• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
20 Тамыз, 2010

Атамекен жыршысы

895 рет
көрсетілді

Қазақстанның халық әртісі, Мемле­кеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті композитор Ескендір Хасанғалиев Ақ­жай­ық жұртшылығы алдында шығарма­шылық есеп берді. Аталған кеш “Айнал­дым, елім!” деген тақырыппен өткізілді. Бұл бүгінде қазақ ән өнерінің танымал тұлғасына айналған өнер өкілінің ақ адал сыры, елі мен туып өскен топы­рағына деген қалтқысыз көңілі десе де болады. Композитордың елу жылға таяған шығармашылық қызметінде Отан, ана, туған жер, махаббат тақырыптары айрықша орын алады. Солардың ішінде кең байтақ қазақ жеріне, оның киелі де қасиетті топырағына деген шексіз махаббат пен сүйіспеншілікке толы “Атамекен” әнінің шоқтығы биік. Кең тыныс пен асқақ пафосқа құрылған бұл әнді иісі қазақ жұртшылығы ұзақ жылдар бойы шабыттана шырқап келеді. Тіпті, тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде “Атамекеннің” екінші бір тынысы ашылып, ол отаншылдық сезімді одан әрі тереңдетуге ықпал жасай алғаны өзімізге белгілі. Кейін әннің атауы Ескендір Хасанғалиев әндерін орындаушылардың республикалық “Атамекен” фестиваліне берілді. Бұл айтулы шара бұдан он жыл бұрын Орал қаласында шымылдығын түрген-ді. 2006 жылдан бастап ол халықаралық ән фестивалі деңгейіне көтерілді. Шын мәнінде жақсы ән мен әсем әуен жал­пы адамзаттық ортақ құндылық болып табы­лады. Ол тіл мен шекара таңдамайды. Алыс пен қашықтықты білмейді. Есағаның шығар­ма­шы­лық қызметіне де осындай өміршеңдік тән деуге болады. Айталық, Оралда өткізілген “Айналдым, елім” атты өнер майталманының есебі кезінде оған Қытайдан арнайы келген 2008 жылы өткі­зілген халықаралық “Атамекен” ән фести­валінің жеңімпазы Мәдина Рахман былай деді: мен биыл Чехия елінде өткізілген әлемдік ән фести­валінде Ескендір ағамыздың әндерін орындап лауреат атанып, үлкен қуанышпен оралдым. Бұл біріншіден, даусымның мықтылығы, орындау шеберлігімнің мінсіздігі емес, композитор туын­дыларының кез келген адамды тәнті ететіндігі деп есептеймін. Міне, бұл мысалдың өзі де Ескендір Ха­сан­ғалиев әндерінің шекара таңдамайтын әр­лілігі мен мәнділігіне айғақ бола алады. Та­қыр жерге дән шықпайды. Ескендір сынды ке­сек та­лантты дүниеге әкелген Қаратөбе то­пы­ра­ғында өткен ға­сырларда “үш жүзге ән оздырған” әнші-ком­по­зитор Мұхит Мерәліұлы өмірге кел­ген. Оның бай музыкалық мұрасын осы топырақтың тағы бір тарланбозы Ғарифолла Құр­манғалиев бүгінгі күнге жеткізіп бе­ріп кеткені өз алдына бір бөлек әңгіме. Сондықтан да шы­ғар, Ақжайық өңі­рін­де: “Қаратөбеге барсаң әншімін де­ме, Орда мен Жа­ңақалаға барсаң күй­шімін деме” деген нақылға бергісіз тіркес халықтың ау­зын­да жүр. Ашығын айтқанда, Ескендір Хасан­ға­лиев елмен тұрақты байланыс ұстап тұ­ратын оның оңды істеріне сүйсініп, олқы істеріне қынжылыс таныта білетін арлы азамат. Жоғарыда айтылғандай, компо­зитордың өнердегі жолында туған жер тақырыбы айрықша орын алады. Осы жолы да ол Ақжайыққа, кір жуып кіндік кескен жері Қаратөбеге арналған жаңа әндерін жерлестеріне тарту етті. Жасы­ратын несі бар, қай жерде дүниеге кел­гені тек елу, алпыс және жетпіс дей­тін дөңгелек датаға тұспа-тұс келгенде ғана естеріне түсетін шығармашылық иелері жоқ емес. Есағаны мұндай топқа қоса алмаймыз. Ол жүрегі туған жер, егемен еліміз – Қазақстан деп соғатын талант екеніне батысқазақстандықтардың көздері әлдеқашан жеткен. Осы тұрғыда көрнекті композитор Ескендір Хасанғалиевке “Батыс Қазақстан об­лысының құрметті азаматы” атағы берілуі оның елдің мерейі мен мәртебесін кө­те­руге қосқан үле­сіне, елге рухани-шығарма­шы­лық тұрғыдан дем беруіне сай алынған орынды шешім деп білеміз. Сол бір күндерде өнер иесінің өзі де елге келіп қайта бір түлегендей, одан күш-жігер алғандай, алыста қалған бала кезі мен жастық шағына қайта бір оралғандай күй кешті. Темір ҚҰСАЙЫН, Орал.