Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті. “Болашақ” бағдарламасы бойынша әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алуға үміткерлер арасында биыл дарынды балаларға арналған интеллектуалды мектептердің түлектері барын айрықша атап өткен төраға мұны жеткіншектерге сапалы білім беріп келе жатқан оқу ошақтарының үлкен жемісі деп бағалады.
Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия төрағасының орынбасары, Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев конкурстық іріктеуден өткен үміткерлерге “Болашақ” халықаралық стипендиясын тағайындау және стипендия иегерлерін стипендиядан айыру, сондай-ақ Қазақстан азаматтарының өтініштері туралы мәлімдеді. Бүгінгі таңға дейін әлемнің таңдаулы оқу орындарында білім алуға 3408 адам өтініш білдірсе, республикалық комиссияның қарауына 816 үміткердің жеке құжаты ұсынылған. Оның ішінде 720-сы шетелдің жоғары оқу орындарына өз бетімен түскен үміткер ретінде тіркелсе, 96-сы жалпы конкурс бойынша іріктеу сынына қатысқан. Комиссия отырысында бағдарламалар бөлінісі сараланып, бакалавриат бойынша – 187, магистратураға – 578, клиникалық ординатураға –24, докторантураға – 10, ғылыми тағылымдама бойынша 17 үміткер білім алуға өтініш білдіргені мәлім болды. Үміткерлердің көпшілігі Ұлыбритания (474), Америка (131), Швейцария (63), Ресей (42) сияқты өркениетті елдердің алдыңғы қатарлы оқу орындарында оқуға ниеттенсе, біразы Малайзия, Ирландия, Канада, Франция, Италия, Австралия, Қытай, Сингапур, Нидерланд, Норвегия, Германия, Чехия, Швеция елдерінде білім алғылары келетіні айтылды. Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша 472 үміткерге “Болашақ” халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылданды.
Комиссия отырысының соңында Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев биылғы оқу жылының ерекшеліктері туралы қысқаша ой түйіндей келіп: “Мемлекеттік комиссияның отырысында биылғы оқу жылында “Болашақ” бағдарламасы бойынша шетелде оқитын үміткерлердің саны анықталды. Құжат тапсырған 3408 талапкердің 816-сы комиссияда қаралып, 472 үміткер шетелге оқуға ұсынылса, олардың дені негізінен “Экономика”, “Ақпараттық технологиялар және жүйелер”, “Туризм саласындағы менеджмент, мейманхана менеджменті, спорт менеджменті”, “Мұнай және газ ісі”, “Технологиялар менеджменті”, “Адам ресурстарын басқару”, “Математика”, “Электроника”, “Бухгалтерлік есеп”, “Өндірістік инжиниринг”, “Құрылыс және архитектура”, “Хирургия” сынды мамандықтарды таңдады. Квота бойынша қабылдау мерзімі биыл 30 қыркүйекке дейін ұзартылып отыр. Соған байланысты әлемнің таңдаулы оқу орындарында оқығысы келетін жеткіншектеріміз әлі де құжаттарын тапсыруларына болады. Мемлекет тарапынан ауыл жастары үшін бөлінген арнайы квота тағы бар. Бір айта кетерлігі – шетелде кадрлар даярлауға облыстар тарапынан белсенділік байқалмайды. Қатысушылардың көбі негізінен Астана мен Алматы қалаларынан, олардың әрқайсысынан 300-ден аса құжат тапсырылған. Ал облыстарда бұл 20-30 өтініштен аспайды. Облыстық білім беру басқармалары мен облыстық әкімдіктер “Болашақ” бойынша жастарды оқытуға айрықша көңіл бөлгендері абзал”, – деді.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.