеттері мемлекеттік дең­геймен қатар, мемлекетаралық қа­тынастар жағдайында да ше­шіледі. Осы мәселелерді шешудегі ең басты фактор болып мемлекет және оның құқықтық, моральдық нормаларына сүйенген институт­та­ры саналады. Саяси тұрақ­ты­лық мәселесі қоғамның модерни­зациялануы үдерісінде маңызды орынға ие. Өйткені, осы жолда жүрген мемлекет әлеуметтік қай­шылықтар мен көптеген қақты­ғыс­тардың пайда болуына ықпал етеді. Мемлекеттің дамуына әсер етуде қоғамдық өмір-салттың барлық салаларына тұрақтылық қажет. Себебі, тұрақтылық орын алған саланың жағымды сапалық көрсеткішін өзге сала тұрақ­сыз­дығымен сипаттау мүмкін емес. Еліміз мемлекеттіліктің негізі ре­тінде тұрақтылыққа жетуді міндет етіп бекіте түсті. “Жаңа онжыл­дық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкін­діктері” атты Жолдауда Елбасы Н.Ә.Назарбаев атап көрсеткендей: “Ішкі саяси сала мен ұлттық қауіпсіздіктің 2020 жылға дейінгі негізгі мақ­сат­тары қоғамда келі­сім мен тұрақтылықты сақтау, ел қауіпсіздігін нығайту болып қала береді”. Сондықтан Ата Заңымыз саяси тұрақтылықтың Қазақстан­дағы модернизациялық бағыты мен әлеуметтік-экономикалық реформаларының негізгі шарты болып табылады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев осы­дан он жыл бұрын Ата Заңымыздың бес жылдығында: “Халық өзінің егемен құқын пайдаланып, қа­был­даған Конституция қол сұ­ғыл­мас қасиетке, жоғары заңдық қана емес, рухани-адамгершілік киеге ие болады, сөйтіп ол қазақ­стандық патриотизмді тәрбиелеу­дің іргетасына айналады”, – деп айтқан болатын. Осыған байла­нысты қазіргі Қазақстандағы қоғамды біріктірудегі негізгі фак­тор және тұрақтылықты қамтама­сыз ету мен мемлекеттілікті бекі­туде патриотизмнің орны зор. Сондықтан бүгінгі күндегі пат­риоттық тәрбие қазақстандық азаматтардың саяси санасындағы ең негізгі мәселе болып табыл­мақ. “Патриотизм” түсінігіне кең түрде анықтамалар берілгенімен, оның жалпы сипатына қатысты нақты анықтамалар жоқ. Мәсе­лен, С.И.Ожеговтың редакция­сын­да жарық көрген сөздікте: “Па­триотизм – өз Отанына, хал­қы­на деген адалдық пен махаб­бат”, – деп анықтама берілген. Философиялық сөздікте: “Адам­гер­шілік және саяси принцип, әлеуметтік сезім. Оның мазмұны – Отанға сүйіспеншілік, оған адалдық, оның өткені мен қазір­гісіне деген мақтаныш, Отан мүд­десін қорғауға құлшыныс”, – делінген. Дегенмен, “патриот” тү­сінігіне біз түрлі мазмұнда анық­тамалар берілгендіктен, “пат­риотизм” сипатына жан-жақты нұсқадағы түсініктемелер ұсы­ны­лады. Бұл аталмыш құбы­лыстың күрделі табиғатымен тү­сін­діріліп, мазмұнының көп қырлылығымен сипатталады. Сонымен бірге, пат­риотизм мәселесін білім берудің барлық салаларын қамтыған және Отанға деген қатынастағы автор­лар­дың тарихи, әлеуметтік-эко­номикалық, саяси шарттарын­дағы азаматтық көзқарастары негізінде қарастырылады. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессия­сында сөйлеген сөзінде: “Ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің аса ма­ңызды шарты – бұл әлемдік бә­секелестік үдерісінде табысқа же­туге мүмкіндік беретін күшті рух пен білім”, – деп пайымдайды. Сонымен қатар, Елбасымыз қазақстандық патриотизм сияқты ұлт табысының маңызды құрам­да­сына тоқталады. “Бұл өз Ота­ның мен жеріңе деген сүйіспен­шілік, оның тарихы мен мәде­ние­тіне деген зор құрмет, әркімнің өз күш-жігеріне деген сенімі мен барша қоғамның топтасуы. Бұл бүгін тұрғызылып жатқан өз еліңнің тарихына қатыстылықтың және оның болашағы үшін жауап­тылықтың жоғары сезімі. Бұл әрбір қазақстандықтың та­быс­тары үшін мақтаныш және қандай тұрғыда болғанына қа­рамастан өз салаңда табыстарға қол жеткізу ниеті. Және бұл та­бысты әркім Отанына бағыштап, әлемде оның даңқын асыруы, беделін көтеруі тиіс. Патрио­тизм­ді, әсіресе жастардың арасында, біздің балалардың бойында барша қоғамның ортақ күш-қуатымен қалыптастыру керек. Біздің әр азаматтың табысы және халық­ара­лық тұрғыда мойындалуы – бұл баға жеткізгісіз капитал, бар­ша қазақстандықтардың мақтана­тын нәрсесі және байлығы екен­дігі сөзсіз. Осындай үлгілермен ұлттың рухын көтеру керек! Өз Отаныңның патриоты болу – бұл Қазақстанды өз жүрегіңде ұялату. Мен сіздерді осыған шақыра­мын”. Бүгінгі шарттарда мемлекетті­лік­ті патриотизм негіздерімен қа­лыптастыру қоғамның модерни­за­циялануына ықпал етуімен қа­тар, оның қауіпсіздігін де қам­тамасыз етеді. Бірақ, ұлттық құн­дылықтары айқындалған мемле­кет­те ғана ұлттың өзін-өзі тану, ұлттық мақтаныш сезімдері туын­дайды. Сондықтан осы үдерістегі жетекші рөл патриоттық тәрбие берудегі нормативтік-құқықтық базаларға толықтай сүйенген мем­лекет институттарына жүкте­леді. Қоғамдық ұйымдар пат­риот­тық жұмыстар жүргізуде ұйым­дас­тырушылық, құқықтық және экономикалық қиыншылықтарға ұрынатыны жасырын емес. Оларға мемлекеттің тікелей бел­сенді көмегі қажет. Көптеген қо­ғамдық ұйымдар мәселені өзіндік көзқарастармен бағалап, көп бөлігі патриоттық тәрбие беру жүйесіне араласпайды. Осыған сәйкес мемлекет патриоттық тәр­бие беруде азаматтық қоғам инс­титуттарын араластыруы қажет. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2005 жылғы “Қазақстан экономи­калық, әлеуметтік және саяси же­дел жаңару жолында” атты Қазақ­стан халқына Жолдауында қолданылып жүрген Конститу­ция­мыздың әлеуетін одан әрі пайдалану жөнінде былайша ой өрбітеді: “Біздің Конституция­мыздың әлемде демократиялық қоғамның негізгі міндеттеріне сәйкес келетіні танылып отыр. Егер атына сын айтылып жүрсе, оның ережелерінің орындалуына қатысты болып жүр. Бүкіл әлемде демократия мен заңды сақтау ажырағысыз болып танылады”. Жалпы еліміздің Конститу­циясы жинақы түрде, қысқа тұжы­рымдалған, еліміздің негізгі сипаттамасын, қоғамның саяси, экономикалық және әлеуметтік негізін, демократиялық бастама­ларын көрсетіп берді. Ол елі­міздің негізгі құндылықтары – тәуелсіздік, бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі. Әрбір ел азаматының ендігі парызы – осы құндылықтарды сақтау. Ата Заңымызды қадірлеу, заңдарын орындау, Елбасымызға қызмет ету баршамыздың қастерлі мін­деті­міз. Ол еліміздің саяси және этносаралық тұрақтылығымыз­дың негізі болып табылады. Мұрат НАСИМОВ, Қызылорда “Болашақ” университеті тарих және филология кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдардың кандидаты.