• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
20 Тамыз, 2010

Неміс дипломаты Ақтөбе өңірінде болды

456 рет
көрсетілді

Ақтөбеге Германияның Алматыдағы бас консульдығының бас консулы Герольд Амелунг бастаған делегация келді. Делегация мүшелері облыс орталығында бірқатар кездесулер өткізді. Ал бұл сапарды Германия Сыртқы істер министрлігі Гете институтымен бірлесіп Германияның Қазақстандағы жылы аясында ұйымдастырып отыр. Қонақтар облыс әкімі Елеусін Сағындықовпен кездесті, онда екі елдің арасындағы экономикалық және сауда байланыстары, өзара достық қарым-қатынастар төңірегінде риясыз әңгіме өрбіді. Облыс аумағында Германияның 10-ға жуық компаниясы жұмыс істейді. Олардың қатарында мұнай-газ ұңғыларын барлау және бұрғылау жұмыстарын жүргізетін “ИТАГ-ЖЭ” бірлескен кәсіпорны, экспедиторлық және көлік қызметін көрсететін “Логистик Партнерс” ЖШС, су, газ және жылу есептегіштерін шығаратын “Ценнер-Ақтөбе” ЖШС, сыра, тамақ өнімдерін өндіретін “Альянс Сити” ЖШС және басқалары бар. Бұлар өңір экономикасын дамытуға өзіндік үлес қосып келеді. Кездесу кезінде олардың қатарын алда да толықтырудың мүмкіндіктері мол екендігі атап өтілді. Әсіресе, немістердің қайтара өңделген энергия алудағы және басқа саладағы озық технологиясы қызықтырады. Облыстық әкімдікте бас консуль Герольд Амелунг бастаған  делегация мүшелері  облыстық басқармалар мен департаменттер басшыларымен және кәсіпкерлермен де  кездесті. Онда Германия инвестициясын облыс экономикасына тарту, өзара экономикалық байланысты одан әрі дамыту, жаңа озық технологияны енгізу мүмкіндік­тері сөз болды. Бас консуль бұл кездесуді бо­лашақтағы іргелі істердің бастапқы қадамы, үлкен инвестициялық жобаларды  бірігіп игерудің  бастамасы ретінде бағалады. Ақтө­белік кәсіпкерлер Германия инвестиция­сының үлкен өндірістік жобаларға әлі де аз тартылып отырғанына тоқталды. Бас консуль бастаған делегация, сондай-ақ  “Достық” үйінде болып, осындағы этникалық немістердің “Возрождения” мәдени ұйымының өкілдерімен кездесті. Ал түстен кейін “Осы заманғы Герма­ния”  және  “Германияда жасалған қайта өңделген энергия” DENA технология көшпелі көрмелерінің ашылуына қатысты. “Осы заманғы Германия” көрмесіне бер­линдік фотограф Торстен Эльгердің  осы ел­дің көп қырлы қоғамдық, әлеуметтік және мә­дени өмірін айшықты көрсеткен 30 суреті қойылған. Фотосуреттер қазіргі Германия­ның әсем табиғатын, сәулеті келіскен қазіргі заманғы және тарихи ғимараттарын көз ал­дыңызға әкеледі. Ал “Германияда жасалған қайта өңделген  энергия” көшпелі көрмесіне келушілер 24 баннерден 13 қайта өңделген энер­гия технологиясымен таныса алады. Олардан жел, күн, геотерьмалдық, фото­элек­тр­лік және басқа қуаттарды алудың техно­ло­гиясы жайлы кең мағлұмат алуға болады. Көрме тек ақпараттық сипатта болып қана қоймай, Германия мен Қазақстан арасында  осындай технологияға қызығушылық ту­ғы­зу­ға ықпал етеді деп күтілуде. Көрменің ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалова қазақы дәстүрмен бас консуль Герольд Амелунгтің иығына шапан жапты. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.