• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Тамыз, 2010

Жүлделер жауған күн

466 рет
көрсетілді

Оралда самбодан Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін әлем кубогы кезеңі аяқталды. Байрақты бәсекеге Қазақстан, Ресей, Беларусь, Грузия, Украина, Әзірбайжан, Тәжікстан, Армения, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен келген барлығы он команда қатысты. Жарыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Батыс Қазақстан об­лысының әкімі Бақтықожа Ізмұ­хам­бетов Оралда самбодан әлемдік деңгейдегі дода осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырғандығын, жалпы қазақ самбосы тарихында жүздеген Ақ Жайық спортшы­ларының есімдері алтын әріптер­мен жазылғандығын, солардың ішінен әлем чемпиондары Асқар Шай­хиев, Қоныс Жетпісов, Ер­болат Байбатыров есімдерінің ел жа­дына әбден сіңісті болғандығын баса айтты. Орал самбосын дамы­т­у­ға ерен еңбек сіңірген Батыр Қуа­нышев, Қамеш Исмағұлов, Мү­сілім Оңдағанов, Нұрлан Қауметов секілді бапкерлердің атына осы кеште біраз жылы сөз естідік. Екі күнге созылып, үш кілемде өткен белдесулер ешқандай тосын сый әкеле қойған жоқ. Тоғыз сал­мақтың бесеуінде қазақ өрендері бас бәйгені жеңіп алды. Бір әт­те­ген-айы ауыр салмақтарда тәжіктер топ жарды. Ең тартысты бәсеке 57 кило салмақта оралдық балуандар, екі дүркін әлем чемпионы Ерболат Бай­батыров пен Асхат Шайхиев ара­сында өрбіді. Бір залда жатты­ғатын сыралғы қос қарсылас аң­дысып ұзақ жүрді. Ақыры белдесу бітуге аз қал­ған уақытта бір ұпай алып үлгерген әлем чемпионының мерейі үстем болды. Атақты самбошы Асқар Шай­хиевтің ұлы Асхат болса өзінің болашағы зор екендігін көрсетті. Жарыстың жабылу рәсіміне қатысқан облыс әкімінің бірінші ор­ынбасары Нұрлан Ноғаев тур­нир­дің аса жоғары деңгейде өткен­дігін атап өтіп, барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерді қызу құттық­та­ды. “Күш атасын танымас”, де­ген­мен бұл жарыста жеңілгендер жоқ, бәріңіз де жеңімпазсыздар”, деді Нұрлан Асқарұлы. Керей Қойшыбек, Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы: – Бүгінгі байрақты бәсеке ал­дағы әлем чемпионаты қарсаңында шама-шарқымызды көрсететін өте жауапты сын. Дүниежүзілік дода 7-11 қарашада Ташкентте өтеді. Орал кілемінде командалық бас бәйге­мен қатар балуандарымыздың ба­бын байқадық. Жетпей тұрған, ол­қы түскен тұстарымызды, такти­ка­лық, психологиялық даярлығымыз­ды тағы бір пысықтап алдық. Құ­рамадағы екі дүркін әлем чемпио­ны Ерболат Бай­батыров, әлем чем­пионы Дәурен Жай­нақов секілді тәжірибелі сам­бошыларға соңғы жыл­дары қосыл­ған жас буынның аяқ алысы қуан­тады. Олардың есім­дері әзірге көп­шілікке танымал емес, алайда әлем чемпионатында жаңа жұл­дыздар пайда боларына сенімдімін. Жалпыкомандалық есепте бас бәйгені Қазақстан құрамасы жеңіп алса, екінші орынға тәжіктер, үш­інші орынға грузиндер табан тіреді. Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ,  журналист. Темір ҚҰСАЙЫН, Орал.