• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
20 Тамыз, 2010

Жарыстар күнделігі

449 рет
көрсетілді

Жеңіл атлетика. Вьетнам аста­насы Ханой қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігінен Қазақстанның балғын спортшылары тамаша табыспен оралды. Біздің жеткіншектер чем­пио­натта 8 медальді тізбелесе, соның 5-уі алтын болып шықты. Атап айтқанда, 100 және 200 метрлерге жүгіруде алматылық Юлия Гаври­лова алдына ешкімді салмаса, бұл жетістікті 4x100 метрлік эстафетада қыздар тобы (алматылықтар Әйгерім Шынасбекова, Виктория Зябкина, Юлия Гаврилова, қарағандылық Ольга Блудова), биікке сырықпен секіруде алматылық Никита Филип­пов, 3 000 метрге кедергілер арқылы жүгіруде қостанайлық Зарина Мең­таева қайталады. Тағы бір биікке сырықпен секірушіміз Сергей Григо­рьев, кедергілі 400 метрге жүгіруде петропавлдық Светлана Загорднева – күміс, 10 000 метрге спорттық адым­мен жүруде алматылық Ш­пан Қожахметова қола медальдардың иегерлері атанды. Волейбол. Иранның Уруми қала­сында ІІ Азия кубогы үшін жарыс аяқталды. Ширек финалда Қытайдан 1:3 есебімен ұтылған Қазақстан волейболшылары 1/4 орын үшін таласта Австралиядан 0:3 есебімен тізе бүгіп, 7-8 орын үшін шайқаста жапондарды 3:1 етіп жеңді. Ал жеңіс тойын турнирде бірде-бір жеңіл­меген Иран командасы тойлады. Баскетбол. Ливан астанасы Бей­рут қаласында өтіп жатқан Стан­ко­вич кубогы үшін жарысқа қатысқан Қазақстан құрамасы ширек финалға шықты. Турнирдің “А” тобында 4-ші болған біздің ойыншылар енді ек­інші топтың екінші кәрзеңкесі атан­ған Ливан құрамасымен күш сынасады. Қазақ баскетбол ұжымы бұған дейінгі ойындарын мынадай есептермен аяқтады: Ирак – 76:65, Тайвань - 64:80, Иран – 80:67, Жапония – 57:100. Футбол. Тамыздың 17 және 18-і күндері Чемпиондар лигасында кезек­ті үшінші плей-офф раун­дының бі­рінші ойыны болып өтті. Бұл күндері ресейлік “Зенит” фран­цуздың “Осе­рін” 1:0 есебімен ұтса, украи­налық “Динамо” Голландия­ның “Аяк­сімен” 1:1 болып тең ой­на­ды. Тамыздың 17-сінде Еуропа ли­га­сында да осындай плей-оффтың ал­ғашқы екі ойыны ойналды. Мұнда грек­тің “Арисі” Авс­трияның “Аус­трия­сын” 1:0, түріктің “Бешикташы” финнің ХИК коман­дасын 2:0 есеп­терімен жеңді. Ал “Ақ­төбе” ко­ман­дасы кеше түнде Гол­лан­дияның “Алкмаар” командасымен қо­нақта бірінші ойынын өткізді. “Егемен-ақпарат”.