Жақсы ауданындағы “ТНК” агрофирмасының басшысы, белгілі кәсіпкер Батыр Уәлиев өңірдегі әлеуметтік серпіліске елеулі үлес қосып жүрген азамат. Оның бастамасымен ауылда заманауи спорт мектебі ашылып, саламатты өмір салты қалыптасып келеді. Басқасын айтпағанның өзінде, мұнда әлем және Азия чемпиондары тәрбиеленіп шыққанының өзі баршамызға мерей.
Жергілікті кәсіпкер өткен жұма күні жұртшылықты 800 адамға лайықталған жаңа мешіттің ашылу салтанатына шақырды. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров қатысып, жамағатты Рамазан айының шарапатты күнімен құттықтады. Күмбезді мешітте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі, Науан хазірет атындағы Көкшетау мешітінің бас имамы Қанат Қыдырмин және аудан имамы Болат Тұрғанұлы уағыз айтып, біздің елде де мұсылмандық жол адамдардың күнделікті тіршілік үрдісіне айналатынына сенім білдірді.
Елді имандылыққа тәрбиелеудің бір ошағы саналатын мешіттің іші жамағатқа толы болуына тілектестік білдірген Батыр Уәлиев аудан имамына жаңа “Ваз-2107” автокөлігінің кілтін тапсырды.
Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы.