• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
20 Тамыз, 2010

ENRC барлық сала бойынша өсім көрсетеді

547 рет
көрсетілді

Өткен жартыжылдық  FTSE 100 тізіміне және KASE-нің беделді тізіміне енетін   ENRC үшін тек жаңа өндіріс қуаттарының ашылуы мен тартымды сатып алулармен танымал болған жоқ. Корпорацияның есебі ENRC кәсіпорындарының толық өндірістік қуат күшінде жұмыс істейтіндігін және барлық бөлімшелер бойынша өндіріс көрсеткіштерінің өскендігін көрсетті. Сонымен, ферроқорытпалар өндірісі 56 пайызға, ал феррохром 47 пайызға ұлғайды. Маусым айы­ның соңында өткізілген Метал­лур­гия және минералды ресурстардың халықаралық конгресінде ком­па­нияның бас атқарушы директоры Фе­ликс Вулис Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Ақтөбе ферроқо­рыт­палар зауытында қуаты жылына 440 мың тонна болатын төртінші бал­қыту пешінің құрылысы жай­ында әңгімелеп берді. Бұған қоса, компания Ақсу ферроқорытпалар зауытында қуаты жылына 350 мың тоннаға жететін агломерациялық цех­тың бірінші кезегі құрылы­сы­ның біткендігі туралы хабарлады. Атал­ған цех агломерат, хром және мар­ганец рудаларын өндіретін болады. Бүгінгі таңда феррохром шығару бой­ынша әлемдегі ірі өндірушілердің бірі болып табылатын ENRC өз өн­ді­рісін толық қуат күшінде жүргізуді жос­парлап отыр. Ағымдағы жылдың екінші тамыздағы Credіt Suіsse бол­жа­мы бойынша феррохром өндірісінің көлемі осы жылы тағы бес пайызға артпақ. Топтың темір рудасын өндіру көлемі 46 пайызға ұлғайған. Бастапқы темір рудасы және темір түйіршіктері өндірісі сәйкесінше 41 пайызға және 107 пайызға артты. Маусым айының соңында “Соколов-Сарыбай” кен байыту өндірістік бірлестігінде жылына 75 мың тонна металл прокатын шығаратын зауыт іске қосылды. Компанияның баспасөз хабарламасында былай делінген: “жаңа өндіріс металлпрокаты сала­сындағы серпінді жоба болып та­бы­лады. Металлпрокаты зауыты іске қосылған соң, ССКӨБ тау-кен өндіруші кәсіпорындар қатарынан металлургиялық кәсіпорындар тізі­міне еніп, жаңа сатыға көтерілді”. Қазіргі таңда темір рудасын өндіру бойынша бірқатар жобалар қарастырылу үстінде. Солардың бірі – құны 440 миллион АҚШ доллары және қуаты жеті миллион тонна болатын байыту зауыты. Кластерлік сипаттағы даму ком­панияның глинозем және алю­миний секторында да көрініс тап­қан: алюминий өндіруді қамта­ма­сыз ету мақсатында Қазақстан элек­тролиз зауытының негізінде жы­лына 150 миллион күйдірілген анод шығаратын цех құрылысы жүр­гізілуде. Қазір таңда анодтар Қы­тайдан импортталуда. Ком­па­ния ағымдағы жартыжылдықта 103 мың тонна алюминий өндірді.          Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыс­тырғанда 69 пайызға жоғары. Бок­сит пен глинозем өндірісі сәй­ке­сінше жеті пайызға және үш пай­ызға өскен. Сонымен қатар, компа­ния глинозем өндіруді 1,7 миллион тоннаға арттыру жұмыстары туралы да хабарлады. Бұл жобаға 305 мил­лион доллар инвестиция тартылған. Жоба 2011 жылға қарай толық жүзеге асырылады. 2010 жылы ма­мыр айында Қазақстан электролиз зауытының екінші кезегі құры­лы­сы­ның аяқталуы алюминий өндіру көлемін біршама ұлғайтты. Нәти­жесінде, 2010 жылдың мамыр айын­да  кәсіпорынның өндірістік қуа­ты жылына 250 мың тонна бастапқы алюминий шығаруға же­теді. Салтанатты ашылу рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев зауытты серпінді жоба деп атап, ол “Қазақстанның “қанатты металл” өндіруші мемлекеттер қатарына қосылуына жол ашады” деді. Зауыт құрылысына шамамен 900 миллион доллар қаражат жұмсалған. Энергетика бөлімшелері фер­ро­қорытпа, алюминий және темір рудалы кәсіпорындар өндіріс қуат­тарының өсуіне сәйкес өз өнді­ріс­терін де ұлғайтты. Кәсіпорын­дар­дың электр энергиясына деген үде­ме­лі қажеттіліктерін қанағаттан­дыру мақсатында қуаты 325 МВт болатын екі энергоблокты жөндеу үшін компания шамамен 460 миллион доллар қаражат жұмсамақ. Өнімдер портфелін ілгері әр­та­раптандыру және географиялық қа­тынасу мақсатында топ бірінші жар­тыжылдықта M&A бойынша бір­неше келісімдерге қол жеткізді. Замбиядағы мыс пен кобальт өн­діруші Chambіshі кәсіпорнының активтері, Оңтүстік Африкадағы көш­басшы платина өндіруші кә­сіпорын Northam Platіnum акция­сының 12,2 пайызы сатып алынды. Бірінші жартыжылдықта мыс пен кобальт рудасы өндірісі сәйкесінше 729 және 479 мың тоннаны құрады. Британдықтарды FTSE 100 индексіне енетін компаниялардың операциондық қызметі алаңдатса, қазақстандықтарды компанияның отандық индустрия мен әлеуметтік салаға көрсететін көмегі қызық­ты­ра­ды. Топтың барлық кәсіпорын­дары аймақтардағы ірі әрі қала құ­рушы кәсіпорындар болып та­бы­лады. Феликс Вулистің айтуынша, алдағы жылдары 5,9 миллиард доллар кө­лемінде күрделі шығын­дар жос­пар­ланған. Оның 5,3 мил­лиарды Қазақ­станға инвестиция­лана­ды. Жылдың соңына дейін күрделі шығындар шамамен жарты миллиард долларды құрайтын болады. Жыл басында таратылған ENRC-дің баспасөз хабарлама­ларын­да компания Павлодар, Ақтө­бе, Қарағанды және Қостанай облыстарының әкімдіктерімен жиынтығы 4,8 миллиард теңге болатын қарым-қатынас туралы Меморандумға қол қойды. Мемо­рандумда тұрғын үй құрылысы, медициналық және білім беру ме­кемелерін салу, инфрақұрылымды дамыту, мәдениет пен спортты қолдау қарастырылған. Сонымен қатар, ағымдағы жыл­дың екінші тоқсаны мен тамыз айының басында жарияланған жар­тыжылдық нәтижелері бойынша британдық, қазақстандық және ресейлік талдамашылардың ком­пания акцияларының тартымды­лығы туралы пікірлері дәл келеді. Ресейлік Юникредит Секьюритиз бесінші тамызда былай деп жазады: “ENRC 2010 жылдың 2-тоқсанында жақсы нәтижелер көрсетіп, кәсіпорындардың толық өндірістік қуатта жұмыс жасайтындығын хабарлады. Сондай-ақ, компания өндіріс көлемінің ұлғаюына қол жеткізді”. Беделді Morgan Stanley 18 тамызда жариялаған шолуында компания акцияларын сатып алуға кеңес бере отырып, былай деп жазады: “ENRC тұрақты қаржылық баланс көрсетеді. Біздің болжам­дарымыз бойынша, компанияның өсуі жалғасын табуы мүмкін”. Со­нымен қатар, 18 тамызда Cіtіgroup былай деп жазады: “ENRC – өзіндік құны ең төмен хром және алюминий өндірісінің иесі. Өзіндік электр энергиясының болуы баға үшін артықшылықтар береді. Біз ENRC күшті баланс пен опер­циялық икемділікке ие деп санай­мыз. Бұл нарық өзгерістеріне тез бейімделуге жол ашады”. Шынында да, компания өнім құнын әрі қарай төмендету туралы бірнеше рет хабарлаған. Айталық, Ақтөбе ферроқорытпа зауытында ло­гистика мен жұмыс үдерісін оң­тай­ландыру арқасында энерге­ти­ка­лық шығындарды алты пайызға қыс­қартып, өндірісті үш пайызға арттыруға қол жеткізді. Осындай игі бастамаларды басқа да фер­ро­қорытпа зауыттарында жүзеге асыру жоспарлануда. FAІRFAX төртінші тамызда жарық көрген есебінде былай дейді: “ENRC барлық өндіріс саласында сәтті жұмыс жүргізуде. Ферро­қо­рыт­палар бөлімшесінің елеулі тү­зе­луі сатылымға жағымды әсер етуі тиіс. Жалпы, ENRC аталған нарық­та өзінің стратегиялық тиімді пози­циясын пайдалануға ерекше мүм­кіндікке ие”. Ілияс ОРАҚБАЙ.