Сайлау Қырғыздарды біріктірсе жақсы
Қырғызстанда парламент сайлауы 10 қазанға белгіленді. Бұл сайлаудың қырғыз ағайындар үшін маңызы зор. Ең алдымен ел парламенттік жолды қалаған соң, негізгі биліктің негізі осы сайлауда қаланады. Сонан соң алауыз ағайынның басы біріксе екен дейсің.
Бірлік – уәжге тоқтайтын жерде. Қырғыз ағайындарда әзірге сол уәжге тоқтау болмай тұр. Бүгінгі достар ертең бітіспес қарсылас болып шыға келетіні жаман. Бар үміт – сайлауда. Қырғыз ағайындар уәжге тоқтап, қырқысуымыз жетерлік болды ғой, енді мына сайлауды әділ өткізейік те, жеңгеніміз тізгін ұстап, басқамыз соның айтқанына көнейік десе, іс оңалары анық. Саяси ойыннан мезі болған бұқара халық, әрине, соны қалайды.
Қырғыз елінде не көп, партия көп. Қазір онда 148 партия тіркелген екен. Үстіміздегі сәуір төңкерісінен кейін жаңадан 28 партия тіркеліпті. Осы партияларға байланысты елдің қазіргі уақытша президенті Роза Отунбаеваның мына бір сөзі нақылға айналғандай болып тұр: “Парламентте партиялардың көп болғаны жақсы. Әрине, ол – сапырылыс, сөйтсе де, сол сапырылыстың көшеде емес, осында болғаны жақсы”.
Сол көп партияның сайлауға қаншасы қатысатыны белгісіз. Әзірге 57-сі тіркеліпті. Бұдан бұрынғы парламент сайлауына 12-ақ партия қатысқан. Содан орын алғаны одан да аз. Биыл да одан көп бола қоймас. Бірақ осы сайлаудағы бір жаңалықты атап айтқан жөн. Мұнда бір партия парламенттегі 120 орынның 65-нен артық ала алмайды. Тіпті 90 пайыз дауыс жинаса да, содан аспайды. Қалған 55 орынды басқа партиялар бөліседі. Бұл біраз партияның мүмкіндігін арттырумен қатар, парламентте оппозицияға жол ашады.
Ал қай партияның қандай мүмкіндігі бар дегенде, сарапшылар бұрынғы оппозициядағы “Ата мекен”, Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы және “Ақшұмқар” партиясын атайды. Бұларды қазіргі уақытша үкіметке мүше болған Өмірбек Текебаев, Алмазбек Атанбаев және Темір Сариев басқарады. Парламенттегі орындарды негізінен осылар бөліссе керек. Кешегі сәуір төңкерісі кезінде одақтасқан бұл партиялардың арасында қазір өзара кикілжің бар, оны уақытша үкіметке оппозиция болған партиялар пайдалануы әбден мүмкін.
Алғашында партия көсемдері бір-бірімізді жамандамайық, бағдарламаларымызды айтып, адал күресейік десе де, қазір тартыстың қатал да шиеленісті болатыны аңғарылып отыр. Бірін-бірі жамандау, әшкерелеу басталып кетті. “Ата мекен” партиясы Украинаның социал-демократтарының бағдарламасын ұрлап алған деген сөз шықты. Бірақ негізгі мәселе дауыс беруді қалай ұйымдастыруда болмақ.
Осы жерде күрес емес-ау, нағыз айқас басталып кетті. Алғашында жұрт тұрған жерінде дауыс береді деп келісілсе, соңғы сәтте президент Роза Отунбаеваның жарлығымен тіркелген жерде дауыс беру тәртібі енгізілді. Бұған уақытша үкімет басшысының орынбасары Өмірбек Текебаев бірден қарсы шығып, тіпті ешқандай әдепке сыймайтын әрекетке барды. Ол президент жарлығын үкімет мәжілісінде жыртып тастап қана қоймай, президент әкімшілігінің жетекшісі Еділ Қаптағаевтың бетіне лақтырып жіберді. Бұл билік басындағылардың арасында үлкен алауыздық барын, ол бара-бара қатты ушығып кететінін аңғартады.
Текебаев дауыс берудің бұл тәртібіне неге қарсы дегенде, ол жергілікті биліктегі өз адамдары арқылы дауыс беруге ықпал жасау мүмкіндігінен айырылуы ықтимал. Соған ашынған ол әдепті жыйып қойып, бұзықтықтан да тайынбайтынын көрсетті. Мұндай адамдар билікке барса, ел тағдыры не болмақ?
Тағы бір шошынарлық жай: партиялық күрестің қарулы күреске айналып кету қаупі бар. Қазір негізгі партиялардың, олардың көсемдерінің жанында қарулы жасақтар бар, елде қару көп деген сөз айтылады. Бұл жақсылыққа апармайтыны анық.
Парламент сайлауы қырғыз ағайындарға үлкен сын болғалы тұр. Сүрінбей өтсе екен дейік.
Ресейде бір ғана президент болуға тиіс
Қазір Ресейдегі үлкен әңгіменің бірі ел аймақтары басшылары қызметінің атауын бір ізге түсіру туралы болып отыр. Көп сөздің түйіні: “президент” атауы тек ел басшысына ғана берілуі тиіс те, аймақ басшылары басқаша аталуы керек.
Алғашында мұнда тұрған не бар, қалай аталса да бәрібір емес пе деушілер көп болғанымен, кейінірек жұрт пікірі көбейгеннен кейін оның айтарлықтай астары барлығы аңғарылып келеді. Бұл мәселе Чешенстанның басшысы Рамзан Қадыровтың кездейсоқ айта салған пікірі емес, биліктің жоғары эшалонында ойластырылған әңгіме екені айқындала бастады.
Алғашқылардың бірі болып елдің жетекші партиясы “Единая Россия” үн қатты. Оның парламенттік фракциясы Ресей Федерациясы нысандары басшылары мен заң шығарушы органдарының атын бір ізге салу туралы заңды қолдап дауыс береміз деді. Олар көпшілік дауысқа ие, басқалар қарсы болса да, бұл заң қабылданады деген сөз.
“Мұндай ұсыныс қолдауға лайық” – дейді Мемдума вице-спикері, “Единая Россия” партиясы бас кеңесі алқасының хатшысы Вячеслав Володин. Бұл ұсынысты қолдаушылардың арасында белгілі саясаттанушылар, көсемсөзшілер, белгілі қайраткерлер бар. Ресейде президент атауы бір-ақ адамға, дәл қазір Медведевке ғана берілуі тиіс. Ал қазір бұл елде 13 президент бар екен.
Мұның бәрі 1991 жылдан басталған. Михаил Горбачев пен Борис Ельцин өздерін президент деп ататқан соң, оны Татарстанның Жоғарғы кеңесінің төрағасы Минтимер Шаймиев іліп алып кетіп еді, басқалар да қостай жөнелген. Бұл атауға байланысты ол басқарған нысанның мәртебесі де біршама өзгереді, белгілі дәрежеде оның егемендігі көрінеді. Ол елдің облыс, өлке сияқты тікелей әкімшілік бір бөлігі ғана емес, этностық сипаты бар құрылым екені аңғарылады. Соған орай өзінің азын-аулақ болса да ерекшелігі болуға тиіс.
Ресейліктерді, оның билігін шошындыратын да, Қадыровтың “ұсынысын” құлшына қолдататын да сол азын-аулақ ерекшелік, болар-болмас егемендік. Оны біреулер астарлап айтса, енді біреулер ашық айтады. “Президент” атауынан бас тартудың да сәті енді туып отыр. Оны сонау 90-шы жылдардан арқалап келе жатқан Минтимер Шаймиев пен Мұртаза Рахимовтың кезінде сөз етуге болмас еді. Олар бұл атаудан бас тартпаса, олармен дауласып жату да ыңғайсыз. Ал олардың орнын басқандардың аузын ашпасы анық. Қадыровтың бұл атаудан өзінің пірі саналатын Путиннің президенттігі кезінде бас тартпай, бүгін “ақылы кіруінің” мәні сонда.
Бұл пікірді “Известия” газеті айтып отыр. Тіпті бұдан да тереңдетіп, қаттырақ айтады. Жириновскийдің сандырақтары сияқты. “Иә, ешқандай башкортстандар, саха-якутиялар, ингушетиялар және адыгейлер керек емес. Ешқандай да титулды ұлттық республикалардың керегі жоқ, егер ұлттық сипаты болса, топонимдік элемент үшін ғана алуға болар, тіпті ол нақты күш болған күнде де. Уфа облысы, Лена өлкесі, Терск округі – этникалық кландар емес, адамдар өмір сүретін аймақтар осылай аталуға тиіс”. Одан әрі оқудың өзі қиын. Ұлттық-аймақтық құрылымдар Ресейдің мемлекеттігінің басты қаупі деген ой негізделеді. Қисынға қарағанда, бүгін бұл елдегі этникалық нысандар басшылары қызметінің атауы өзгерсе, ертең сол нысандардың атауы да өзгеруіне негіз қаланып жатқандай.
Ресейде бүгінгі күні 21 республика бар, оның 13-інің басшысы “президент” деп аталады. Енді оның барлығы да басқаша аталатыны күмәнсіз. Өйткені, олардың Ресейдей ұлы державаның басшысымен бірдей аталуға құқы жоқ. РФ Саясат және мемлекеттік құқық институтының директоры, РФ Қоғамдық палатасының мүшесі Виталий Ивановтың пікірінше, бұл елде тек бір президент болуға тиіс. Тек біреу ғана. Әйтпесе, ұят болатын көрінеді.
Мамадияр ЖАҚЫП.