• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
18 Тамыз, 2010

Ел белесінен сыр шертеді

517 рет
көрсетілді

Кеше елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада “Ата Заңым – асыл Заңым, қуатым!” тақырыбында кітап көрмесі ашылды. Ел Конституциясы күніне орайластырылған бұл көрмеге Астанадағы “Шығыс” балалар және жасөспірімдер орталығының оқушылары, Республикалық гвардияның әскерилері шақырылған екен. “Биыл Тәуелсіз Қазақстан Конс­титуциясының 15 жылдығы. Осы кезең аралығында қазақ же­рінде мемлекеттілік пен экономи­ка­мыздың берік іргетасы қаланды. Қазақстандық патриотизм мен қа­зақ­стандық тепе-теңдік қалыптас­ты­рылып, ұлтаралық келісіммен, қоғамдық тұрақтылықпен қамтама­сыз етудің өзіндік моделі жүзеге асырылды. Бүгінде еліміз жан-жақ­ты әрі жедел даму жолын таңдады. Ал еліміз жеткен жетістіктер мен өзгерістердің барлық үдерістерінің бастауы ел  Конституциясы екені ай­қын”, – деді көрмеге шолу жасаған кітапхана қызметкері Ал­ма­гүл Ысқақова. Демократиялық қоғам мен құ­қық­тық мемлекет құрудың негізі – Конституция күніне арналған көрме бірнеше бөлімнен тұрады. Олар “Президент. Парламент. Үкі­мет”, “Конституция – құқықтар кепілі”, “Қазақстан мемлекеттілі­гі­нің тарихы”, “Қазақстан – жа­сампаз жетістіктер жолында” деп аталады. Көрмеге Елбасының “Ғасырлар тоғысында”, “Тарих толқынында”, “Сындарлы он жыл” секілді көп­теген кітаптары мен Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне қатысты жазылған арнайы еңбектер, сот жүйесі мен құқық салаларына арнал­ған кітаптар қойылған екен. “Бұл көрменің сөресінде түрлі тақырыпқа сәйкес 450-ге жуық кітап пен фотосуреттер, басқа да маңызды құжаттар қойылған. Бұ­лардың барлығын еліміздің тәуел­сіздік тізгінін қолға алған жыл­дардан бергі жеткен жетістіктері мен бағындырған белестерінің кө­рі­нісі, айқын дәлелі десек те бола­ды”, дейді Алмагүл Сәкенқызы. Ал  Республикалық ұланның шұғыл мақсатты ротасының қатар­дағы жауынгері Ерлан Ускенов өз сөзінде көрмеге қойылған еңбектер мен құжаттардың маңыздылығына тоқталып, олардың әр парағы тұнған тарих екенін атап өтті. “Бұл жердегі материалдар Қазақстанның әр жылдарда жүріп өткен жолынан хабар береді. Болашаққа бағдар жасауға мүмкіндік аласың. Сондықтан, мұндай шаралардың орны айрықша”, – дейді ұландық сарбаз. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.