• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
18 Тамыз, 2010

Самға, “Дала қыраны”!

842 рет
көрсетілді

Алматы іргесінде өтіп жатқан халықаралық арнайы тактикалық жаттығуларға АҚШ, Ұлыбритания және Қазақстан Қарулы Күштерінің бөлімшелері қатысуда Алматыдан шыға әзіл-қал­жың­ға басқан, асай-мүсейін арқалаған қырықшақты журналист қауымы ырғалта көсілген ұзын автобуспен әне-міне  дегенше айтылмыш жат­тығудың ашылу салтанаты өтетін “Іле” оқу орталығының плац-ала­ңына келіп те қалдық. Нұрғиса Ті­лендиев ауылынан өткеннен кейінгі сай-жыралы, ойпаң өзекті, жар­лауытты жерлер. Бірталай қой, жыл­қы жайылып жүр. Даланың байырғы тіршілігі. Бейбіт те бей­қам. Олар “Дала қыраны-2010” деп дабылдатқан әскери оқу-жат­тығудан бейхабар. Ал, біз болсақ, өз жолбасшымыз, еліміздің аэро­ұт­қыр әскерлері қолбасшысы бас­қар­масының жұртшылықпен бай­ланыс жөніндегі офицері, орысша-қазақша бірдей саңқылдай сөй­ле­ген Рыскүл Тағаевадан мән-жайға қанығып келеміз. “Дала қыраны-2010” атты осы­­нау жыл сайынғы арнаулы так­­ти­калық жаттығу биыл та­мыз­дың 16-сынан 27-сіне дейінгі ара­лықта өтпекші. Бұл халық­ара­лық әскери шараға АҚШ-тың, Ұлыбритания­ның Қарулы Күш­тері, Қазақ­стан­ның бітімгершілік бригадасы бө­лім­шелерімен бір­ле­се, Қорғаныс министрлігі Әскери институты­ның кур­санттарын тар­та отырып Бей­біт­шілік жолын­дағы әріптестік ор­талығының әскери қызметші­ле­рі қатысатын көрінеді. Сондай-ақ, аталмыш жаттығуға мыңнан астам сардар­лар мен сарбаздар, 100-ге жуық әскери техника, Әскери-әуе күш­терінің тікұшақ звеносы жұ­мыл­дырылған. Бақылаушы ретін­де Тәжікстан Қарулы Күштерінің өкіл­дері келіп жатыр. Мінеки, қазіргі алмағайып дү­ниедегі қауіп-қатерге қарсы білек біріктіріп, тілек тоғыстырған үш елдің сарбаздары арнайы алаңда сап түзеді. “Дала қыраны-2010” ашық деп жарияланып, Қазақ­стан­ның, АҚШ пен Ұлыбри­та­нияның әнұрандары орындалып, мемлекеттік тулары көтерілді. Ел ие­сі ретінде ашылу салтанатында алғашқы сөз кезегін алған ҚР Қор­ғаныс министрінің бірінші орынбасары – Штаб бастықтары комитетінің төрағасы генерал-полковник Сәкен Жасұзақов оқу-жаттығуға қатысушы меймандар­ды қазақ жерінде қуана қарсы алып тұрғандығын мәлімдеді. Әлбетте, “Дала қыраны-2010” оқу-жат­ты­ғуы біздің кәсіби ше­берлігімізді, жауынгерлік досты­ғы­мызды шың­дай­тын және қа­рым-қатынасы­мыз­ды неғұрлым жоғары деңгейге көтеретін өте жақсы мүмкіндік бо­лып табыла­тындығына сөз жоқ. С.Жасұзақов өз сөзінде айрық­ша мән берген бір жәйт сол, ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қазақстан бүгінде Еуропа қауіпсіздігін қам­тамасыз ету құрлықтық шеңберден мүлдем шығып кеткендігі туралы ой-тұжырымдарды белсенді түрде алға тартуда. Соның бір айғағын­дай, халықаралық қоғамдастық қазірде еуратлантикалық және еур­азиялық қауіпсіздік категория­ла­рын пайдалануда. Осыған сәйкес Қазақстан да жаңа қауіп-қатерлерге қарсы тұруға өз қалауын білдірді. Ол қауіп-қатерлердің ең жымыс­қысы – лаңкестік пен есірткі та­сымалы.  Олай болса, бітімгершілік бағыттағы көпұлтты оқу-жаттығу өткізу өңірлік қауіпсіздік мүдде­леріне толық жауап берері сөзсіз. Біздің генералдың айтуынша, аталмыш тактикалық арнайы оқу-жаттығудың мақсаты – қазақ­стандық бітімгершілік бригадасы штабтарының жұмыс әдістемесін НАТО стандарттары үлгісінде жетілдіру. Мұның өзі көпұлтты бөлімше құрамында алға қойған міндеттерді орындау барысында жоғары тұрған және бағынышты штабтармен сапалы іс-қимыл бірлестіру үшін қажет. Сондай-ақ текетіресуші тараптар арасындағы жанжал жағдайларында бейбіт­ші­лікті қолдау орайындағы опера­цияларды іске асырған кездегі бө­лімшенің жауынгерлік ұтқырлығы мен ұйымшылдығын арттыру үшін де жаттығудың пайдасы зор. Сон­дықтан, оқу-жаттығудың жағрапия­сы жылдан-жылға кеңейіп, ере­же­лері молайып, талаптары зорая тү­сіп келеді. Биыл жаттығу жер бе­дері әртүрлі жерлерде өткізілуде. Оған қатысушылардың ұйымдас­тыру мен жоспарлауда жоғары ше­берлік көрсететіндігіне сардарлары сенімді. АҚШ Қарулы Күштері 3-ші армиясының қолбасшысы генерал-лейтенант Уильям Вебстер “Дала қыраны-2010” оқу-жаттығуына қаты­сып отырғандығын өзіне мерей санайтындығын білдірді.  Мұндағы алдағы жанкештілікке толы күндерде біздің шеберлік-білігімізді жақсартуға мүмкіндік көп болуға тиіс. Кейінгі бітім­гершілік операцияларға қажетті маневрлерді орындау машығына да осында төселе түспекпіз. Осылайша біз бойымызда ынтымақтастық рухын қалыптастырамыз және жаңғыртып-жаттықтырамыз. Біздер үшін бұл шын мәнінде жақсы тә­жірибе болмақ. Сол үшін Қазақстан Республикасының бізді қарсы алып отырған адамдарына, яғни үй иеле­ріне алғыс айтқым келеді. Олар өз­де­рінің қонақжай және ақжарқын жандар деген атағын тағы да дәлел­деп отыр. Ал енді “Дала қыраны-2010” оқу-жаттығуы біздің іс-қимыл бірлігімізді, яғни сәйкестік-сыйымдылығымызды жаттықтыру­дың тамаша мүмкіндігі болып табылады. Осы жаттығуларда біздің достығымыз да, болашақты дұрыс болжап көре білуіміз де нығайып жақсара түспек. Осылай дей келе, америкалық генерал бұл жаттығуды неғұрлым күшті де әлеуетті болып аяқтайтындықтарына және одан арғы тапсырмаларды орындауға әзір болатындықтарына кәміл сенім білдірді. Ұлыбританияның Қазақ­стан Республика­сын­дағы әске­ри атташесі подполковник Фитц Гиббон нақ бүгін “Дала қы­раны” халықаралық оқу-жат­тығуы Қазақстан мен НАТО-ның Қарулы Күштерін қайта­дан біріктіріп отырған­дығына назар аударды. Он­да­ғы нысана – әскери тәжірибе алмасу және бір мақсатқа жету жолында ой-тілекті тоғыстыру. Осынау оқу-жаттығу алдағы бітімгершілік операцияларда Қазақстан мен оның НАТО-дағы әріптесте­рінің неғұрлым тығыз ынты­мақ­тастығына жол ашып, әс­кери оперативтілік пен сәйкес­тік деңгейін арт­ты­ра түседі. Бұдан соң ҚР Қарулы Күш­­тері Аэроұтқыр әскер­ле­рінің қолбас­шысы генерал-майор Әділбек Алда­бергенов 2003 жылы дү­ниеге кел­ген тактикалық арнайы бітімгер­ші­лік жаттығуының ашы­луы­мен құт­тықтай ке­ле, елі­міздің аэроұтқыр әс­кер­лері мен бітімгер­ші­лік бө­­лімшелері мақтан тұтар­лық жолдан өт­кендігін баян етті. Шынында да осы жыл­дарда өте үлкен тәжі­рибе жинақ­тал­ды. Бұл тәжі­ри­бені елі­міздің Қарулы Күш­тері, әсі­ресе Қазақ­стан­ның бітім­гер­шілік брига­дасы Иракта іс жүзінде қол­дана білді. Осы жаттығу­ларға то­лық құраммен қа­ты­сып отырған Қазақ­стан­ның бітімгершілік батальо­ны ұтқырлық пен жедел­дік сынағынан өткен, кез кел­ген бітімгершілік опе­ра­цияларына қатысуға лайық­ты деп та­нылған. “Қазбат­тың” жеке құрамы, офицер­лері мен сержант­та­ры әр­түр­лі дәрежеде шет­елде жақ­­сы даярлық курста­ры­нан өтіп келген. Жет­кілікті деңгейде ағылшын тілін меңгерген. Ирак­та кө­зімен көрген Қазақстанның бітім­гер­шілік жауынгерлері ха­қында америкалық гене­рал да нақ осындай жақсы пі­кірде екендігін айтты. Ал мына бірлескен жаттығу кей­ін бітімгершілік опе­ра­цияларды бірге орындаған кезде іс-қимылды сабақтас­ты­ра үйлестіруге әлдеқайда зор септігін тигізері анық. Қазақстан бітімгершілік брига­дасының командирі полковник Қанат Әубәкіров: “Біздің маңызды мақсатымыз – жанжалды аймақ­тарда бірлік пен келісімді қалып­тастыру орайындағы бітімгершілік миссияларға қатысу. Мен бригада командирі ретінде келешекте Қа­зақстанның бітімгершілік бри­гадасы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойған барлық тапсырмаларын орындайтынына серт етемін” деді. Ашылу рәсі­мінен кейін Қ.Әубәкіров алдағы оқу-жаттығудың мақсат-мағынасы жайынан мазмұнды брифинг бер­генін айта кеткеніміз абзал болар. ...“Дала қыраны-2010” халық­ара­лық арнайы тактикалық жатты­ғуына қатысушы әскери бөлімше­лер салтанатты шерумен өтіп жа­тыр. Оның алдында Ирак жерінде бітімгершілік мис­сиясын абырой­лы атқарған подполковник Қанат Әсе­нов басқаратын аэроұт­қыр әскерле­рінің қолбас­шы­лы­ғы. Одан соң под­полковник Тимур Алмазов бастаған Қазақстан бітім­гер­­шілік бригадасының бас­қармасы, ҚР Қорғаныс ми­нистрлігі Әскери инсти­ту­тының кур­сант­тары, майор Шайхис­лам Жазықбаев бас­таған “Қазбат” бітімгер­ші­лік ба­тальоны. Одан соң бірінші, екінші және үшін­ші десант­тық шабу­ыл­даушы ротала­ры. Жас жауынгер­лердің өршіл де қайсар жүз­деріне қарап шаттана сүй­сін­г­ен­дейміз. Сенімді әр­іп­теске айналған америкалық және ұлыбританиялық әс­ке­ри қызметшілер де ше­ру­летіп өтуде. Әлемнің бізбен санасатын­ды­ғының бір ай­қын белгісі осы емес пе. Ал­да – әс­кери оқу-жатты­ғудың қиын да күрделі күн­дері. Ол болашағымызға қызмет етпек. Осыған қарап самға “Дала қыраны-2010” дегің келеді. Қорғанбек АМАНЖОЛ, Суреттерді түсірген  Анатолий УСТИНЕНКО.