Жуырда Қарағанды облысы жастарының 2008-2010 жылдарға арналған аймақтық бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты Абай ауданының Абай қаласында VІІ облыстық ауыл жастарының форумы өтті. Екі күнге жалғасқан шараға облыстың тоғыз ауданынан келген делегаттар қатысты. Онда ауыл жастары арасындағы шешімін таппай келе жатқан маңызды мәселелер талқыланды.
Форумға Нұра ауданының делегаттары біркісідей атсалысып өз үлестерін қоса білді. “Бірлігіміз жарасқан!” айдарымен арнайы тігілген киімдермен ерекшеленген Нұра ауданының жастары делегациясын “Жастар кадрлық резерві” жобасының түлегі Байбол Түсіпов басқарып барды. Форумның ашылу рәсімінде Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы Бейсембай Жұмабеков, облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Г.Қаңтарбекова, Абай ауданының әкімі Т.Алтынбеков сөз алып, аталмыш шара жастардың облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласуына ықпал ететінін атап өтті. Рәсім барысында ерекше көзге түскен жастарға облыс әкімдігінің құрмет грамотасы және бағалы сыйлықтары табыс етілді. Олардың арасында Нұра ауданы “Индустриальный” орта мектебінің мұғалімі, Тассуат ауылдық жастар кеңесінің төрағасы Ерқанат Әбдірахманов та бар.
Жұлдыз БАЙДІЛДА, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті.