• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
21 Тамыз, 2010

Сасқаны ма, салбырағаны ма?

444 рет
көрсетілді

Газетіміздің тілшілер қосынына Петро­павл қала­сының тұрғыны С. Мұстафина телефон  арқылы хабарласып, қалаға кіре беріс тоғыз жолдың тора­бында адам сенгісіз  жарнаманың ілініп тұрғанын жет­кіз­ді. Бардық. Көрдік. Жұртшылық әрлі-берлі көп қатынайтын Мамлют тас жолы бойында  “Ресейге қош келдіңіздер!” деген жарнамалық билборд “мені көрдіңдер ме?” дегендей,  аспанмен таласа асқақтап тұр.  Ірі әріптермен өрнектеліп, назарды еріксіз ау­дартады. Ай-күннің аманында Қазақстан мен Ресейді шатастырып алған кім екен деп іздеу салдық. Сөйтсек, елді алатайдай шапқынға түсірген  “Архстрой” ЖШС болып шықты. Агенттік басшы­лары баннер сызба жобасының Алматыдағы бас компанияда бекітілгенін, өзгертуге құқықтары жоғын айтып зар илегенімен, ішкі саясат бөлімін иландыра алмады.  Кейін анықталғандай,  мәдениет және тіл­дерді дамыту бөлімінен жазулардың заң талаптарына сәйкестігіне ғана келісім алып, ресейлік банк филиалы жанына ілеміз деген уәделерінен тайқып шыға келген. Осылайша заңсыз іс-әрекеттерге тосқауыл қойылып, сорақы жарнама алынып тасталды. ТІЛШІ ТҮСІНІКТЕМЕСІ: Петропавл қалалық ішкі саясат бөлімі  мүдделі мекеме-ұйымдармен бірлесе отырып жарнамаларды, хабарландыруларды, маңдай­ша­дағы жазулар мен атауларды, басқа да көрнекі ақпараттарды бірізге түсіру, мемлекеттік тілде және саяси жағынан дұрыс жазылуын қадағалау мақсаты­мен тексеру рейдтер жүргізуді  қолға алды. Бұл—өте құптар­лық шара. Өйткені, облыс орталығында басқа тілдегі жазулардан әлі де көз  сүрінеді. Осындай келеңсіз­діктерге тоқтау салмаса, мемлекеттік тілімізге шекесінен қарай­тын­дардың қатары азаяды дегенге  сену қиын. Енді мына “қызықты” қараңыз. Орны  үңірейіп, бос қалған баннерде “1941-1945” деген жазу пайда болыпты. Безендірілуі мен сапасының төмендігіне қарағанда,  көрнекі жарнама пайда көзіне айналып кеткен секілді. Әлде Ұлы Жеңіс  мерекесі естеріне енді ғана түсті ме екен? Өмір ЕСҚАЛИ, Петропавл.